Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыбайлас жемқорлықпен күрес баршамызға ортақ іс

Сыбайлас жемқорлықпен күрес баршамызға ортақ іс

Сыбайлас жемқорлық – қазіргі таңда заман ағысымен бірге елдің экономикалық дамуымен қатар тамырын тереңге жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған қауіпті дерттің бірі. Бұл дерт біздің жас дамушы мемлекетіміздің бұдан әрі өркендеуіне үлкен нұқсан келтіріп отыр.

Бүгінгі күні «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылып келеді. Осыған қарамастан көбіне қарапайым халық пен мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары арасында кездесетін дерттің бірі пара беру мен пара алу. 

Парақорлық мемлекеттік органдардың тиісті қызмет атқаруына кері әсерін тигізіп қана қоймай, беделіне нұқсан келтіреді және заң қағидаларын теріске шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының заңды мүдделерінің бұзылуына жол беріледі. Міне осындай заң бұзушылықтарға бой алдырмай, жолын кесуде қоғам болып бірлесіп ат салысуымыз қажет. Қазақстан Республикасының « Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы » Заңына сәйкес, сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттік органдар, ұжымдар мен онда қызмет атқаратын лауазымды тұлғалар, жергілікті өзін-өзі  басқару органдарының басшылары өз өкілеттігі шегінде, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге міндетті.

Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтарға бой алдыру салдары көптеп кездеседі. Оған себеп, ең алдымен қызметшілердің білім төменділігі мен кәсіби тұрғыда әдептілік ұстанымының төмен болуы.

Осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында қазіргі таңда білім беру ұйымдарында ұстаздар мен оқушылар, ата-аналардың қатысуымен «Сыбайлас жемқорлықсыз қоғам – Тәуелсіздік тірегі» тақырыбында «Адал ұрпақ» еріктілер клубына салтанатты қабылдау шаралары өткізіліп келеді. Бұл іс-шаралардың негізі де еліміздің болашағы өскелең жас ұрпақтың таза, адал, адамгершілік қадір қасиеттерін бойға сіңіріп, мемлекетіміздің сыбайлас жемқорлықсыз бұдан әрі дамуына, өсіп өркендеуіне сенім арту.

Сыбайлас жемқорлық пен заң бұзушылық әрекеттерге жол бермеудің бірден бір кілті ол халық. Бұл ретте халықтың құқықтық сауаттылығын арттыратыруымыз өте маңызды. Халық өз құқықтарына қандайда бір қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай шаралар қолдану керектігін білулері қажет.

Сыбайлас жемқорлық әрекеттері бойынша тиісті шара қолданудың негізі – ол азаматтардың арыз-шағымы. Мемлекетіміздің әрбір азаматы Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті. Әділ төрелік жоқ жерде пара белең алады. Шыныда да, біз әділ төрелік жасап, жемқорлықтан жоғары тұрған жағдайда ғана халық сеніміне ие бола аламыз.

Сондықтан да Сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық борышы деп білуіміз қажет.


Б.ЖӘНІБЕКОВ,
Сырдария ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы
21 желтоқсан 2022 ж. 324 0