Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Теңдік уақыты» ұранымен өтеді

«Теңдік уақыты» ұранымен өтеді

Жыл сайын 1 желтоқсанда Дүние­жүзілік ЖИТС-пен күрес күні аталып өтіледі. Атаулы күнге орай ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жө­ніндегі облыстық орталықтың Сыр­­­дария ауданындағы кабинет дә­рі­гері Ақжарқын Оразбаева тілші сұ­рақ­тарына жауап бер­ді.

– Ақжарқын Исақызы, «Бі­рін­ші байлық – денсаулық» деген сөз бар. «Денсаулықтың қа­­ді­рін ауырғанда білерсің» дейміз. Дегенмен дүние­жүзінде АИТВ-мен өмір сүретін адамдар да қоғамның бір мүшесі. Аталған дертке шалдық­қан­дарға қол­дау көрсету үшін қандай іс-ша­ра­лар ұйымдастырылады?

– Жыл сайын 1 желтоқсан – Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күні ретінде аталып келеді. Бұл күні бүкіл әлемдегі адамдар АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға қолдау көр­сету үшін бірігеді.

Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күні жыл сайын белгілі бір тақырыпқа арналады. Биылғы жылы мұндай тақырып теңдікке арналмақ. Бұл тақырып Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күні әлемдік ауқымда алға қойған міндеттердің өсіп келе жатқан тізімін толықтырады.

Алғаш рет 1988 жылы Дүниежүзілік СПИД-ке қарсы күрес күні жаһандық денсаулық сақтау тақырыбындағы алғашқы халықаралық күн болды. БҰҰ агенттіктері, мем­лекеттер және азаматтық қоғам жыл сайын АИТВ-ға қатысты белгілі бір мәселелерге арналған нау­қанды өткізу үшін күш біріктіреді. Атап айтқанда, әлем­нің барлық өңірінде ақпараттық іс-шаралар өткізіледі. Осы күні көптеген адамдар қызыл бау (лента) тағатын болады, яғни АИТВ-мен өмір сүретін адамдармен бай­ланыстың, хабардарлықтың, оларды қолдаудың және ынтымақтастықтың халықаралық символы ретінде қолданылады. Сонымен қатар АИТВ жұқтырған адамдар өз өмірінің маңызды тақырыптары бойынша ай­туға мүмкіндік алады. АИТВ-мен өмір сүретін адамдар тобы және ЖИТС-ке қарсы күреспен айналысатын басқа да қоғамдық ұйымдар өздері жұмыс істейтін қауымдастықтарды қолдау және қаражат жинау бо­йынша күш-жігерді жұмылдыратын болады. Өткізілетін іс-шаралар ЖИТС эпидемиясына байланысты істердің ағымдағы жай-күйіне жалпы назарды аударады. Осылайша, дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күні адамдар мен үкіметке АИТВ-мен күрестің әлі де аяқталмағанын, оның өзектілігін еске салады. АИТВ-ның адам өміріне әсері туралы ақпаратты арттыру, стигма мен кемсітушілікті жоюға баса назар аударылады. Айту керек, АИТВ жұқ­тырған адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін ЖИТС-ке қарсы жүйеге қосымша қаржы ресурстарын тарту мәселесі де маңыздылығын жойған емес.

– Өзіңіз айтып өткендей, биыл да арнайы ұран­мен, яғни «Теңдік уақыты!» ұранымен өте­тін атау­лы күн қандай кедергілерді жоюға мүмкін­­дік береді?


– Теңсіздік ЖИТС пандемиясының жалғасуына әсе­рін тигізетіні сөзсіз. Алайда біз оны жеңе аламыз. 1 жел­тоқсанда дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күнінде ЮНЭЙДС әрқайссымызды ЖИТС-ке қарсы күресте іл­герілеуге кедергі келтіретін теңсіздіктермен күресуге ша­қырады.

«Теңдік уақыты!» ұраны – бұл әрекетке шақыру. Бұл бәрімізді теңсіздікті және ЖИТС-ты жою үшін қа­жетті дәлелденген практикалық шараларды жүзеге асы­ру. Оның ішінде, АИТВ-инфекциясын емдеу, тестілеу және алдын алу үшін қызметтердің қолжетімділігін, сапасын және орындылығын арттыру, осылайша әрбір адам барлық қажеттілермен қамтамасыз етіледі. АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың, сондай-ақ халықтың осал және маргиналды топтарының стигматизациясы мен кем­сітушілігімен күресу үшін заңдарды, саясаттарды жә­не процедураларды реформалау, осылайша әр адамға құрметпен қарауды қамтамасыз етеді. Қауымдастықтар арасында және «жаһандық Оңтүстік» пен «жаһандық Солтүстік» арасында АИТВ саласындағы ең жақсы ғы­лыми жетістіктерге тең қол жеткізу үшін технология­­лар алмасуды қолдайды. Кездесетін теңсіздіктің нақты көріністерін атап өту және оларды жою үшін қажетті шараларды қабылдауға «Теңдік уақыты» үндеуін қолдана және бейімдей алатын болады.

ЮНЭЙДС АИТВ-ға қарсы жаһандық шараларды іске асыру туралы деректері соңғы екі жылда «COVID-19» пандемиясына және басқа да жаһандық дағдарыстарға байланысты АИТВ-ға қарсы күрестегі прогресс баяула­ғанын, ресурстар көлемі азайғанын, нәтижесінде милли­он­даған адамдардың өміріне қауіп төнгенін көрсетеді. Міне, іс-шаралар қараша айынан басталып, Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күніне дайындалған есеп қараша айының соңында жарияланады.

– Бүкіл әлем назар аударатын мәселенің ше­шімі бар және әркім өз денсаулығына жауапты деген қағиданы барша халық естен шығармауы керек деген пікірдесіз ғой?


– Әрине, осы күні әлемде түрлі іс-шаралар өтеді. Бұл іс-шараларды тек ресми органдар ғана емес, ең бас­тысы, қауымдастықтар да өткізеді. Топтар әлеуметтік желілерде бөлісетін және ЮНЭЙДС біріктіретін фотосуреттер мен бейнелер арқылы адамдар болып жатқан оқиғалардың калейдоскопы туралы түсінік алып, шеші­мін көріп, үміт отын сезіне алатын болады.

«Егер оның таралуына ықпал ететін теңсіздікті жой­сақ, біз ЖИТС-ті тоқтата аламыз. Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күнінде әрқайссымыз теңсіздік мәселесін шеш­сек, бәрін жеңетінімізді айналамызға түсіндіре алуы­­мыз керек», – дейді ЮНЭЙДС Атқарушы директоры Винни Бьянима. Әрбір адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әркімнің денсаулығын қорғау үшін біз бәріміз тең­дікке ұмтылуымыз керек.

Сұқбаттасқан Бибісара ЖАНӘЛІ



29 қараша 2022 ж. 434 0