Мерейтой иесіне құрмет
Кеше аудан әкімі Мұрат Ергешбаев қаржы саласының ардагері Құралай Әбілхайырованы арнайы қабылдап, 70 жасқа толған мерейтойымен құттықтады. Мерекелік қабылдауға аудандық мәслихат хатшысы Ержан Әжікенов, зиялы қауым өкілдері мен қаржы саласының мамандары қатысты.
Аудан басшысы өз сөзінде мерейтой иесінің өмір жолына тоқталып өтті.
– Құралай Әбілхайырованың ауданның қаржы саласының дамуына қосқан үлесі зор. Сала ардагері еңбек жолын аудандық қаржы инспекторы ретінде бастап, Сырдария орман шаруашылығында бас есепші, облыстық, аудандық қаржы бөлімінің басшысы, аудандық жинақ бөлімінің басшысы, зейнетақы төлеу мекемесінің басшысы қызметтерін абыроймен атқарды. Ауданның экономикалық дамуында өзіндік қолтаңбасы бар. Бүгінде сол ұзақ жылғы адал, қажырлы еңбегінің жемісін көріп, ардақты ардагер ретінде құрметке бөленуде. Мерейлі ана ретінде де ұрпақтарының қызығын көруде. Ардақты жанды мерейтойымен құттықтап, зор денсаулық тілеймін, – деген аудан әкімі мерейтой иесіне мерекелік «Құттықтау» табыс етіп, сый-құрмет көрсетті.
Қабылдауда аудандық мәслихат хатшысы Ержан Әжікенов, мәдениет саласының ардагері Алма Бақтиярова бірге қызмет жасаған жылдардағы сала ардагерінің еңбекқорлығын, ұқыптылығын, тазалығын тілге тиек етті. Ал «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының әлеуметтік төлемдер бойынша Сырдария аудандық бөлім басшысы Сағидулла Еламанов, «Халық» банкінің Қызылорда облысы бойынша филиалының Сырдария аудандық басқармасының басшысы Асылбек Палымбетов аудан экономикасының, оның ішінде қаржы саласының өсіп-өркендеуінде Құралай Әбілхайырованың есімі құрметпен аталатынын айтып, құттықтау лебіздерін білдірді.
Өз кезегінде мерейтой иесі арнайы құрмет білдірген жандарға шынайы ризашылығын білдірді. Ауданның бүгінгі жетістіктерімен үнемі хабардар екенін айтып, алдағы уақытта да өркендей беруіне тілектес екенін жеткізді.
«ТТ» ақпарат