Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Президент бірқатар заңға жария түрде қол қойды

Президент бірқатар заңға жария түрде қол қойды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы мау­сым айын­да өткен Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жө­ніндегі республикалық референдумнан кейін қабылданған бір­қатар маңызды заңға жария түрде қол қойды. Саяси маңызды іс-шараға Парламент Палаталарының Төрағалары, Үкімет басшы­сы, Мемлекеттік кеңесші, Президент Әкімшілігінің Басшысы, депутаттар, сондай-ақ елімізге белгілі заңгерлер, саясаттанушылар, сарапшылар, зиялы қауым және азаматтық қоғам өкілдері қатысты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев рефе­рендум нәтижесінде билік тармақтары ара­сындағы байланыстың жаңа үлгісін қа­лып­­тастыруға, мемлекет басқару ісіне аза­мат­тардың белсенді қатысуына жол ашуға мүм­кіндік туғанын айтты. Сонымен қатар адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жү­йе­сі нығайғанын атап өтті.

– Конституциялық реформа Қазақстан та­ри­хында жаңа дәуір басталғанын айқын­дады. Сондай-ақ соңғы үш жылдағы саяси өзгерістерді орнықтырып, мемлекетімізді одан әрі нығайту үшін мықты негіз қалады. Бұдан былай әділеттілік, ашықтық және жанашырлық қағидаттары қатаң сақталады. Біз референдум арқылы бұрын-соңды бол­маған сыртқы және ішкі сын-қатерлерге тө­теп бере алатынымызды дәлелдедік. Конс­ти­туциялық реформаны нақты жүзеге асыра бастадық, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, Парламент жан-­­жақты зерделеп қабылдаған әр­бір заң­­­­на­малық бастаманың гуманистік жә­не құқық қорғау бағыттары айқын. Заң­дағы өзге­ріс­терге сәйкес, келесі жылдан бастап Конституциялық сот өз қызме­­тін бастайды. Енді әрбір азамат өзі­нің консти­ту­циялық құқығы мен бостан­дықта­рын тікелей осы органда қорғай алады. Сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі уәкіл­дің мәр­тебесі, құзіреті мен дербестік кепілдігі Конституциялық заң деңгейінде ал­­ғаш рет бекітіліп отыр. Мұнан бөлек Бас прокура­ту­раның да құқық қорғау функциясы кү­шейтілді. Бұл саланы одан әрі кешенді дамыту мемлекет үшін әрқашан басым бағыт болады.

Президент еліміздің басты байлығы халық және оның жайлы тұрмысы екенін айтты. Осы орайда жақында Ата Заңымызға енгізілген жаңа ережелердің айрықша мәні бар.

– Біз Конституциямызда жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екенін нақты көрсеттік. Осы норманың арқасында «Ұлттық қор – балаларға» атты ауқымды бағдарламаны қолға алдық. Ұлттың ұлылығы әрбір отбасының, әрбір азаматтың әл-ауқатынан көрінеді. Сондықтан ел экономикасы, ең алдымен, халықтың мүддесі мен игілігі үшін жұмыс істеуі қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Президент әділдік идеясы Қазақстанның мемлекеттік саясатының өзегі болуға тиіс екенін атап өтті.

– Әлеуметтік әділдіктің негізі – уақыт талабына сай келетін заңдар, сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күрес, азамат­тардың еңбекқорлығы және жастар­дың озық білімге ұмтылысы. Мемлекет осы тұжырымды жүзеге асыру үшін барлық жағ­дайды жасауға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Парламент қабылдаған заңдар­да Қазақстанның аралас сайлау жүйесіне өту тәртібі айқындалғанын атап өтті. Енді Мәжіліс пен облыстық мәслихат депутатарының бір бөлігі, аудандық мәслихат депутаттарының барлығы бір мандатты округ бойынша сайланады. Соның нәтижесінде өкілді органдар шынайы халық билігі тармағына айналады.

Заңнамадағы өзгерістерге сәйкес, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкім­дері де сайланады. Бұл – ауыл әкімдерін сайлау­дың логикалық жалғасы әрі мемлекеттік басқару жүйесін демократияландыруға ұмты­лы­сы­мыздың нақты айғағы.

Президенттің пікірінше, жалпы Конс­ти­туциялық реформа еліміздің мемлекеттік құ­рылымының тұғырын нығайтады. Сондай-ақ азаматтық қоғамның дамуына тікелей жол ашады, жалпыұлттық диалогты да орнықтырады. Түптеп келгенде, бұл қадамдар халықтың әл-ауқатын арттыруға, тұрақтылықты сақтауға және еліміздің болашағын баянды етуге оң ықпал етеді.

Заңға қол қою рәсіміне кіріспес бұрын Президент осындай аса маңызды заңдарды шұғыл әрі сапалы қабылдаған депутаттарға, жемісті жұмыс атқарған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелеріне, сондай-ақ заң­намалық актілерді әзірлеуге жан-жақты ат­салысқан барлық азаматқа ризашылығын білдірді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев консти­туциялық реформа нәти­же­сін­де­ әзір­леніп, қабылданған ал­ты заңға жа­рия­­ түрде қол қойды. Оның алғаш­қысы «Қа­зақстан Республикасының Консти­ту­ция­лық Соты туралы» Қазақстан Республи­касының Конституциялық заңы болса, екіншісі «Қазақстан Республикасындағы Адам құ­қықтары жөніндегі уәкіл туралы» Қазақ­стан Республикасының Конституциялық за­ңы. Сондай-ақ «Прокуратура туралы» Қа­зақстан Республикасының Конституциялық заңына, «Қазақстан Республикасының кей­бір конституциялық заңдарына Мемлекет басшы­сының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына, «Қазақстан Респуб­ликасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына жария түрде қол қойылды.

А.ҚОШҚАРБАЕВ
08 қараша 2022 ж. 324 0