Өңір дамуын жоғары бағалады
Сыр еліне Жамбыл облысының делегациясы іссапармен келді. Сапардың мақсаты – өңіраралық әріптестікті нығайту, тәжірибе алмасу және өзара тиімді байланыс орнату. Қонақтарды облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов қабылдады. Кездесуде тараптар әлеуметтік және экономикалық бағыттар бойынша пікір алмасып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады. Делегация өңірдегі ірі жобалармен танысты.
Алдымен балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясына барды. Мұнда бір мезетте 500, ал тәулігіне 3 мың оқушы бассейн, топтық жаттығу бөлмелері, көркем гимнастика және фитнес залдары, үстел ойындарына арналған кабинет, жекпе-жек және үстел теннисі залдарында жаттығады. Барлық залда ұлдар мен қыздарға арналған жеке киім ауыстыру бөлмелері қарастырылған.
Жамбылдықтар 1000 орындық көпфункционалды «Өнер орталығында» болды. Қала сәулетіне айрықша көрік берген бұл ғимаратта симфониялық, эстрадалық және ұлттық өнер бағытындағы концерттер, шығармашылық кештер мен түрлі қоғамдық іс-шаралар өткізіліп келеді.
Мұнан кейін делегация халықаралық стандарттарға сай келетін 11 мың орындық Орталық стадионды аралады. Бұл спорт нысаны УЕФА талаптарына сәйкес салынған және заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Жалпы аумағы 20 мың шаршы метр болатын үш қабатты ғимаратта бокс, дзюдо, грек-рим және еркін күрес, фитнес, спорттық гимнастика, таеквондо және ауыр атлетика залдары орналасқан.
Делегация мүшелері шағын өнеркәсіптік аймақтың жұмысын да көрді. Мұнда 8 өндірістік цех іске қосылып, азық-түлік өнімдерін өндіретін кәсіпорындар шоғырланған, 50-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылып, тұрмыс-тіршілікке қажетті тауарлар өндіруде. Кәсіпкерлерге өз жұмысын бастауға «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы жылдық 3 пайызбен 157 млн. теңге жеңілдетілген несие берілді. Бұл – кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған шаралардың нақты көрінісі.
Қонақтар Сырдария өзенінің сол жағалауындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің жұмысымен де танысты. Мәдени нысан облыс бюджетінен үнемделген қаражат есебінен бой көтерді.
85 жылдық тарихы бар облыстық музейдің бұған дейін типтік үлгідегі ғимараты болмаған.
Жаңа музейде 12 экспозициялық зал халыққа қызмет көрсетуде. Қазіргі уақытта музей қорында 70 мыңға жуық тарихи экспонат сақталған. Оның 25 120-сы түпнұсқа. Қордағы құнды экспонаттар археологиялық қазба жұмыстарының ғылыми негіздемелеріне сүйеніп жасалған алтын киімді «Шірік Рабат сақ жауынгері», алтын әшекейлі «Сығанақ ханшайымы», алтын қылышты «Түгіскен көсемі» және «Жетіасар ақсүйек әйелі» тарихи реконструкциялары ғылыми айналымға енгізілді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі











