Республикалық байқауға жолдама
Ақжармалық Аңсар Нұрланұлы №130 Абай атындағы орта мектепте 8 сыныпта оқиды. Ол жақында «Тарихи шежірем. Менің тегімнің тарихы» атты жалпы білім беретін мектептер арасында өтетін республикалық байқауға жолдама алды.
Алдымен аудандық кезеңде 15 оқушының арасынан оза шапқан талапкер облыста да үздік атанды. 25 оқушының арасынан бір өзі Астана қаласында өтетін республикалық кезеңде өзінің жазған еңбегін қорғайтын болады. Жобаны жетекшісі – тарих пәнінің мұғалімі Мәрия Есімовамен әзірледі.
Аңсар Нұрланұлы қазылардың алдында өзінің шыққан тегін, руын, ата-бабасы туралы ізденісін қорғап шықты. Бірінші портфолиясында жазылған отбасының шежіресін мүдірместен айтып шығып, бесінші атасы Сүлеймен атасына тоқталды. Арғы атасы Сүлеймен арабша сауатты, емші болған. Қасиеті көп бабасы ел-жұрты берген сыйларын ешқашан алмай, кедей-кепшікке үлестіріп берген. 80 жасында өмірден озған Сүлейменнің жұбайы Абза 13 құрсақ көтергенімен оның жетеуі өмір жалғастырмаған. Яхия мен Абат және бес қыз өсіп-өніп, үлкен әулетке айналған. Жобасын таныстырған Аңсар өз атасы Яхияның совхозда күріш еккенін айтады. Ал екінші атасы Абат туралы арнайы портфолия дайындап, көпшілікке таныстырған.
Ауданға есімі белгілі Абат Сүлейменов – «СССР мемлекеттік сыйлығының лауреаты» атағын алған азамат. Еңбектегі зор табыстары үшін «Қызыл Ту», «Октябрь революциясы», «Ленин» орденімен наградталған. Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінен сыйлыққа жеңіл автокөлік мінген. Заманында озат күрішші атанған еңбек адамы бірнеше рет облыстық, аудандық Кеңестің депутаты, облыстық партия комитетінің бюро мүшесі болып сайланған. Гектарына 129 центнерге дейін өнім алған атақты күрішшінің еңбегі лайықты бағасын алған.
Байқауға қатысудағы мақсатын Сүлеймен бабасы мен Абат Сүлейменов атасының есімін қайта жаңғырту деп түсіндірген жас талапкер осы еңбегі арқылы кейінгі ұрпаққа үлгі етті.
Тамырын тереңге жайған әулеттің ұрпағы Аңсар Нұрланұлы өз әкесінің есімін де мақтанышпен айтады. Батыр аталарының ізін жалғастырушысы ретінде болашақта жас өрендерді тектілік пен ата-баба тарихын, шежіресін жетік біліп, қастерлеуге үндейді.
Білім бәйгесінде оза шапқан Аңсар – үздік оқушы. Әкесі Нұрлан «Ақжарма және К» шаруа қожалығында күріш егеді, анасы Фарида – мектепте мұғалім. Әпкесі Нұрай – да мектепте жас маман, ал інісі Ернар – 3 жаста.
Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, шежіре мен ата-баба дәстүріне құрметпен қарау – Аңсардың қанына сіңген қасиет. Сондықтан алдағы болатын республикалық кезеңде де жас шежірешісінің жұлдызы жарқырай түссін деген тілектеміз.
Бибісара ЖАНӘЛІ