Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жылыжай жұмысы жүйелі

Жылыжай жұмысы жүйелі

Жерге көк шыққанда егіс науқанының бас­талатыны белгілі. Алайда, науқанды күтпей-ақ, жылына бірнеше мәрте өнім алатын жылыжайлар да бар. Қазіргі таңда аудан бо­йынша жылыжай ісін дамытуға құлшыныс білдіріп отырғандар күн санап артуда.

Соның бірі – Шаған ауылында орналасқан «Шаған Жер» серіктестігіне тиесілі жылыжай кешені. Былтырдан бері қияр дақылын өсірумен айналысатын жылыжай 340 шаршы метр ау­мақты қамтиды. Егіс алқабындағы егінге қарағанда жылыжай ішінде өсетін дақылдар көп күтімді қажет ететіні анық. Тиісінше, өнімі де мол. Уақытында дәрілеп, іштегі температураны тұрақты ұстаса болғаны. Мысалы, «Шаған Жер» серіктестігін басқарып отырған Жеңісбек Сыздықовтың айтуынша, тамыры тамшыдан нәр алатын өсімдіктің бір түбі 5-10 келіге дейін өнім беруге қауқарлы екен.

– Бүгінгі таңда жылыжай кешендеріне айналған голландтық «Бьерн» сорт сұрыпты қиярын өсірудеміз. Ол жылына екі рет өнім береді. Өткен жылдың соңындағы бір науқанда 700 келіге дейін өнім алдық. Алдағы уақытта жылыжайдың өнімдерін ауыл ішіндегі сауда дүкендеріне қоюды жоспарлап отырмыз, – дейді шаруашылық төрағасы.

Жалпы, жылыжай жылына екі мәрте өнім береді. Бірінші кезеңдегі өнімді ауыл тұрғындары тұтынған. Оларға нарық бағасынан төмен етіп, сатылымға шығарған. Ал жылыжай кеше­нінің екінші кезеңі енді басталады.
Бүгінде жылыжай кешенінде қиярдың өніп-өсуі мен оны баптауға және өнімді жинауға жауапты 3 адам жұмыс істеуде.

Қиярдың базардағы бағасы 400-ден 500 теңгеге дейінгі аралықта болса, жылыжай өнімінің әр келісі 300-350 теңге көлемінде нарыққа шығып отыр. Болашақ мақсат – ауылдағы қиярға деген сұранысты қанағаттандыра отырып, сол арқылы халыққа төмен бағада өнім ұсыну – шаруашылық басшылығының негізгі міндеті. Тетігін тапсаң, бұл өте табысты тірлік екенін түсінетін Шағанның еңбеккерлері алдағы уақытта жылыжай кө­лемін арттыруды көздеп отыр.

Майя ҚОЖАБАЙ

29 маусым 2021 ж. 734 0