Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі көктемгі дала және егін егу жұмыстарымен танысты

Аудан әкімі көктемгі дала және егін егу жұмыстарымен танысты

Бүгін аудан әкімі М.Ергешбаев Қалжан ахун ауылындағы «БАҚ» және «Нұрбек» шаруа қожалықтарының егістік алқаптарын аралап көрді. Шаруашылық төрағалары А.Құлбаев пен С.Әбжәлиев егін науқанында атқарылып жатқан жұмыстарды айтты.

Биыл қос шаруашылық 1000 гектар жерге күріш егуді жоспарлаған. Бүгінде Сыр дақылы саналатын күріш тұқымдары себілу үстінде. Сондай-ақ 154 гектар жерге жаңа жоңышқаны орналастырса, 312 гектар ескі жоңышқаны күтімге алынған. Бұл жұмыстарға шаруашылықтардың техникалары сақадай сай дайындалған. Қазіргі таңда атыздықтарда қызу еңбек жүруде.

«Нұрбек» шаруа қожалығының төрағасы А.Құлбаев аудан басшысына биылғы жаңалықтармен бөлісті. Төраға шаруашылық жерлері жарты ғасырдан бері тегістелмегенін атады. Соған байланысты биыл қос шаруашылыққа бір-бір данадан «Claas» техникасы жер тегістеуішімен алынған. Аталған техникалармен ерте көктемнен жерді 0-дік деңгейде тегістеу жұмыстары жүргізілген. Соның нәтижесінде қос шаруашылықта 140 гектар жер тегістелген. Қазір науқандық жұмыстар басталып кетті. Бұл жұмыстар егін жиналып болғаннан кейін жалғасын тауып, 2-3 жылдың көлемінде барлық егістік тегістелмек. Оның мол өнім алуға және су көлемін 30-40 пайызға дейін үнемдеуге септігі зор.

Шаруашылық жерлерін аралаған аудан басшысы еңбеккерлерді бүгінгі Ораза айт мерекесімен құттықтап, атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берді.

– Сыр күріші – ел ырысы. Ырысты өлкеде егіннен тау тұрғызып, мол өнім алып жүрген сырдариялық диқандардың жыл сайын мерейі үстем болуда. Биыл да аудан еңбеккерлері қамбаны астыққа толтыратынына сенімдіміз. Бұл ретте Қалжан ахун ауылындағы шаруашылық еңбеккерлері сүбелі үлес қосатыны анық. Науқандық жұмыстарды сәтті аяқтауға тілектеспін. Қырмандарыңыз таси берсін, – деді аудан әкімі Мұрат Нәлхожаұлы.

Биыл ауданда 32 228 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарлануда. Негізгі дақыл – күріштің көлемі 20 230 гектар. Одан бөлек, 1747 гектар жаздық бидай, 287 гектар мақсары, 15 гектар қант құмайы, 8958 гектар мал азықтық дақылдар және 991 гектарға картоп, көкөніс, бақша дақылдарын орналастыру жоспарланып отыр.




Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі


02 мамыр 2022 ж. 560 0