Аудандық сот алты айды қорытындылады
Сырдария аудандық сотының төрағасы Руслан Алдамбергенов жергілікті БАҚ өкілдерінің қатысуымен баспасөз конференциясын өткізді.
Конференция барысында сот төрағасы соңғы 6 айда атқарылған жұмыстармен қатар саланы жетілдіру бойынша басым-бағытқа тоқталды.
– Сот саласын жан-жақты реформалау күн тәртібінен түспейді. Сала мамандары қашанда азаматтармен тығыз байланыс орнатып, ашықтық қағидатын ұстанып келеді. Сан салаға бөлінген сот жүйесінің қызметі бірнеше бағытты құрайды. Негізінен, осы жылдың бірінші жартыжылдығында 34 қылмыстық іс 39 адамға қатысты қаралған. Оның ішінде, 17 іс бойынша 22 адамға үкім шығарылған. 8 адамға байланысты 8 іс уақытында тоқтатылған. Және де 1 азаматқа қатысты 1 іс прокуратураға кері қайтарылса, 2 жеке қаулы қабылданған. Айта кетейік, осы мерзімде 159 талап арыз және 2 іс түскен. Есепті кезеңде 130 азаматтық іс қаралғандығы мәлім. 16 іс бойынша сот бұйрығы, 54 шешім қабылданып, 53 іс өндірістен тоқтатылған. Сонымен бірге 5 іс қараусыз қалдырылса, 2 іс соттылығы бойынша жолданған және 3 жеке ұйғарым қабылданған.
Ендігі кезекте әкімшілік істер жөнінде тарқатып айтқанымыз жөн болар. Жалпы есепті кезеңде аудандық соттың өндірісіне 100 әкімшілік іс түскен.
– Сот қарауына келіп түскен әкімшілік істердің ішінде 98 іс толық қаралған. 1 іс соттылығы бойынша жолданса, 83 адамға әкімшілік жаза қолданылды. Бұл ретте, 15 адамға қатысты іс тоқтатылған, 1 іс қалдықта тұрса, қаралған әкімшілік істер бойынша 3 жеке қаулы қабылданған. Ал татуласу тәртібімен 3 азаматтық іс, медиаторлардың қатысуымен 49 азаматтық іс, 10 әкімшілік іс, 8 қылмыстық іс аяқталған, – деді сот төрағасы.
Бүгінде барлық сот процесі аудио-бейне жазба арқылы қаралуда. Сонымен бірге барлық қылмыстық және әкімшілік істер электронды нұсқада келіп түскен. Сондай-ақ 159 талап-арыздың 133-і «Сот кабинеті» сервисі арқылы түскендігін атап өткен жөн. БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген Руслан Алдамбергенов өткен жылдың 6 айымен салыстырғанда істер саны едәуір азайғанын тілге тиек етті. Мал ұрлығы, жол-көлік оқиғасы, азаматтар арасындағы дауларға байланысты түсіндірме жұмысы жүргізілуде. Алдағы уақытта сот жүйесін реформалау жүзеге асады. Жоспарлы мерзімде сала мамандарының жұмысы оңтайландырылады.
Әкімшілік ресімдік-процестерге өзгерістер енгізу, кәсіпкер және заңды тұлғамен өзара жұмысты үйлестіру, мемлекеттік органдардың дауларын шешу, пробация есебінде тұратын азаматтарға түсіндірме жүргізу барысы да кеңінен талқыланды.
Балтабай Аябекұлы