Сот жұмысы цифрландырылған
Былтыр аудандық сотта 63 қылмыстық іс қаралып,33 іс бойынша үкім шығып, 19 іс тоқтатылған. Сондай-ақ 9 іс соттылығы бойынша жолданып, 2 іс прокуратураға кері қайтарылған. Бұл туралы аудандық сот төрағасы Руслан Алдамбергенов баспасөз конференциясында мәлімдеді.
Сот төрағасы алдымен сот саласын реформалау, цифрландыру және заң үстемдігін қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Президент тапсырмасымен және Жоғарғы Сот бастамасымен жүзеге асып жатқан жобалардың ауданда ұйымдастырылуы барысы жөнінде ақпараттармен бөлісті. Руслан Алдамбергеновтің айтуынша, бүгінде аудандық соттағы барлық істер аудио-бейне жазба арқылы өткізілуде. Мұнан бөлек әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің 100%-ы, қылмыстық істердің 97%-ы электронды нұсқада түсіп қаралған.
– Цифрлық технологиялар – сыбайлас жемқорлықтың алдын алады. Сонымен қатар адам мен адам арасындағы байланысты азайтып, сот жұмысын жеңілдетеді. Бұл ретте аудандық сотта жұмыстардың басым көпшілігі цифрландырылған деп айтуға толық негіз бар. Оны ғимараттың кіреберісінен бастап сот өтетін залға дейінгі аралықтан анық аңғаруға болады, – деді Руслан Алдамбергенов.
Жалпы, аудандық сотқа өткен жылы 403 талап қою мен 7 іс түскен. Барлығы 297 азаматтық іс қаралған, оның ішінде 45 іс бойынша сот бұйрығы мен 106 шешім қабылданып, 121 іс өндірістен тоқтатылған. Қараусыз қалдырылған істер де бар. Мәселен, былтыр 21 іс қараусыз қалдырылса, 4 іс соттылығы бойынша жолданған және 3 жеке ұйғарым қабылданған.
Былтыр атқарылған жұмыстардың барысын 2021 жылмен салыстырғанда түскен талап қоюлар мен істердің саны 12%-ға, қаралған істердің саны 13%-ға азайған. Айтып өту керек, былтырдың өзінде аудандық соттың өндірісіне 191 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс түскен. Соған сәйкес 189 іс қаралып, 1 іс соттылығы бойынша жолданған, сондай-ақ 146 азаматқа әкімшілік жаза қолданылып, 12 жекеше қаулы қабылданған. Ал татуласу тәртібімен 3 азаматтық іс, медиаторлардың қатысуымен 112 азаматтық іс тоқтатылған. Сонымен қатар әкімшілік құқық бұзушылық туралы 26 іс пен 19 қылмыстық іс медиация тәртібімен аяқталған. Осы және басқа да мәліметтер жөнінде айтқан сот төрағасы Р.Алдамбергенов жыл бойы ақпараттық қолдау көрсеткен аудандық газет редакциясына алғысын білдірді. Алдағы уақытта да бірлесе жұмыс істеуге, ақпараттық-насихаттық жұмыстарды күшейтуге соттың мүдделі екенін жеткізді. Баспасөз мәжілісінің соңында сот төрағасы журналистер тарапынан қойылған бірқатар сұрақтарға жауап берді.
А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ