Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қылмыс 53,5 пайызға төмендеді

Қылмыс 53,5 пайызға төмендеді

Аудандық полиция бөлімімен «ҚР ІІМ-нің ұрлықтарға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2022-2023 жылдарға арналған бағдарламасын» іске асыру бағытында бөтеннің мүлкін ұрлаудың профилактикасы бойынша біршама жұмыстар атқарылды. Бұл жайында аудандық полиция бөлімінің криминалды полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Руслан Аймағамбетов айтып берді:

– Өткен жылы аудан көлемінде ұрлық желісі бойынша 20 қылмыс тіркелді. 2021 жылы 43 қылмыс тіркеліп, салыстырғанда тіркелуі 53,5 пайызға төмендеді. Қыл­мыстың ашылуы 56,5 пайыздан 83,3 пайызды құрады. Нақты талдайтын болсақ, ұялы телефон ұрлығы 3-тен 1-ге, пәтер ұрлығы 4-тен 2-ге төмендеп, ашылу деңгейі 50 пайызға жетті. Алаяқтық қылмыс 5-тен 3-ке төмендеді. Мал ұрлығы бойынша 8-ден 12-ге жоғарылады. Мал ұр­лығының ашылуы 66,7 пайыздан 71,4 пайызды құрады. Жалпы, аудан көлемінде орын алған бөтен мүлкінің ұр­лығы мен мал ұрлығының орын алуын талдау кезінде тұрғындар тарапынан үй-жайларының есік-терезелерінің техникалық бекіністеріне мән бермеуі салдарынан екені анықталды. Яғни, терезенің темір торының, есіктің те­мірден болмауы ұрлықтың орын алуына әкеп соқтырған. Сондай-ақ аулалардың қоршалмауы, қолдағы малдың қа­раусыз өріске жіберу, ұзақ уақыттан кейін малдарының жоқ екендігіне көздері жеткеннен кейін арызданатында­ры белгілі болды, – деді Руслан Аймағамбетұлы.

Полиция бөлімімен мал ұрлығының алдын алу мақса­тында кент және ауылдық округ әкімдіктерімен, ветери­нариялық және полиция инспекторларымен бірлескен комиссия құрылған. Комиссия мүшелері тұрғындар арасында малды GPS – трекерлермен чип салудың тиімділігі түсіндірілуде. Бөтен мүлік ұрлығына қарсы күрестің алдын алу мақсатында тұрғындарға меншігіндегі мал-мү­ліктерінің қауіпсіздігін сақтауға, ұрылардың қолына оңай олжа болуға жол бермеуге күш салу керектігі ескертілуде. Сонымен қатар кент және ауылдық округ әкімдіктеріне үйлерінің есік-терезе бекіністерін күшейту тұрғысында тұрғындарға түсіндіру және малды кезекпен бағу, пада санын көбейту жұмыстарын ұйымдастыру, сырға, ен салу бойынша нақты ұсыныстар берілген.
«ТТ» ақпарат
11 ақпан 2023 ж. 288 0