Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Көмір қоры жеткілікті ме?

Көмір қоры жеткілікті ме?

«Қыстың қамын жаз ой­ла» демекші, келесі айда жы­лу беру маусымы бас­талады. Бүгінде аудан бо­йын­­ша қытымыр қысқа да­йын­дық барысы тұрақты пысықталуда. Қырық мың­ға жуық жергілікті халық­тың аязды күндері тоңбауы үшін осы кезден қамдан­баса болмайды. Жалпы, Терең­өзек кенті көгілдір отын­ға қосылғанымен, үйіне газ кір­гізбеген жергілікті тұр­ғын­дар жеткілікті. Бұл ретте, аудан тұрғындарының сұ­­ра­­нысын қанағаттандыру мақ­сатында көмір қоры то­лық­тырылу үстінде.

Расында, аудан орталығындағы тұрғындар көгілдір отынның игілігін көруде. Біршама үй отын жарып, күл шығарудан арылғанымен, кейбір үйлер қатты отынға тәуелді. Сан түрлі отбасылық жағдайға байланысты барлығына бірдей газ кіргізу мүмкін де емес. Одан бө­лек елді мекен тұрғындары да көмірге мұқтаж. Сондықтан отын мен көмірді уақытылы түсіріп алған абзал. Осы ретте, қыс мезгілінде көмір тапшылығы орын алмас үшін тиісті іс-шаралар қабылданғаны дұрыс. Аудан орталығында көмір сататын бірнеше жер белгіленген. Сонымен бірге жүк көлігімен үй-үйді аралап, көмір сататын жеке кәсіпкерлер де бар.

Қазіргі уақытта Тереңөзек кенті, Бауыржан Момышұлы көшесі №31 мекен жайында орналасқан «Углесбыт» ЖШС көмір қоймасында барлығы 400 тонна көмір қоры бар. Өз кезегінде жергілікті тұрғындар көмірдің 1 тоннасын 16500 теңгеден сатып ала алады. Алдағы уақытта қосымша 11 вагон, яғни 760 тонна көмір жеткізіледі деп күтілуде.

– Қазір қоймада «Екібастұз» көмірі бар. Тұрғындар күнделікті жеткілікті деңгейде көмір алуда. Алдағы уақытта 11 вагон «Шұбаркүл» көмірі келеді. Әзірге көмірден тапшылық жоқ. Қажетті қатты отын мөлшері келіп тұр. Қазір тұрғындар да уақытылы көмір алуға дағдыланды. Анығын айтқанда, қыс маусымында ауа райы қалай болатындығын болжай алмаймыз. Сондықтан жергілікті халық қолдағы қаражатын үнем­деп, көмір алып алғаны жөн, – дейді Серікбол Есенов.

Көпшілік арасында «Шұбаркүл» көмірін алғысы келетіндер көп. Алдағы уақытта күн райы құбылып, суытқан жағдайда таңдауға мүмкіндік болмайды. Сондықтан қысқа ерте бастан қамданған жөн. Бүгіннің өзінде жұртшылықтың басым көпшілігі 2-3 тоннадан, кейбірі 5-6 тоннадан көмір түсіріп алған.

– Күз келіп, етек-жеңімізді жиып, қыс мау­­сымы­на дайындықты бастадық. От жағуға арналған пеш­тің көзін ашып, қауіпсіздікке көңіл бөлген дұрыс. Бар­лығымызда қызуы жақсы көмір алғанды жөн санаймыз. Алты ай жылу маусымында 5-6 тонна көмір жағамыз. Әрине, үйіміздің жылы болуы үшін қаражатты аямаймыз. Уақытында көмірдің шарықтап өсетіні белгілі. Сондықтан тиімді бағада алып қойған жөн, – дейді кент тұрғыны Ж.Ізбасқанова.

Өз кезегінде тұрғындарға қыс маусымында қиналып қалмау үшін дер кезінде көмір түсіріп алған артық болмайтынын ескерген жөн.
Балтабай Аябекұлы
24 қыркүйек 2022 ж. 679 0