Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сала ардагерлері әріптестеріне қолдау көрсетуде

Сала ардагерлері әріптестеріне қолдау көрсетуде

Сырдария аудандық полиция бө­лі­мі жанындағы Ардагерлер кеңе­сінің тө­р­ағасы Марат Еспенбетов бастаған құ­қық қорғау органдары саласының ар­дагерлері әріп­тес­теріне қолдау көр­се­туде. Тәжірибесі мол, кәсіби білік­тілігі жоғары аға буын өкілдері тосқауыл бе­кетінде тұрған тәр­тіп сақшыларына ба­­ғыт-бағдар беріп, ел тыныштығын қам­­тамасыз ету жұ­мыс­тарына бірнеше күннен бері белсенді түрде атсалысуда. «Бұл біз­дің ортақ міндетіміз. Құқық қорғау органдарының ардагерлері ре­тінде елдігіміз бен егемендігімізді сақ­тау жолында күш біріктіруге әркез дайынбыз» дейді сала ардагерлері.

Сырдария аудандық полиция бөлімі жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Еспенбетовтің айтуын­ша, басы бейбіт шерумен басталып, соңы лаң­кестік іс-әре­кеттерге ұласқан дүрбелеңнің алғаш­қы күні­нен бас­тап сала ардагерлері бас қосқан. Өзара ақыл­даса келе Президент шешімдерін қол­дау­ға, халық­қа төтенше жағ­дай режимін сақтаудың маңызды­лығын түсіндіруге, сондай-ақ қажет болса ел қор­ғау шебін­де болуға дайын екендіктерін жеткізген. 45 пен 60 жас аралығындағы ардагерлер күшейтілген жұмыс режимі­не көшкен әріптестері үшін үйлерінен ыстық тамақ әзір­леп, азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуді де ойластырған.

– Қиын әрі күрделі кезеңнің ауыртпа­шылығын бір­лік­пен, ынтымақпен жеңетініміз анық. Мемлекет бас­шысының батыл әрі уақтылы шешімдері Қазақстан­ның бейбіт және қалыпты өмірге тез оралуына мүмкін­дік беретініне сенеміз. Аудандағы құқық қорғау сала­сы­ның ардагерлерінің және же­ке өзім­нің атымнан қаза тапқандардың туған-туыстарына қайғылары­ңызға ор­тақ­та­сып, көңіл айтамын. Зардап шеккен азаматтар­дың тез арада сауығып кетуіне тілектеспіз, – дейді Марат Еспенбетов.

Айта кету керек, сала ардагерлері тос­қауыл беке­тіндегі аудан тыныштығын қам­та­масыз етіп тұрған тәр­тіп сақшыларын материалдық, моральдық тұрғыдан көмектесу­ден бөлек, дініміз бен дәстүрімізге сай игі істерді де атқаруға бастамашы болған. Атап айтқанда, қақтығыстар салдарынан қаза болған азаматтардың рухына Құран бағыштаған. Осы ретте, аудандық полиция бөлімінің бастығы, аудан комендаты Н.Ибраев ардагерлердің көмегіне жеке құрамның атынан ризашы­лығын білдірді.

– Аға буынның, ардагерлеріміздің көмегі мен қолда­уы, ағалық ақыл-кеңесі біз үшін әркез қажет. Осынау қи­ын кезеңде де ардагерлер біздің жанымыздан табылды. Уақытпен санас­пай, барлық көмекті көрсетті. «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деген батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының даналық сөзін басшылыққа алар болсақ, тәртіп пен талапты орындаудың үлкенге де, кішіге де нақты міндет жүктейтінін аңғарамыз. Сондықтан бірлігі бекем, тірлігі көркем аудан жұртшылығының қиын ке­зеңде заңға бағынып, тәртіп бұзбағанын қалаймыз. Біз қиын­дықтың бәрін бірлікпен жеңеміз, бұл – өтпелі кезең, – деді аудандық полиция бөлімінің бастығы, аудан комендаты Н.Ибраев.

Иә, еліміз үшін, халқымыз үшін қиын сәтте Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың осы күндері қабылдаған әрбір шешімдері, әрбір қадамдары ел тағдырын қорғауға және сақтауға бағытталған. Сон­дықтан бірінші күннен бас­тап Сырдария аудандық полиция бөлімінің ардагерлері Мем­лекет басшысының барлық бастамаларына жан-жақты қолдау көрсете отырып, заң шеңберінде нақты жұмыс жасауда. Бұл – жүйелі жұмыстардың жемісі, бір­лік пен ынтымақтың жарқын көрінісі.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ 

15 қаңтар 2022 ж. 287 0