Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БІР ЖЫЛДА 1032 АДАМ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛДЫ

БІР ЖЫЛДА 1032 АДАМ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛДЫ


ХАЛЫҚТЫҢ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛУ ДЕҢГЕЙІН АРТТЫРУ МЕН ӘЛ-АУҚАТЫН ЖАҚСАРТУҒА ЖӘРДЕМДЕСУ, ЖҰМЫССЫЗДЫҚТЫ ҚЫСҚАРТУ МАҚСАТЫНДА ҚАБЫЛДАНҒАН «ЕҢБЕК. НӘТИЖЕЛІ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ЖАППАЙ КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУДЫҢ 2017-2021 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН» БАҒДАРЛАМАСЫ ҮШ БАҒЫТТА ІСКЕ АСАДЫ. МАМАНДЫҚҚА ҚАЙТА ДАЯРЛАУ КУРСЫН ҰЙЫМДАСТЫРУ, ЖАППАЙ КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ СИЯҚТЫ БАСЫМ БАҒЫТТАР ЖҰМЫССЫЗДЫҚ ДЕҢГЕЙІН ТӨМЕНДЕТЕДІ. АУДАНДА БАҒДАРЛАМАНЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСУЫ ТУРАЛЫ БІЛУ МАҚСАТЫМЕН ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ Е.ДӘУІТБЕКҰЛЫНА БІРНЕШЕ САУАЛ ҚОЙДЫҚ.
–Еркебұлан Дәуітбекұлы, мемлекет тарапынан жұмыссыздықты жоюға бағытталған бағдарлама қабылданғаны белгілі. Сіз басқарып отырған орталық жұмыспен қамту мәселесімен және жұмыссыздық деңгейін төмендетумен айналысады. Жалпы осы бағытта атқарылған іс-шаралар нәтижесі қандай болды? Жұмыссыздық деңгейі қанша процент?
–Аудан халқының саны бойынша экономикалық белсендісі 18046 адам. Өткен жылы жұмыспен қамту орталығына 2393 адам хабарласты. Оның 1032-і тұрақты жұмыспен қамтылды, аудан бойынша қазір жұмыссыздық деңгейі 5,1 процент.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарлама негізгі үш бағытта жүзеге асуда. Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен, қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету. Бұл бағыт бойынша өткен жылы облыстық бюджеттен 26 млн. 400 мың теңге қаржы бөлінді. Өңірлік комиссия бекіткен 7 мамандық бойынша 87 адам оқыды. Олар кондитер, маманданған бала күтуші, педикюр-маникюр шебері, тігінші, әйелдер шаш үлгісін жасау шебері, электро монтер, массажист мамандықтарын алып, 53-і тұрақты жұмысқа орналасты. Және де еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау мақсатында Сырдария аграрлық-техникалық коллдежінде 15 адам тракторист-машинист мамандығына оқуда.
– Сөзіңізді бөлейін, осы қайта оқытылып, басқа салаға маманданғандар ішінде кәсіпкерлікке бет бұрғандары бар ма?
Я, бар атап айтқанда 2018 жылы бағдарламаның екінші бағытына өзгерістер еніп жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру тетігі бойынша 60 адам 14430,0 мың теңге гранттар ұтып алды, сонын ішінен 25 адамы қысқа мерзімді кәсіптік оқу оқығандар грант алып оқыған мамандықтары бойынша кәсіптерін ашып жұмыс жасауда. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағыты бойынша «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, «Сырдария-1» несие серіктестігі, «Өңірлік инвестициялық орталық» ЖШС-і 159 адамға несие берді. Нәтижесінде 200 жұмыс орны ашылып, кәсіпкерліктің дамуы жаңа сатыға көтерілді. Бүгінде «Бастаубизнес» жобасына сәйкес 170 адам оқу курсын аяқтады. Оның 50-і несие алған кәсіпкерлер.
Бағдарламаның үшінші бағыты халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту. Жастар тәжірибесіне 190 жас маманға республикалық, облыстық бюджеттен қаржы қаралып, 2018 жылы 333 жас мамандар мамандықтары бойынша түрлі салаға жолданып тәжірибеден өтті, 31-і тұрақты жұмысқа орналасты. Жастар жылының жариялануына байланысты жұмыссыз жастарды жұмыспен қамту бірінші кезекке қойылды.
– Жұмыссыздықты азайтуда әлеуметтік жұмыс орындары мен қоғамдық жұмыспен қамтуды ұйымдастырудың нәтижесі қандай болды? Тұрақты жұмыспен қамтылғандар бар ма?
– Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруға республикалық бюджеттен қаржы қаралды. Жыл соңына дейін 17 мекемеге 48 азамат жолданды. Ақылы қоғамдық жұмыспен 400 жұмыссызды қамту белгіленсе, жыл соңына дейін 498 адам қоғамдық жұмысқа жіберілді. Бұлардың 69-ы тұрақты жұмысқа орналасқанын айта кеткен жөн.
– Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың орналасуы бойынша айтсаңыз. Мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмыспен қамтуды күн тәртібінен түсірмей отыр. Осы бағытта қандай жұмыс жасалуда?
Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа орналастыру бойынша 41 азамат тұрақты жұмысқа орналасты. Бұл бойынша арнайы іс-шара жоспары бекітілген жоспар бар, меже бар. Қазір белгіленген жоспар артығымен орындалды.
– Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру, яғни солтүстік өңірлерде жұмыс күші тапшы екеннің білеміз осы бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде?
Жұмыссыздармен жұмыс жүргізудің нәтижесінде өзге өңірлерге қоныс аударуға тілек білдірген отбасылар болды. Жалпы ауданнан Солтүстік Қазақстан облысына – 3, Қостанай облысына – 6, Шығыс Қазақстан облысына – 3 отбасы қоныс аударды.
Өткен жылы 11 рет бос жұмыс орындарына жәрмеңке ұйымдастырылып, оған 386 жұмыссыз қатысты. Тұрақты жұмысқа бір жылда 198 адам орналасты.
– Алда атқарылатын жұмыс жоспарыңыз жайлы айтсаңыз?
– Жоғарыда аталған бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамту үшін қаржы бөлінді. Қысқа мерзімді қайта даярлау курсына 105 адамды оқыту жоспарланды. Бағдарламаның жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша екінші бағытына сәйкес 80 адамды несиелендіруге республикалық бюджеттен 280 млн. теңге жобаланып отыр. Сонымен қатар аталған бағыттың «Бастау Бизнес» жобасына сәйкес 100 адамды оқыту көзделсе, «Жаңа бизнес идеяларға грант беру» тетігі бойынша республикалық бюджеттен 50 адамға 12625,0 мың теңге қаржы қаралды.
Жастар тәжірибесіне 126 адамға, әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруға 30 адамға республикалық бюджеттен қаржы қаралды. Үстіміздегі жылы ақылы қоғамдық жұмыспен 461 жұмыссызды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Алдағы уақытта бұл жұмыстар жалғаса бермек.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұқбаттасқан Бибісара ЖАНӘЛІ
09 ақпан 2019 ж. 1 106 0