Шеберлікте шек бар ма?!
Аудан орталығындағы Тереңөзек кенті мәдениет үйінде «Нұр-Рамазан» оқу орталығының ұйымдастыруымен салтанатты куәлік тапсыру рәсімі өтті.
«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» аясында қысқа мерзімді курс тыңдаушыларына қолөнер шебері Нұрсұлу Ажарова дәріс берген. Оқу орталығы 2012 жылы құрылып, мүмкіндігі шектеулі жандарды, жұмыссыз қыз-келіншектерді оқыту және жұмыспен қамтуды мақсат еткен. Қоғамдық қор жанынан ашылған курста қыз-келіншектер тігін ісінің қыр-сырымен танысып, оны үйреніп, кәсіпкер болуларына қолдау жасалуда. Оқуды аяқтағандарға жұмысқа орналастыру мүмкіндігі де қарастырылған.
Салтанатты жиында аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Әбдіманап Батталов пен аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің сектор меңгерушісі Ләззат Қозыбаева арнайы курсты аяқтаған тігіншілерге арнайы сертификат пен куәліктерін тапсырды.
– Тігінші дегеніміз – дәлдік, теңдік, үйлесім, жарасым, сәндік, сұлулық секілді дүниені қамтитын шығармашыл адам. Тігінші өз қолынан шығарған бұйымы арқылы көңілге шабыт, шаттық ұялатады, адам бойына сәндік сыйлайды. Қысқа мерзімді курс барысында қыз-келіншектерді тігіншілікке үйрету арқылы ептілікке, іскерлікке, шеберлікке, дәлдікке баулыдым. Оқу курсын ойдағыдай аяқтағандардың арасында ер азаматтар да бар. Болашақта барлығы да жұмыспен қамтылып, сондай-ақ, осы бағыттағы кәсіппен айналысып, үйренгендерін іс жүзінде көрсетіп, табыс табады деген сенімдемін, – дейді оқу орталығының жетекшісі Н.Ажарова.
Іс-шарада оқу курсын бұдан бұрын аяқтап, осы күні кәсіпкерлік саласына ден қойған бірқатар тігінші шеберлерге орталық басшысы «Алғыс хат» тапсырды.
Жиын соңында екі келінін бірдей оқытқан 81 жастағы кейуана Зияш Үсенова жұмыссыздарды қолдап, мемлекеттік бағдарлама арқылы арнайы курс ұйымдастырған оқу орталығына алғысын білдіріп, батасын берді.
Айту керек, 2019 жылдан бастап тігін ісіне үйретіп келе жатқан оқу орталығының жетекшісі осы күнге дейін 70 тыңдаушыға арнайы куәлік тапсырған. Жалпы, ауданда осы бағыттағы жұмыстарға қыз-келіншектер ерекше қызығушылық танытуда.
Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ