Елді мекендердегі кезекті кездесулер
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы негізінде қазір облыс, аудан әкімдері тоқсан сайын халықпен кездесіп, мәселелерін тыңдауда. Осыған дейін аудан әкімі Мұрат Ергешбаев барлық ауылда тұрғындармен бірнеше мәрте кездескен болатын. Соның жалғасы ретінде төртінші тоқсандағы халықпен жүздесу Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді ауылдарында өтті.
Кездесулерде аудан басшысы алдымен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын саралады. Есепті кезеңде барлық салада өсу көрсеткіші қалыптасқанын, соның нәтижесімен «Үздік аудан» атанғанымызды айтты. Мемлекет басшысының қолдауымен салаларда оң динамика қалыптасқанын, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласында серпінді жұмыстар атқарылғанын жеткізді. Соның негізінде аудан орталығынан шалғайда орналасқан елді мекендерде аяқ су мәселесі шешіліп келе жатқанын тілге тиек етті. Мұның ауылдарда кәсіпкерліктің жандануына, тұрғындар әлеуетінің жақсаруына септігі мол екенін атады.
Аталған елді мекендерде күрделі шешімін таппай келе жатқан мәселелер бар. Бұл ауылдарда ірі шаруашылықтар жоқ, электр желілері тозығы жеткен, аяқ су мәселесі де түйіткілді. Бұл мәселелерді тұрғындар алдыңғы кездесулерде көтерген болатын. Осы бағытта аудан әкімдігі тиісті сала басшылармен бірлесіп, қажетті жұмыстарды атқарды.
Электр желілері бойынша аудан әкімдігімен ұсынылған жобаға сәйкес тиісті қаржы бөлінді. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні Жетікөл ауылына инвесторлар келуде. Алғашқы жер ашу, тұқым әкелу жұмыстарын жүргізуде.
Аяқ су мәселесіне қатысты аталған елді мекендерге келетін каналдардың биылғы жылы тазартылғандары бар. Дегенмен, жұмысты тоқтатпай, облыстық мекемелермен бірлесіп, жобаларды ұсына отырып, тазарту жұмыстарын жалғастыруды аудан әкімі сала басшыларына тапсырды.
Жетікөл ауылында ұялы байланыс өте қиын болып келген. Ауыл әкімі демеушілерді тарта отырып, жыл соңына дейін «Kcell» байланыс операторының антеннасын орнату бойынша келісімге келгенін жеткізді.
Кездесулерде тұрғындар өздерінің ұсыныстарын жеткізді.
«ТТ» ақпарат