Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өңірлерді дамыту

Өңірлерді дамыту

Өңірлердің орнықты әрі теңгерімді дамуын қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының 2025–2030 жылдарға арналған өңірлік даму тұжырымдамасы бекітілді.

Тұжырымдама халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және макроөңірлер мен дамудың басты бағыттары негізінде өңірлердің экономикалық әлеуетін ашуға бағытталған.

Әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымына қол жеткізудегі теңсіздіктерді азайтуға ерекше көңіл бөлінеді. Дамуы кенже қалған өңірлерге Өңірлік стандарттар жүйесі негізінде республикалық бюджет есебінен қаржыландыруда басымдық беріледі.

Тұжырымдаманы жүзеге асыру Іс-шаралар жоспары, Кешенді жоспарлар, Ұлттық жобалар, жол карталары және басқа да салалық құжаттарға сәйкес жүзеге асырылады.

Нәтижесінде өңірлік стандарттарға сәйкес, әлеуметтік игіліктер мен қызметтерді қамтамасыз ету деңгейі артады деп күтіледі.

Сондай-ақ Министрлік моноқалаларды дамыту бойынша жаңа шаралар әзірледі. Атап айтқанда, ірі кәсіпорындар мен жергілікті өндірушілер арасында ұзақ мерзімді келісімшарттар мен офтейк-келісімшарттар жасау, индустриялық аймақтар құру, елішілік құндылықты арттыру бағдарламаларын енгізу, шағын және орта бизнесті дамыту және тағы да басқа шаралар қамтылған.

Ауылдық жерлерді дамыту үшін мемлекет қабылдаған барлық шаралар синхронды түрде жүзеге асырылады, оның ішінде «Ауыл аманаты» және «Ауыл – Ел бесігі» жобалары бар.

Биыл «Ауыл аманаты» жобасына 50 млрд теңге бөлінді. 2026-2028 жылдарына шамамен 450 млрд теңге бөлу жоспарланған. Бұл қаражат есебінен ауылдағы бизнесті қолдауға бағытталған 25 мыңнан астам жоба қаржыландырылып, кемінде 30 мың жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.

«Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 2019-2024 жылдары республикалық бюджеттен 701 млрд теңге 2,2 мың ауылдық елді мекенде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған 6,6 мың жобаны жүзеге асыруға бөлінді.

2025 жылы 500 ауылдық елді мекенде жалпы құны 176,4 млрд теңге болатын 1 мың жоба іске асырылуда.

Ауылдағы кадрлық әлеуетті көтеру үшін «Дипломмен ауылға» жобасы жалғасып жатыр.

Жобаға қатысушыларға әлеуметтік қолдау шаралары көрсетіледі, 100 АЕК мөлшерінде біржолғы көтерме жәрдемақы және 2 500 АЕК-ке дейін тұрғын үй алуға бюджеттік несие беріледі.

2009-2024 жылдары аралығында Жоба аясында 114 мыңнан астам маман жалпы сомасы 23,6 млрд теңге болатын көтерме жәрдемақы алды, ал 52 мыңнан астам маманға жалпы көлемі 189,5 млрд теңгеге тұрғын үй алуға бюджеттік несие берілді. Олардың шамамен 85%-ы 18 бен 35 жас аралығындағы жастар.

Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға да басымдық берілуде.

Қазіргі таңда IV деңгейлі бюджеттің кірістері 8 түрлі салықтан, төлемдерден, айыппұлдар мен трансферттерден қалыптасады. IV деңгейлі бюджетті енгізгелі салық түсімдерінің өсімі байқалады: 2018 жылдан 2024 жылға дейін жергілікті кірістер 3,5 есеге артты. Өзін-өзі қамтамасыз ету үлесі 29,5% болды.

Сонымен қатар салықтар мен төлемдердің басқа да түрлерін аудару мәселесі қарастырылып жатыр. Аталған шараларды жүзеге асыру жергілікті кірістер көлемін 4 есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, 2023 жылы 5 қарашада пилоттық режимде алғаш рет 42 аудан мен облыстық маңызы бар 3 қала әкімінің сайлауы өтті. 2025 жылдан бастап әкімдер ротация тәртібімен сайланады.
28 тамыз 2025 ж. 66 0