Ауыл халқымен кездесті
Ел Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826 жарлығына сәйкес ауданда төртінші тоқсандағы халықпен кездесулер өткізіліп жатыр. Кеше аудан әкімі Мұрат Ергешбаев Бесарық, Қоғалыкөл, Шіркейлі ауылының тұрғындарымен кездесіп, мәселелерін тыңдады. Кездесуге аудандық мәслихаттың хатшысы Е.Әжікенов, аудан прокуроры А.Кемалов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Н.Ибраев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы М.Еспенбетов, дербес бөлім мен коммуналдық сала басшылары қатысты.
Тұрғындармен кездескен аудан басшысы алдымен аймақ көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Бүгінде облыс орталығындағы шыны зауытының жандануы, жылу электр орталығының құрылысы, облыс орталығында бастау алған «Өнер» орталығы, «Қан» орталығы, «Аналар үйі» секілді ірі жобаларды атап көрсетіп, мұның өңір экономикасына серпін беретінін жеткізді. Сондай-ақ облыс әкімі тұрғындармен жиі кездесу өткізіп, соның аясында жақын арада аудан орталығында құқық қорғау органдарының басшыларымен бірге сырдариялықтардың мәселесін тыңдағанын атады.
Сонымен қатар аудан басшысы биылғы аудан жетістігіне арнайы тоқталып өтті.
– Аудан су тапшылығына қарамастан мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде аймағымызда ауыл шаруашылық саласындағы «Үздік аудан» атанды. Сырдариялық диқандар 20728 гектарға күріш дақылын орналастырып, әр гектарынан орташа есеппен 64,0 центнерден, барлығы 1 326 592 центнер сыр салысы қамбаға құйылды. Қазіргі таңда ауданда 127 шаруашылық құрылымдары мал шаруашылығымен айналысып келеді. Оның ішінде, 11 шаруашылық асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысуда. Бұл жұмыстардың барлығына да бірліктің, еңбектің арқасында жетіп отырмыз. Аймақ басшысы ауданымызға үлкен қолдау білдіріп отыр. Сол қолдауларды тиімді пайдаланып, алдағы уақытта да осы биіктен түспей жұмыстар атқаралатын болады, – деді аудан басшысы.
Биыл Бесарық және Қоғалыкөл ауылдарында көшелер жөнделсе, Шіркейлі ауылында дәрігерлік амбулаториялық бекет күрделі жөндеуден өтуде. Қоғалыкөл ауылындағы электр желілерін ауыстыру мәселесі бірнеше жиында көтерілген еді. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, ауылда электр желілерімен қоса көше жарығын орналастыру жүргізілетін болады.
Кездесулерде елді мекен тұрғындары аудан әкіміне мәселелерін айтып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
«ТТ» ақпарат