Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Көктемгі қарекет

Көктемгі қарекет

Кетпенін асынған шаруа­лар көктем келісімен егістік танапқа бет алды. Жылдағы үрдіспен егін егудің қамын жасап, тынымсыз тіршілікке кірісіп кетті. «Көктемнің бір күні жылға азық» екенін білетін олар бүгінде жерді тегістеп, ақ егіс­ті егуде.
Былтырғы жағдайдың қиын болғаны баршаға белгілі. Су тап­шылығы биыл да шаруаларды тығырыққа тіремесе игі дейміз. Өткен жылы су тапшы болғанда шаруашылықтар егісті кезекпен суарып, насос қон­дырғыларын пайдаланды. Осы бағытта биыл да айтарлықтай жұмыс жүргізілуде. Мәселен, осы жылы шаруашылық құрылымдары 33 дана, аудан бойынша барлығы 54 дана насос қондырғыларын каналдар мен қашыртқылар бойына орналастырып, егіске су алмақшы. Ал елді мекендерді аяқ сумен қамтамасыз ету үшін аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына 22 дана насос қондырғысы қажеттілігі жөнінде ұсыныс берген. Бұл ретте, су арналарының да тазартылуы назарда болуы тиіс. Өткені су жолдарындағы кедергілердің өзі егінге кері әсерін тигізері анық. Осыған орай қашыртқылар мен каналдарды тазалау, гидротехникалық құрылыстарды жөндеу бойынша каналдардан 141600, ішкі су жолдарынан 95200 текшеметр топырақ шығарылған. Сондай-ақ 20 гидробекет, 30 су тартатын қондырғы жөн­деліпті.
Негізгі дақыл егілемін дегенше диқандар ақ егісті орналастырады. Сонымен қатар мал азығы болатын жоңышқа тұқымын да ерте себеді. Осыған байланысты бүгінгі күні ауданда 1402 гектарға жаздық бидай егілген. Бұл жұмыстар алдағы күндері толық аяқталып, 1606 гектер жерге жаздық бидай егу межеленген. Оған қоса шаруашылық құрылымдары 1201 гектар жерге жаңа жоңышқа орналастырды. Ал аудан бойынша ескі жоңышқа көлемі 6597 гектарды құрап отыр.
Өңірдегі су жағдайына байланысты жыл басынан шаруаларға егіс­тік көлемін азайтуға және суды аз қажет ететін дақылдарды егуге қатысты түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Соның нәтижесінде ауданда негізгі дақыл көлемі 800 гектарға жуық азайып отыр.
– Аудан бойынша жалпы 32444 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру межеленіп отыр. Оның ішінде, негізгі дақыл күріш 20100, мақсары 237, сүрлемдік жүгері 70, жаңа жоңышқа 2773, картоп 418, көкөніс 213 және бақша 430 гектарға егіледі деп күтілуде. Өткен жылы Сыр дақылы күріш 20877 гектарға орналастырылған болатын. Биыл оның көлемі 777 гектарға азайды. Бұл су жағдайына байланысты екені мәлім. Сонымен қатар биылғы жылдың егісіне 5125 тонна күріш тұқымы құйылды. Құйылған тұқымының 5,2 пайызын отандық сорттар, 94,8 пайызын ресейлік сорттар құрайды. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге барлығы 744 ауыл шаруашылығы техникасы қатысады деп жоспарлануда. Шаруашылық құрылымдары егінге қажетті тыңайтқыштарды сатып алуда, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрбол Жұмабеков.
Өткен жылғы қиындықты шаруалар еңсеріп шықты. Биылғы жағдай да оңайға соқпайтынын мамандар айтуда. Десе де, ел несібесі болған егінді егіп, оны ысырапсыз жинап алуда тәжірибелі шаруаларға иек артылатыны анық. Ел қамбасының астыққа толуына ел де тілекші. Сондықтан биыл да берекеміз таситынына сенім мол.

Ердос БЕРКІНБАЕВ
12 наурыз 2022 ж. 523 0