Медициналық көмек қол жетімді болуы керек
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінде денсаулықты нығайту, алдын алу, емдеу және оңалту бойынша қызметтер денсаулық сақтаудың барлық деңгейлерінде ауыл тұрғындары үшін қолжетімді болуы тиіс екендігі атап өтілген.
Шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда тұратын азаматтарға медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуді және арттыруды жергілікті атқарушы органдар, денсаулық сақтау басқармалары жүзеге асырады.
Ауыл тұрғындарының денсаулығын сақтау үшін медициналық көмектің көлемін жоспарлау кезінде географиялық алыстығы, халықтың тығыздығы, демографиялық көрсеткіштері, жыныстық-жастық құрамының ерекшеліктері және медициналық көмектің қолжетімділігіне әсер ететін өзге де өлшемшарттар ескеріледі.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында атап өтілгендей, бүгінгі таңда ауыл тұрғындарына стационарлық және стационарды алмастыратын жағдайларда мамандандырылған медициналық көмекті 235 медициналық ұйым ұсынады, олардың 227-сі осы қызметтерді алғашқы медициналық-санитариялық көмек деңгейінде көрсетеді.
Халыққа консультациялық-диагностикалық көмек көрсететін 731 медициналық ұйым Қордың жеткізушілері болып табылады, оның ішінде ауылдық денсаулық сақтау деңгейінде - 234 ұйым бар.