Жаңа жоба – жылыжай кешені
Сыр өңірінде соңғы жылдары су тапшылығы орын алуына байланысты күріш өндіретін серіктестіктер өз жұмыстарын әртараптандыруға көшуде. Соның айқын бір дәлелі – Шаған елді мекеніндегі жылыжай кешені екені мәлім.
Бүгінде тамшылатып суару арқылы қолға алынған жобаның көлемі үш сотық жерді құрайды. Негізінен, жылыжайда 35-45 күн аралығында өнім алынады. Жылыжай өнімдері бірнеше дүкен сөрелеріне төмен бағамен қойылуда. Осы күні аталған кәсіпті игерген үш адам тұрақты жұмыспен қамтылуда. Олар жылажай өнімдеріне маусым бойына күтім жасап, жергілікті халыққа табиғи көкөністердің сапалы жетуін қамтамасыз етеді.
Негізінен, жылыжай кәсібі көпшілік арасында сұранысқа ие. Өз кәсібін ашуға бейім жұртшылық тың кәсіпті жүргізуге мүдделі. Әрине, өнімді өсіру үшін барлық жағынан жағдай жасалуы тиіс.
Айта кеткен жөн, ағымдағы жылы жылыжай өсірушісі Шынтас Ештаев 20 тонна қияр өндіріп, үздіктер қатарынан көрінді.
– Шын мәнінде, жылыжайда еңбек ету асқан жауапкершілікті қажет етеді. Күнделікті көкөністің шығымын қадағалап, мол өнім алуға жұмыс жасаймыз. Қазіргі уақытта ауыл тұрғындары біздің өнімімізге үйренген. Сапасына жоғары баға беріп жатады. Көпшіліктен мақтау сөз естігенде қуанып қаламыз. «Шаған-Жер» серіктестігі тарапынан қажетті дүниелермен қамтамасыз етеліп отырады. Әріптестеріммен бірге шаруашылықтың жұмысын жандару үшін барымызды саламыз, – деді Шынтас Ештаев.
Иә, Шаған ауылындағы іргелі шаруашылық әртараптандыру жұмысын жетілдіру үстінде. Білікті басшы Жеңісбек Сыздықов серіктестіктің дамуына, ауылдың әлеуетін арттыруға барын салмақ. Ендеше, іргелі шаруашылықтың жұмысына сәттілік тілейміз!