Бояу кітапшалары балғындарға жол тартты
Биыл «Балалардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі» деген Президент сөзін басты ұстаным еткен «Балалар жылын» да қорытындылайтын уақыт жақындап қалды. Ұрандап, мереке түрінде атап өту ғана емес, балаларды қорғау мақсатында ең алдымен денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру саласында нақты іс-шаралар жасалуға тиіс болды. Осы тұста, айтулы жылдың маңызын айшықтау мақсатында облыс орталығында бояу кітапшаларының тұсаукесер рәсімі өтіп, балғындарға жол тартты.
Қазақстан нарығында баспа саласында ширек ғасырдан аса қызмет көрсетіп келе жатқан «ASU» баспа үйі» ЖШС мен «Балапан» телеарнасы арасында жасалған келісімшарт негізінде алғаш рет отандық анимациялық фильмдердің бояу кітапшаларын шығару қолға алынды. Соған байланысты айтулы жыл аясында бүлдіршіндер зор қуанышқа кенеліп отыр.
Қызылорда облысы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен, «Қызылорда қаламгерлер қауымдастығының» ұйымдастыруымен «Балапан» телеарнасының «Сиқырлы тас», «Әл-Фараби» мультсериалдары бойынша шығарылған бояу кітапшаларының тұсаукесері Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада өткізілді. Бұл іс-шараға Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Н.Сақтағанов, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы М.Қазбекова, облыстық мәслихат депутаты, «Сыр медиа» ЖШС бас директоры А.Оңғарбаев, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, М.Мәметова атындағы жоғары педагогикалық жоғары колледждің оқытушысы А.Қарамұрзаева, «ASU» баспа үйі» ЖШС-ның директоры Қ.Қыдырбаев, сондай-ақ балалар мен оның болашағына бей-жай қарамайтын аймағымыздың зиялы қауымының өкілдері, БАҚ өкілдері, білім беру саласының басқарма, бөлім басшылары, кітап саудасы саласының менеджерлері қатысты.
Тұсаукесер рәсімде Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Н.Сақтағанов сөз сөйлеп, жаңа кітапшалардың балалардың білімін арттыруға септігін тигізетінін атады. Осындай туындылар арқылы олар қазақтың біртуар тұлғаларын танитынын, сондай-ақ ойлау қабілеттері ерте жетілетінін тілге тиек етіп, бұл ерекше бастама екенін айтты.
Эфирлік қаралымы жоғары болған 3D форматындағы «Сиқырлы тас» мультсериалының кейіпкерлері алты жасқа дейінгі балаларға арналған. Бұл мультсериал балалардың ой көкжиегін кеңейтуде, қиял-ғажайып әлемін дамытуда үлкен маңызға ие. Сондай-ақ әлемдік ғылымға екінші өмір сыйлағаны үшін шығыс ғұламалары Аристотельден кейінгі «екінші ұстаз» деп атаған ұлы ғалым Әбу Насыр әл-Фараби баба жайында түсірілген «Әл Фараби» мультсериалының жобасы алты жастан асқан балаларға арналып отыр. Мұнда балалар кейіпкерлерді бояп қана қоймайды, ұлы ойшылдың қанатты сөздерін көңіл зердесіне тоқиды.
Балғындарға жол тартқан кітапшалар арқылы балалар көгілдір экраннан тамашалайтын сүйікті кейіпкерлерін бояй отырып, олардың бейнелеу өнеріне деген қызығушылығын арттыру мақсат етілген. Мұның жас балғындардың шығармашылық ой-өрісін дамытуға септігі зор. Кітапшада орналасқан QR белгісін сканерлеу арқылы екі мультсериалды да кез келген қолайлы уақытта тамашалауға болады. Мультсериалдар кейіпкері мен ондағы оқиғалар бейнеленген бояу кітапшалары күнделікті смартфон ұрлап жатқан бала тәрбиесіндегі бос кеңістікті толтырады деген сенім мол.
Е.БЕРКІНБАЕВ