Теңге мен рубльдің құлдырауынан соң тауарлардың бағасы күрт қымбаттауы мүмкін
Теңге тағы құнсыздана бастады. Тіпті бағамының жылдам түсуінен ақша айырбастау орындары таблоны сәт сайын ауыстырып әлек. Ал бұған Ресейдегі ахуал себеп. АҚШ-тың соңғы санкциясы көршіміздің қаржы нарығын тұралатып жатыр, деп хабарлайды КТК арнасының сайты.
Кеше рубль құнсызданып, тіпті ресейлік олигархтар мен алпауыт компаниялар миллиардтаған долларынан жоғалтқан. Бұл жолғы қаржы секторы орасан зор шығынға батқалы тұр деп болжайды сарапшылар. Бұның салқыны экономикасы солтүстіктегі көршісімен тығыз байланысқан Қазақстанды да айналып өтпесі анық. Тауар бағасы мен валюта бағамы енді қандай болмақ?АҚШ пен Ресей арасындағы текетірес одан әрі ушығып, санкцияның салқыны солтүстіктегі көршімізді бір сілкіп тастады. Себебі, Ақ үйдің соңғы қара тізіміне ресейлік 7 ірі кәсіпкер мен 12 компания іліккен болатын. Ал, санкция салынысымен ресейлік олигархтар иелік ететін компаниялардың акциясы құлдырап, көрші елдің қор биржасы қожырап кетті. Тіпті, рубльдің долларға шаққандағы құны бір күннің ішінде 4,3 пайызға дейін құлдыраған. Сарапшылар болса, Ресейдің қаржы секторы кейінгі 4 жылда мұндай ауыр соққыны бастан өткермегінін айтады.
“2014 жылғы құлдырау Ресейдің қарулы күштерін ел шекарасынан өзге аймақта қолдануы мүмкін деген шешімінен туған еді. Әрі қарай Қырым оқиғасымен ұласты. Ал, содан бері санкциялар көбейіп, қазір шегіне жетті. Бұған дейін ресми Мәскеу кейбір азық-түлікке қатысты санкциялардың жолын тапқан еді, қазір қаржы секторы шайқалып кетті. Мәселен, ресейлік олигарх Дерипаска санаулы күнде 1 миллиард долларын жоғалтты. Тіпті, Ресей экономикасының маңызды активі саналатын «Сбербанктың» акциясы төмендеп кеткен”, – дейді экономист Әкімжан Арупов.
«Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде» дегеннің кебін киюіміз мүмкін дейді сарапшылар. Ақ үй Ресейге салған санкияның кері әсері Қазақстанда қазірдің өзінде сезіле бастады. Рубльдің ізін ала теңгенің тұрақтылығы сан құбылып, ақыры 14 теңгеге құнсызданып шыға келді. Ең сорақысы, жақын күндері Ресейден ағылатын тауарлардың құны шарықтауы мүмкін дейді экономистер.
“Шындығын айтқанда мұның салдарын кеңінен болжау өте қиын. Біз Ресеймен Еуразиялық экономикалық одақ деңгейінде өте тығыз қарым қатынас орнатқан әріптестің біріміз. Сондықтан, рубль құнсызданса теңгенің де әлсіреуін байқай аламыз. Әрине, Ұлттық банктің жеткілікті қоры бар. Бірақ, еркін айналымдағы нарық заңдылығынан қашып құтыла алмайсың. Сондай-ақ, біз көп тауарды Ресейден импорттаймыз. Рубль құнсызданса, сол тауарлардың бағасы шарықтап шыға келуі ғажап емес”, – дейді экономист Әкімжан Арупов.
Ал, екі алпауыт арасындағы айқас әзірге қанша уақытқа созылатыны белгісіз. Себебі, әрісі Қырым мәселесі, Сирия сергелдеңі және ресей тарапы улады деген тыңшы Сергей Скрипаль төңірегіндегі дау Ресейдің төбесінен қара бұлт болып төніп тұр.
Ресми Кремль қазір жаңа шектеу есеңгіретіп кеткен экономикалық ахуалды реттеуге тырысып, шығын көлемін есептеп әлек. Сонымен қатар, миллардатаған долларынан айырылған компанияларға қолдау білдіреміз деді. Бірақ, санкцияның соңы бұл емес екенін ескерсек, елімізге де қаржы нарығын қымтап, шетін іске сақадай сай тұрғаннан басқа амал жоқ. Себебі, сарапшылар, экономикалық тұрғыдан Ресейге тәуелді екенімізді тағы да шегелеп айтты.
Пікір 2