Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел несібесі молайды

Ел несібесі молайды

Аймақ бойынша алдыңғы қатарда келе жатқан ауданымыз жыл са­йын қамбаны алтын дәнге толтырып, мол өнім алуда. Бұл жетістікке сырдариялық диқандар тынымсыз еңбектің нәтижесінде жетіп келеді. Сол үрдіспен биыл да қажырлы жұмыс жасап, диқандар мерейі үстем болды.

Жалпы, биыл ауданда ауыл шаруашылығы та­уар өндірушілері 33098 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырды. Оның ішінде, негізгі дақыл – күріштің көлемі 20728 гектар болса, жаздық бидай 2119, мақсары 359, күнбағыс 2, қант құмайы 20, сүрлемдік жүгері 42, жаңа жоңышқа 2113, ескі жоңышқа 6696 гектарды құрады. Өңірде су тап­шылығының сезілуіне байланысты ауданда ауыл ша­руашылығы өнімдерін әртараптандыруға ерекше көңіл бөлінуде. Биылдың өзінде көрсеткіш 991 гек­тарға артқан. Атап айтқанда, бидай 619, мақсары 194, күнбағыс 2, картоп 88, көкөніс 19 және бақша өнімдері 77 гектарға егіліп, өнім жиналған.

– Биыл егістікке 5508 тонна күріш тұқымы се­білді. Атап айтқанда, отандық сорттар бойынша «Сыр Сұлуы» 80 гектарға, ресейлік сорттар бо­йынша «Лидер» 16425 гектарға, «Янтарь» 4223 гек­тарға егілді. Осы тұқымдар күтімге алынып, оған қажетті тыңайтқыштар, яғни қажетті минералдық ты­ңайтқыштың және арамшөптерге қарсы қолдана­тын гербицидтер толық берілді. Одан бөлек, 16000 гектар күріш дақылын тыңайтқыштармен үстеп қо­ректендіріліп, арамшөптерге қарсы 17500 гектар кө­­лемге химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Нә­ти­жесінде, аудан бойынша 20728 гектар күріш дақылынан 64 центнерден өнім алынып, барлығы 1 326 592 центнер астық жиналды. Осы өнімнен келер жылдың егініне 5200 тонна күріш тұқымы құйылды, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрбол Жұмабеков.

Өзге дақылдар бойынша да мол өнім жиналып, шаруашылық құрылымдарының қоймасына түсіріл­ген. Оған қоса, мал азығы да дайындалған. Мәселен, аудандағы шаруашылық құрылымдары жоңышқа да­қылының 4924 гектарынан үш орым бойынша 19675 тонна мал азықтық шөп жинаған. Сондай-ақ биыл егілген жаңа жоңышқадан 15456 тонна мал азығы әзірлерген.

Жыл басында аймақ басшысы азық-түлік қа­уіп­сіздігін қамтамасыз ету мақсатында тұрғын­дар­дың әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерін егуіне жағдай жасау керектігін тапсырған еді. Соған орай аудандағы іргелі шаруашылықтар ауыл тұрғындары үшін егіс алқаптарынан 210 гектар қосымша жер ашып, ол жерлер 840 отбасыға бөлініп берілді. Бөлініске берілген жердің 90 гектарына картоп, 20 гектарына көкөніс, 100 гектарына бақша дақылдары егіліп, тұрғындар күтімге алған болатын. Берекелі күз мезгілінде елді мекен тұрғындары өздері еккен бақша дақылдарын жинап, қыстық азы­ғын қамдап алды.

Сонымен қатар, ауданда картоп, көкөніс, бақ­ша дақылының 1019 гектары толық жиналған. Оның ішінде, 398 гектар картоптан 8438, 209 гектар көк­өністен 4723, 412 гектар бақша өнімдерінен 11618 тонна өнім алынған.

Ерте көктемнен егін еккен еңбеккерлер алтын күзде әр дәнді, дақылды ысырапсыз жинап алды. «Елде болса, ерінге тиеді» демекші, сол жиналған өнімнен елдің ризық-несібесі де арта түсетіні анық. Сондықтан мол өнімнің қамбаға түсуіне мұрындық болған егінші қауымның мерейі үстем болсын.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
18 қазан 2022 ж. 372 0