Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өндіруден дайын өнімді шығаруға дейін: кластерлік өндіріске инвестиция көлемі артып келеді

Өндіруден дайын өнімді шығаруға дейін: кластерлік өндіріске инвестиция көлемі артып келеді

2025 жылғы ТМК саласындағы ең ірі келісімдердің бірі Павлодар және Қостанай облыстарында толық циклді алюминий кластерін құру жөніндегі жобаны жүзеге асыратын қытайлық «East Hope Group» компаниясымен әріптестік болды.

Ол шикізатты өндіруден бастап дайын өнімді шығаруға дейін, оның ішінде жылына 2 млн тоннаға дейін алюминий тотығын өңдеуді қамтитын бүкіл өндірістік үдерісті қамтиды. Kazakh Invest ақпараты бойынша, жобаның құны 12 млрд-тан асуы мүмкін, бұл оны Қазақстандағы ең ірі металлургиялық бастама етеді. Жоба энергетикалық нысандардың құрылысын және электр желілерін жаңғыртуды қоса алғанда, инфрақұрылымды дамытуды көздейді.

Жобаның мәні тек бір саламен шектелмейді: ол экспортқа бағытталған, жоғары қосылған құнды тұрақты өндірістік тізбекті қалыптастырады. Бұдан бөлек, бұл шамамен 10 мың жаңа жұмыс орнын ашып, өңірлік экономиканың дамуына серпін береді.

Сондай-ақ Жамбыл облысында сутегі технологияларын қолданатын толық циклді болат құю зауытының құрылысы бойынша ірі металлургиялық жоба басталды. Инвестор – Қытайдың «Fujian Hengwang Investment Co., Ltd» компаниясы.

Зауыт «Jibek Joly» АЭА аумағында салынады. Жылына 3 млн тоннаға дейін болат өндіру үшін темір кенін қайта өңдеуді қамтамасыз етеді. Инвестицияның жалпы көлемі – $756 млн. Жоба аясында құрылыс кезінде 1,5 мыңға жуық, ал зауыт іске қосылғаннан кейін 2,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылады.

Өнім Қазақстанның ішкі нарығына бағытталған, сондай-ақ Орталық Азия мен Еуропа елдеріне де жеткізіледі. Өндірістік бағыттан бөлек, жоба Шу қаласында тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік инфрақұрылымды қолдауды да қамтиды.

2025 жылғы жаңа өнеркәсіптік жобалардың ішінде Қызылорда облысында санитарлық-техникалық өнім шығаратын зауыт құрылысы бар. Инвестор – әлем бойынша 78 өндірістік нысаны бар, саланың жетекші халықаралық компанияларының бірі саналатын испандық «Roca Group».

Жоба жылына 500 мыңға дейін өнім шығара алатын заманауи кәсіпорынды іске қосуды көздейді. Өнім Қазақстанның ішкі нарығына да, Орталық Азия елдеріне де экспортталады. Инвестиция көлемі – €70 млн еуро, шамамен 300 жұмыс орнын ашу жоспарланған.

«Roca Group» жобасы – Еуропа өндірушілерін еліміздің оңтүстік аймақтарына тарту бойынша ең ірі мысалдардың бірі. Ол жергілікті өнеркәсіптік базаның дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын құруға және Қазақстанның Орталық Азиядағы өнеркәсіп орталығы ретіндегі орнын күшейтуге ықпал етеді.

2025 жылғы инвестициялық келісімдер тек сандық өсім ғана емес, Қазақстан экономикасын дамытудағы сапалық өзгерістерді де көрсетіп отыр. Назарда тек капитал тарту емес, тұрақты өндірістік тізбектерді қалыптастыру, экспорттық әлеуетті арттыру және технологияларды игеру. Жаңа жобалар агроөнеркәсіп кешенінен бастап ауыр металлургия мен авиалогистикаға дейін кең ауқымда салаларды қамтып, әртүрлі өңірлерде іске асырылады. Бұл ел экономикасының теңгерімді дамуына ықпал етеді.

Осылайша, Үкімет ел экономикасын ілгерілете дамыту үшін жүйелі қадамдарды жалғастырып келеді. Президент қойған міндеттердің тиімді жүзеге асырылуы ең алдымен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.
28 тамыз 2025 ж. 38 0