Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәулігіне 600 нан өнімін шығарады

Тәулігіне 600 нан өнімін шығарады

Шағандық Ербол Бисенов пен Жұлдыз Бектібаева – ауылдағы кәсіп­керлікті дамытып, отбасылық бизнесті бастап кеткен жандар. Ерлі-зайыптылар 2002 жылы ауылдан дүкен ашып, шағын кәсіпкерлікпен бастаған. Азық-түлік, ыдыс-аяқ, киім-кешек, оқу құралдары, шаруа­шылық тауарларын сатуды іске асырған кәсіпкерлер бизнесті дамыту үшін наубайхана ісін қолға алды.

Бизнестің иесі Ербол Маханбетжанұлы әке­сінің атынан «Маханбетжан» шаруа қожа­лығын құрған. Осы қожалық арқылы ауылды ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамта­масыз етіп келе жатқанына біршама жыл болды. Зайыбы Жұлдыз – ауылдағы №37 мек­­теп-лицейде бастауыш сынып мұғалімі. Өздерінің іскерлігі мен еңбексүйгіштіктерінің арқасында отбасылық бизнесті дамытып, ауыл тұрғындарын күнделікті ыстық нанмен қам­тамасыз етуде.

Әрине, кәсіпкер болу оңай емес. Қиындығы мен өзінің талабы болады. Ең бастысы, тұ­тынушыларға сапалы қызмет көрсетуді мақсат ету керек. Сұраныс бар жерде кәсіп те алға жылжиды. Бұл – заңдылық. Мемлекеттен берілетін қолдау да жоқ емес. Өз кәсібін бас­таймын деушілерге, әсіресе, жастарға қайта­рымсыз несие берілуде. Ал жеңілдетілген па­йызбен берілетін несие тың идеясымен бизнес жоспар әзірлегендерге зор қолдау.

Ербол мен Жұлдыз кәсіпкерлікке ерте кезден қамданып, бизнес әліппесін меңгерген. Жеке дүкендерін ашу үшін қаржы жинап, оның жұмысын жүргізгендеріне де 10 жылдан асқан. Қазіргі уақытта кәсіпкерлікті кеңейтіп, ауыл тұрғындарына сапалы қызмет көрсетуде.

– Тәуекелге бару керек. Табысыңды тиім­ді жұмсап, алға жылжу үшін талаптану маңызды. Қазір тұрғындарды азық-түлікпен қамту үшін дүкен жұмысын жандандырып келеміз. Ғи­маратымыз жалдамалы емес. Мұның өзі та­бы­сыңды өзіңе жұмсауға тиімді. Дүкенге жал­ғап наубайхана құрылысын жүргіздік. Қажетті құрал-жабдықтармен қамтыдық. Қа­мыр илейтін қазан, нанды көтеріп қоятын құрыл­ғы, үстел, арнайы пеш сатып алдық. Мем­лекет тарапынан несие алған жоқпыз. Өз қа­ра­жатымызды жұмсап, күнделікті ыстық нанды дүкенге шығаруды жоспарладық. Сырттан дүкенге ешкім нан әкелмейді. Сондықтан нанның бірнеше түрін пісіруді ойладық. Бөлке наннан бастап, тандыр нан, тоқаш, қара нан, самса т.б. сұранысқа сай нан өнімдерін шыға­руды қолға алдық. Тапсырыспен той, құдайы ас­қа түрлі дәмді тағамдар да пісереміз, – дейді кәсіп иесі Жұлдыз Маратқызы.

Кәсіптің көзін тауып, ауыл халқын нан өнім­дерімен қамтамасыз етіп отырған наубай­хана иелері ауылдың 4 адамын жұмыспен қам­ту­да. Олардың ауылдағы жұмыссыздықты азай­туға ат­салысып әрі табыс тауып отырғаны көпке үлгі.

Бүгінде ауыл тұрғындарына қызмет көрсетіп келе жатқан Ербол мен Жұлдыз ойлаған кәсібін одан әрі жандандыруға белсене кіріскен. Ауыл тұрғындары кәсіпкерлерге дән риза.

– Отбасылық бизнесті жүргізу үшін күні-түні еңбек етіп келеміз. Мақсатымыз – бір орнында тұрып қалмау. Елді белең алған қымбатшылық пен жұмыссыздықтан шығудың жолын іздеу керек. Жетістікке жету үшін талпыну керек. Ешкім сырттан келіп жасап бермейді. Ізденіс пен талап қатар жүрсе алынбайтын қамал жоқ. Наубайхана жұмысын бастаушыларға айтарым, тәулік бойы жұмыс істеп, нан түрін көбейту керек, – дейді жас кәсіпкер.

Таң атысымен басталатын наубайхана жұ­мы­сы кешкі 7-8 де аяқталады. Мұнда күн­делікті ыстық нанның түр-түрі пісіріледі. «Ас атасы – нан» деп бекер айтылмаған. Иісі мұр­ныңды жаратын ыстық нанның дәмі тіл үйіреді.

Жастайынан кәсіпкерлікті бастап, еңбек етіп, өмірлік серігінің бастамасын қолдап от­басылық бизнесті жандандыруға атсалысып жүрген Жұлдыз «Алға қойған мақсатым көп» дейді. Келешекте тәтті торт, пицца, суши секілді фаст-фуд өнімдерін өз қолымен пісіріп сатуды ойлайды. Сырттан әкелетін тауардан гөрі өз өнімін шығару әлдеқайда тиімді екеніне көзі жетеді. Сондықтан алдағы уақытта білек сыбана жұмыс істеуге бекінген жас кәсіпкерлердің талабы тау­­дай. Осы күн­нің өзінде шағандықтарды ғана емес, көрші ауыл­дағы дүкендерді де ыстық нанмен қамтамасыз етіп келе жатқан наубайханадан күніне 600-ге дейін нан өнімі шығады.

Берекелі тірліктің басы-қасында жүрген жас отбасыға 83 жас­тағы Тәжен әже – олардың тілеуқоры, қолдаушысы. Ал кәсіп пен жұмысты қатар алып, ауыл тұрғындарын ыстық нанмен қамтамасыз етіп, наубайхана жұмысына бас­шылық жасап жүрген Жұлдыз – бүгінде 4 баланың анасы. Үлкені Думан – 4-курс студенті, Мансур, Інжу мен Ерсұлтан – мектеп оқу­шылары. Олар да ата-анасының кәсібіне қолға­быс етіп, шаруаға ширап қалған.
Бибісара ЖАНӘЛІ
13 қыркүйек 2022 ж. 930 0