Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа көлікпен қамтылды

Жаңа көлікпен қамтылды

Мемлекет тарапынан халық денсаулығын жақсарту мақсатында барлық жағдай жасалып келеді. Оның ішінде аймақта соңғы жылдары бұл бағыттағы жұмыстар ауқымды. Жыл сайын жаңа емханалар салынып, денсаулық мекемелері медициналық құрал­дармен қамтамасыз етіліп келеді. Сонымен бірге, өңірдегі емханалар жедел-жәрдем көрсетуге арналған жаңа автокөліктермен толықтырылуда. Со­ның нәти­жесінде, бүгінде аудандағы медициналық мекемелер арнайы жабдықталған медициналық авто­көліктермен қамтылуда.
Осыған дейін ауданға қарасты А.Тоқмағамбетов елді мекеніндегі дәрігерлік амбулаторияда арнайы медициналық көлік болған жоқ. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсететін дәрігерлер жұмысына кері ықпалын тигізді. Басы ауырып, балтыры сыздаған науқасқа уақытылы жету елді мекендегі медицина қызметкерлеріне айтарлықтай қиындық туғызған болатын. Дәрігерлік амбулаторияның арнайы көлікпен қамтылуын ауыл халқы да мәселе етіп көтеріп жүрді. Биыл қазан айының орта шенінде бұл мәселе шешімін тауып, А.Тоқмағамбетов ауылындағы медициналық мекеме мамандандырылған автокөлікпен қамтамасыз етілді. Қазіргідей карантин кезеңінде медициналық автокөліктің қажеттілігі зор. Сондықтан ауылдық амбулаторияның мамандандырылған көлікпен қамтылуына «СарыаркаАвтоПром» ЖШС демеушілік көрсетті. Атап өту керек, «СарыаркаАвтоПром» ЖШС – шағын торапты әдісімен жеңіл автокөліктер өндірісін іске қосқан Қазақстан аумағындағы алғаш және бірден-бір өндірістік алаң.
Жаңа автокөліктің кілтін аудандық аурухананың бас дәрігері Н.Мырзағалиева А.Тоқмағамбетов ауылдық дәрігерлік амбулаторияның дәрігері Г.Әбдіроваға табыс етті. Бас дәрігер мамандандырылған автокөлік медицина қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетіп, науқасты тасымалдау кезінде жағдайын жіті бақылауда ұстауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сондай-ақ, елді мекен тұрғындарына шұғыл медициналық көмек көрсетуде тиімділігі зор екенін жеткізді. Өз кезегінде ауылдық амбулатория дәрігері де ризашылығын білдірді.
Барлық талапқа сай автокөлік толық заманауи медициналық құралдар­мен жабдықталған. Атап айтқанда, жасанды желдету және оттегімен ингаляциялау, пульс оксиметрі, электрокардиограф аппараттары және қосымша керекті медициналық құрал-жабдықтар бар. Мұндай мамандандырылған автокөліктің науқасты емханаға жеткізуде тиімділігі мол. Сондықтан ендігі жерде А.Тоқмағамбетов ауылының тұрғындарына жедел-жәрдем көрсетуде медицина мамандары арнайы автокөліктің көмегімен жылдам жетіп, шұғыл әрекет ететін болады.

Е.Беркінбаев
20 қазан 2020 ж. 305 0