Тұрғындар мәселесін тыңдады
Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығы аясында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев құқық қорғау органдарының бірінші басшыларымен бірге аудан тұрғындарына жеке қабылдау өткізді. Тереңөзек кенті мәдениет үйінде ашықтық қағидасына негізделген қабылдауда барлығы 84 азаматтың өтініші қаралды.
Аймақ басшысына 38 тұрғын өз сұрағымен келіп, өздерінің мәселелерін жеткізді. Жергілікті азаматтар тұрғын үй алу, жұмысқа орналасу, инфрақұрылым жүргізу және басқа да мәселелерін көтеріп, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар түрлі көмектер алудың жолдарын сұрады.
Қабылдау аясында өңір басшысы Шаған және Нағи Ілиясов ауылының шаруалары арасындағы жер үлесі мәселелерін тыңдап, екі тараптың уәждеріне құлақ асты. Бұған қатысты мәселелер сала мамандарымен бірге мұқият зерделеніп, заңдылыққа байланысты шешім қабылданатынын жеткізген аймақ басшысы жауапты басқарма басшыларына нақты тапсырма берді.
Әрбір тұрғынның мәселесіне қатысты құқық қорғау органдарының басшылары да заңдылықтарға сай түсіндірме жүргізді. Тиісінше, тұрғындар өздерінің мәселелері шешім табатынына сенім білдірді.
– Бүгін ауданымызға келген облыс әкімі мен барлық құқық қорғау орган басшыларына мәселелерімізді төтесінен қоюға мүмкіндік алдық. Мен Қоғалыкөл ауылы мен Қызылорда қаласы арасындағы жол сапасы мәселесін көтерген едім. Аймақ басшысы аудан әкіміне тиісті тапсырма берді, мәселемнің маңызды екенін алға тартты. Ендігіде жол сапасын жақсартуға арнайы жоба дайындалып, бұл мәселе шешімін табатын болды, – дейді аудан тұрғыны Д.Қырдан.
Сондай-ақ А.Жүсіпова көпшілікті қоғамдық көлік мәселесі алаңдатып отырғанын атап, ауылдық округтерге қатынайтын қоғамдық көлік жүргізуге ықпал жасауды сұрады. Бұған қатысты аймақ басшысы нақты жұмыстар жүргізілетінін жеткізді. Қабылдау барысында құқық қорғау органдарының басшыларына 46 азамат өз мәселесін жеткізіп, заң аясында тиісті түсіндірме алды.
Жеке қабылдаудан кейін облыс әкімі Н.Нәлібаев аудандық мәдениет үйінде Президент Жарлығы аясында тұрғындармен кездесті. Кездесуде аймақ басшысы өңірді өркендетудегі жарқын істерге тоқталды.
– Мемлекет басшысының қолдауының арқасында Сыр елінде нәтижелі жұмыстар атқарылып жатыр. Облысқа әкім болып келгенде аяқ су тапшылығына байланысты егістік жерлерді қысқарту көзделген екен. Президенттің қолдауымен біз ол жерлерді қысқартқан жоқпыз. Себебі, Сыр жұртшылығы ата кәсіппен күн көріп отыр. Мемлекетаралық деңгейде келіссөздер жүргізіліп, егінге су жеткізілді, өнім мол, диқандар мерейі үстем болды. Бүгінде өңір дамуына Мемлекет басшысы зор көңіл бөлуде. Соған орай облыс орталығында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, жылу электр станциясы, мәдениет орталығы, неке сарайы, қан орталығы, 300 орындық аурухана мен 100 орындық емхана бой көтермек. Сондай-ақ, жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен әуежай терминалы, «Аналар үйі» салынатын болады. Мұндай ауқымды жобалармен қатар біз халыққа бірінші кезекте қажетті электр жарығы, жол, су секілді өзекті мәселелердің шешімін табуына жұмыс жасап келеміз. Осы ретте, біз үнемі халықпен кездесіп, жеке қабылдауларды тұрақты ұйымдастырып, мәселелерді шешетін боламыз, – деді Н.Нәлібаев.
Кездесу барысында еңбек ардагерлері Жарылқасын Камалов пен Алмагүл Бақтиярова сөз сөйлеп, ел үшін атқарып жатқан жұмыстарға алғысын айтып, жаңа жобалардың жүзеге асуына сәттілік тіледі. Тыл және еңбек ардагері Рақымжан Бәйменов ақ батасын берді.
Е.БЕРКІНБАЕВ