Шалғай ауылдағы тың кәсіп

Орталықтың ашылу рәсіміне ауыл тұрғындары жиналып, кәсіп иесіне ақ тілектерін арнады.
– Ауыл тұрғындары кәсіптің жаңа түрін бастап, халыққа қажетті қызмет түрін ашып жатқанына қуаныштымыз. Қазір ауылдың жағдайы күннен-күнге жақсарып келе жатыр. Аудан орталығы мен облыс орталығын жалғап жатқан тақтайдай түзу жолдың өзі үлкен көмек. Жол қатынасы жақсарған сайын тұрғындар да сан алуан техниканы тізгіндеп, күнкөріс қамын жасауда. Бүгін қолынан іс келетін азамат Жанат Құлмырза жаңа орталықты ашты. Шағын болса да оның қызметін пайдаланушылар, күнделікті келетіндердің саны көп. Бұл сұраныс болған жерде табыс та болады деген сөз. Себебі, техника болған соң дөңгелегінің жағдайын бақылап тұру керек. Міне, осындайда әмбебап маман көмекке келеді. Кәсібіне береке берсін. Екі қолға бір жұмыс таба алмай жүрген жастар үлгі алса дейміз. Мемлекет тарапынан тың идея ұсынғандарға қайтарымсыз несие де беріледі. Бұл жақсы бастаманы пайдаланып, ауылдың дамуына әрі өзін-өзі жұмыспен қамтуға, отбасын асырауға үлкен мүмкіндік, – дейді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдіразақ Байманов.

– Көптен бері ойлап жүрген кәсібімді бастауға мемлекеттік бағдарлама себепкер болды. Бұрыннан өзімнің де техникаға құмарлығым бар. Көпбалалы отбасы ретінде алдымен «Бастау Бизнес» қурсынан өтіп, сертификат алдым. Ауыл әкімдігі тарапынан осындай мүмкіндіктердің бар екенін түсіндірген мамандарға рақмет. Жақында «Стартап» бизнес идеяларды іске асыру бағдарламасы бойынша қайтарымсыз грант конкурсынан 1 225 200 теңгені жеңіп алдым. Аталған қаржыға дөңгелек орнату құрылғысын, баланстау құралын, үш тонналық домкрат, ауа айдайтын, т.б. қажетті құралдар сатып алдым. Жұмыс бар, осындай мүмкіндікті берген мемлекетке рақмет. Бизнесімді бастау арқылы табыс тауып, отбасымды асыраймын, – дейді кәсіпкер.
Айту керек, биыл аудан бойынша мемлекеттік грант арқылы кәсібін бастағандар саны артқан. Кәсіпкерлердің дені мал шаруашылығымен айналысуға тілек білдірсе, іңкәрдариялық шебер секілді техника жөндеу орталығын ашқандар да бар.
Ер азаматтың бастаған ісіне қолдау білдіріп отырған отбасындағы жасы сексенге келген анасы Ажаркүл мен келіншегі Зүбайра барда үйде береке болары анық. Орталықтың ашылуында еңбек ардагері Дүйсенбай ақсақал бата беріп, кәсібіне береке тілеген.
Бибісара ЖАНӘЛІ