Жұмысты жандандыруды тапсырды
Аптаның бейсенбісінде аудан әкімі М.Ергешбаевтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өткізіліп, күн тәртібінде негізгі екі мәселе талқыланды. Аудан басшысы жылдың екінші айының аяқталуға жақын қалғанын айтып, бірінші тоқсан қорытындысы бойынша белгіленген жоспарлардың маңыздылығына тоқталды.
Мәжілісте талқыланған бірінші мәселе бойынша аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Б.Смайлов хабарлама жасады. Аудандағы қоғамдық-саяси ахуал және ауданның оң имиджін қалыптастыру бағытында жүргізілген жұмыстарды жария еткен бөлім басшысы талдау қорытындысына кеңінен тоқталды.
– Қазіргі таңда ауданның қоғамдық-саяси ахуалы тұрақты негізде сипатталады. Жыл басынан бері наразылық тудыратын, көңіл толмаушылық танытуға ниет білдірген митинг, пикетті аудан көлемінде өткізу туралы өтініштер тіркелген жоқ. Аудандық қоғамдық даму бөлімімен аудан көлеміндегі қоғамдық-саяси ахуалға күнделікті зерделеу жұмыстары жүргізілуде. «Қызылорда облысының ықтимал әлеуметтік шиеленіс ошақтары картасына» сәйкес жер және апатты тұрғын үйлер мәселесі бақылауға алынған. Мәселе көтерілуі мүмкін жағдайлар бойынша түсіндірмелер жүргізілді. Аудандағы қоғамдық-саяси ахуал бойынша «Регион Юг-Запад» қоғамдық бірлестігі арқылы әлеуметтік сауалнама былтыр төрт рет жүргізілді. Нәтижесінде кешенді зерттеуді талап ететін өзекті мәселелер бар екені анықталды. Оның ішінде денсаулық сақтау саласына көңіл толмаушылық, жұмыссыздық, азық-түлік пен киім бағасының өсуі, несие төлеу проблемасы бар. Көтерілген мәселелер бойынша тиісті сала басшыларына, кент және ауыл әкімдеріне сауалнама қорытындысы жолданды. Сондай-ақ қоғамдық-саяси ахуалды тұрақтандыру және әлеуметтік-экономикалық салаларда дағдарыс жағдайлар туындағанда азаматтармен келіссөз жүргізуші жұмысшы тобының алгоритмі бекітілді. Алгоритм бойынша арнайы жұмысшы топ құрылып, жедел әрекет ету бойынша тиісті салалардың іс-әрекеті белгіленді, – деген бөлім басшысы іс-әрекеттер жоспары құқық қорғау органдарына да таратылғанын айтты.
Аудан басшысы М.Ергешбаев қоғамдық-саяси ахуалды тұрақтандыру бойынша бірқатар тапсырмалар беріп, ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды насихаттауды тапсырды. Оның ішінде республикалық телеарналар мен басылымдармен әріптестік байланыс орнату қажеттігіне ерекше тоқталды. Сонымен қатар ауданның төл басылымы «Тіршілік тынысы» газетінің ақпараттандыру жұмыстарын жоғары бағалады.
Келесі мәселе дене шынықтыру және спорт саласын дамытудың негізгі көрсеткішіне арналды. Бұл бойынша аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Ж.Айекешов баяндама жасады.
– Біздің негізгі міндетіміз – спортпен шұғылданушылар санын ұлғайту. Бүгінде аудан бойынша 14 702 спортшы, яғни халықтың 38 пайызы жүйелі түрде спортпен айналысуда. Жастардың спортпен шұғылдануы үшін бірінші кезекте спорт нысандары халыққа қолжетімді болуы тиіс. Мәселен, қазіргі таңда ауданымызда 2 стадион, 5 спорт кешені, 30 спорт залы, 22 жапсарлас спорт залы, 1 тир және спорттық алаңдар жұмыс жасауда. Аудандағы барлық дене шынықтыру және спорт нысандарының саны 134-ді құрайды. 2009 жылдан бастап облыста бұқаралық спортты дамыту мақсатында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы спорт нұсқаушыларын қаржыландыру тәжірибесі енгізілген болатын. Нәтижесінде жалпы білім беру және спорт мектептерінің спорт залдарында оқу үдерісінен тыс уақытта елді мекен тұрғындары бекітілген спорт нұсқаушылары арқылы дене шынықтыру және спортпен шұғылданады. Осындай жұмыстардың арқасында жетістіктер көп.Аудан спортшылары былтыр ҚР чемпионатынан 56, Азия чемпионатынан 6, Әлем чемпионатынан 4 медаль жеңіп алды. Ауданда І разрядты 96 спортшы және 267 спорт шеберлігіне үміткер, 25 спорт шебері, 9 халықаралық дәрежедегі спорт шебері бар. Өткен жылы ауданда барлығы 107 жарыс өткізілді, – деген бөлім басшысы бұқаралық спортты дамытумен қатар бәсекеге қабілетті, біліктілігі жоғары спортшыларды әзірлеу жұмыстарына басымдық берілетінін айтты.
Аудан басшысы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде атқарылатын жұмыстарды жандандыру, мектепте оқитын балалар мен жасөспірімдер арасында футбол лигасын жоғары деңгейде ұйымдастыру, спорт жұлдыздарының қатысуымен ауданда мотивациялық кездесу өткізу, облыстық ауыл спортшыларының «Алтын күз» спартакиадасына тыңғылықты дайындалу бағытында нақты тапсырмалар берді.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ