Соңғы ескерту берілді
«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, бұл жолғы жиын да бұрынғыдан өзгерек болды. Аппарат мәжілісінде аудан әкімі Мұрат Ергешбаев өз міндетіне салғырт қараған басшыларға сұрақты төтесінен қойып, жауабы мардымсыз сала басшыларына соңғы ескерту берді. Мәжіліске кент және ауыл әкімдері, бөлім, мекеме басшылары қатысты.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе жылу беру маусымына дайындық барысына арналды. Аудан басшысы қыс мезгілінде бірде-бір нысан жылусыз қалмауы керектігін қатаң ескертіп, қамданған қапы қалмайтынын қаперде ұстаған жөн екенін айтты.
– Әр мезгілдің өзіне тән ерекшелігі болады. Қыс айында біз бірінші кезекте әлеуметтік нысандардың жұмысын қатаң бақылауда ұстауымыз керек. Бұл қоғамдық-саяси ахуалдың орнықты болуы үшін де аса маңызды. Егер халыққа қызмет көрсететін бір нысанда жылу болмай қалса, онда бұл олқылыққа сол мекеменің басшысы тікелей жауап береді. Бұған дейін аймақ басшысының төрағалығымен өткен жиында алдымызға нақты міндеттер қойылды. Сол тапсырмаларды сапалы, уақытылы орындау – бәріміздің ортақ міндетіміз. Ал жылу маусымына байланысты аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі күнделікті зерделеу жұмыстарын ұйымдастырып, ақпараттар ұсынып отыруы тиіс. Көмірмен, газбен қамтамасыз етілмей қалған бірде-бір нысан қалмауы қажет, – деді аудан әкімі.
Жиында бөлім басшысы Ж.Файзуллаев жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын баяндады. Аудан әкімінің өкімімен штаб құрылып, іс-шаралар жоспары бекітілгенін айтқан бөлім басшысы 80 әлеуметтік нысанның дайындығына жеке тоқталып, оның 37-і білім, 26-ы мәдениет, 17-і денсаулық сақтау саласына қарасты екенін айтты.
– Әлеуметтік нысандарға қажетті сұйық және қатты отын сатып алуға 537,4 млн теңге бөлінді. Нақтырақ айтқанда, 2047 тонна сұйық отынға 481,7 млн теңге, 2550 тонна қатты отынға 55,7 млн теңге бөлініп, тасымалдаушылармен келісім шарттар жасалды. Бүгінгі күнге әлеуметтік нысандардың қоймаларында 181 тонна сұйық отын, 280 тонна қатты отын бар. Қалғаны жылу беру маусымында тасымалдаушылармен келісімге сәйкес жеткізілетін болады. Негізінен, аудан көлеміндегі көмір тасымалдаумен «Углесбыт» ЖШС мен «Нұрдәулет» ЖК айналысады. Кәсіпкерлермен жылу беру маусымында тұрғындарға қажетті 10 мың тонна көмір жеткізуге және тиімді бағамен сатуға меморандум жасалды. Бүгінгі күнге «Углесбыт» серіктестігінің қоймасында 276 тонна «Шұбаркөл» көмірі жеткізіліп, тоннасы 16,5 мың теңгеден сатылуда. Сонымен қатар қыркүйек айының ішінде тағы да 15 вагон көмір келеді деп жоспарлануда, – деді бөлім басшысы.
Соңғы екі жылда Тереңөзек кентінің тұрғындары табиғи газдың игілігін көріп, ауыр жұмыстан арылғаны белгілі. Дегенмен, мәселе толық шешілді деп айтуға әлі ерте. Мысалы, жаңадан салынған тұрғын үйлерді газдандыру мәселесі өте өзекті. Осы мақсатта құны 143,8 млн теңгені құрайтын жоба бойынша 207 дана газ басқару шкафы орнатылып, 9,7 шақырымға газ құбырлары тартылған. Қазіргі таңда «Қызылорда газ тарату жүйесі» мекемесі арқылы газ қосу жұмыстары жүргізілуде.
– Жыл басында Тереңөзек кенті бойынша тұрғындарды газдандыру 60 пайызды құраса, 6 айдың қорытындысымен осы көрсеткіш 80 пайызға жетті. Ал 9 айдың қорытындысымен кент тұрғындарының газбен қамтылу көрсеткіші 100 пайызға жеткізілетін болады. Бүгінгі күнге кент бойынша қалған 8 тұрғын үйдің газ басқару шкафына газ жеткізу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстар 10 күн мерзімде толық аяқталады, – деді Ж.Файзуллаев.
Бөлім басшысының берген мәліметіне сенімсіздік білдірген аудан әкімі бірқатар өзекті мәселеге назар аударды. Біріншіден, жоғарыда аталған 80 нысанның әлі бірде-бірі жылу беру маусымына дайындығын растайтын құжат алмағанын айтты. Бұл мәселе 1 қыркүйекке дейін реттелмесе, бөлім басшысы мен нысан басшысының жауапкершілігі қатаң қаралатынын ескертті.
– Сіз қажетті 2047 тонна сұйық отынның қазір қоймаларға 181 тоннасы ғана түскенін айттыңыз. Ал 2550 тонна көмірдің тек 280 тоннасы ғана жеткізілген. Сонда қалған 1866 тонна сұйық отын мен 2270 тонна қатты отын қайда? «Қыркүйекте жеткізіледі» дейсіз, оған қандай нақты кепілдік бар?, – деді сұрақты төтесінен қойып аудан әкімі.
Бөлім басшысы мердігер мекемелермен келісілгенін айтып ақталғысы келгенімен мәселеден айналып өте алмады. Өйткені, келісім тек ауызша жүргізілген. Ал жылу беру маусымы ауызша келісіп, жүрдім-бардым қарағанды көтермейді. Қыр астындағы қыстың дүлей мінезі мен бизнестегі форс-мажор дүйім елді әбігерге салуы әбден мүмкін. Сондықтан аудан басшысы бөлімнің жұмысын сынға алып, жылу беру маусымына дайындықты нөл (0) деп бағалады. Оның үстіне жылыту қазандығын газ отынына қайта жабдықтау жұмыстары жүргізіліп жатқан 5 нысандағы жайбасарлыққа назар аударып, сала басшыларының салғырттығынан балабақша, мектеп, аурухана жылусыз қалудың алдында тұрғанын атап өтті.
– Неге баяндамаңызда бәрі жақсы? Неге мәселелер тереңірек айтылмайды? Бесарықтағы мәдениет үйінің екі пеші де жарамсыз екенін, Айдарлы ауылы әкімдігі қажетті отын көлеміне қатысты конкурсты енді жариялайтынын біз неге бүгін білуіміз керек? Бұл мәселені жаз бойы неге менің назарыма ұсынбайсыз? – деді аудан басшысы.
Орынды сауалдарға сала басшылары тарапынан нақты, жүйелі жауап берілмеді. Өйткені, мәселеден мардымсыз жұмыстың иісі шығып, салғырттық менмұндалап тұр. Мұндай жұмыс аудандық қорғаныс істері бөлімі орналасқан ғимаратқа да қатысты. Аудан әкімі әр нысанды жеке аралап шығатынын ескертіп, аппарат басшысына жұмыс кестесін өзгертуді тапсырды. Сондай-ақ қыркүйектің басында кеңейтілген жиын өтетінін айтып, өз міндетіне салғырт қараған басшыларға соңғы ескерту берді.
Біраз мәселенің тиегі ағытылып, біраз басшының аяқалысы белгілі болған бірінші мәселеден кейін күн тәртібіндегі келесі мәселе кеңінен талқыланды. Аудан әкімі аудандағы мемлекеттік жастар саясатын дамыту бойынша атқарылған жұмыстардың есебін тыңдап, жастарды қолдау – болашақты қолдау екенін айтты. Бұл мәселе туралы аудандық ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Т.Нұрмағанбетов баяндама жасады.
Бірден айтайық, баяндама аудан әкіміне де, аппарат мәжілісіне қатысушыларға да ұнаған жоқ. Жаттанды сөз, жауыр болған іс-шаралар, негізді-негізсіз цифрлар... Нақты іс, жүйелі жұмыс жоқтығын ескерген аудан басшысы баяндамашыға жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі жөнінде сұрақ қойды. Алғашында 24,6 пайыз деген еді, мәжіліске қатысушылар оны 4,3 пайыз деп түзетті.
– Бөлім басшысы еңбек демалысында болса да неге өзі жетекшілік ететін саланың жұмысы талқыланып жатқанда аппарат мәжілісіне қатыспайды? Міндетін атқарушы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін тіпті нақты білмейді де. Бұл не сұмдық? Бұл жастар мәселесі назардан тыс қалғанының белгісі. Яғни салалық орынбасар мен аппарат басшысы тарапынан бақылау, талап ету, қадағалау жоқ. Мұндай бөлімнің, жастар орталығының бізге не керегі бар? – деді аудан әкімі.
Сонымен қатар М.Ергешбаев жастар ресурстық орталығындағы коворкинг орталығының жұмысы мен жастар арасында өткізілетін іс-шаралардың мазмұнын сынға алды. Коворкинг орталығына бір диван мен екі кресло және шахмат тақтасы ғана қойылғанын айтып, оның несі коворкинг орталығы екенін сұрады. Аудан басшысы коворкинг орталығында интернетке қосылған компьютер, қағаз шығаруға арналған принтер, келіссөз жүргізуге мүмкіндік беретін компьютерлік құрал-жабдықтар, тіпті бейнебайланыс арқылы жиналыс өткізу мүмкіндігі қарастырылуы керектігін айтты. Сонда ғана ол жастардың нағыз ордасы, қажетті жұмыстарын ұйымдастыратын орталық болмақ. Мұнан бөлек жиында аудан әкімі кент және ауыл әкімдерінің, бөлім басшыларының жастармен жыл басынан бері неше рет кездескенін сұрады. Орталық директоры Ғ.Оралов бірде-бір әкімнің жастармен кездеспегенін жеткізді. Осы жерде орынды сұрақ туындайды. Ол кездесуге кім бастамашы болуы керек, кім ұйымдастырып, кім үйлестіруі керек? Әрине, осы жастар ресурстық орталығы емес пе... Сонда әкімдік пен орталық арасында әріптестік байланыс мүлдем жоқ дегенді білдіреді ғой. Соның салдарынан шығар NЕЕТ санатындағы жастармен жұмыс бақылаусыз қалған. NЕЕТ санатындағы 44 жастың небәрі 23-і ғана мемлекеттік бағдарламаларға қатысқан. Қалған 21-нің тұрақты жұмысы, мамандығы, күнделікті айналысатын нақты ісі жоқ. Мұны өткен айда облыс әкімі де қатаң сынға алып, нақты тапсырмалар бергені белгілі.
– Аймақ басшысы Сырдария ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған мәжіліске NЕЕТ санатындағы жастар мәселесіне арнайы тоқталды. Ол жиынның өткеніне де біршама уақыт болды. Әлі ешқандай жұмыс нәтижесін көріп тұрған жоқпыз. Сонда кім кімді алдап, кім қандай жұмыспен айналысып жүр? Осы мәселе үшінші тоқсанның қорытындысымен түбегейлі шешілмейтін болса, онда кадрлық шешімдер қабылдаймын. Сосын жастар санатына 14-29 жас аралығындағы жастар енетін болса, орталықтың директоры да 29 жасқа дейінгі жас болғаны дұрыс деп есептеймін. Өйткені жастар ісімен жас айналысуы керек. Осы мәселе бойынша аппарат басшысына нақты ұсыныс енгізуді тапсырамын, – деді аудан әкімі.
Тағы бір айта кететін жайт, аудан әкімдігі жанындағы жастар ісі жөніндегі Кеңестің іс-шаралар жоспарында да қағазбастылық, жүйесіздік басым. Әкім өкімімен бекітілген жоспарға сәйкес 8 айда тек 2 рет ғана кеңес отырысы өткізілген. Бұған дейінгі «Жастар жылында», «Волонтер жылында» берілген тапсырмаларды орындау және «Балалар жылын» тиімді ұйымдастыру мақсатында тым болмаса айына бір кеңес отырысын өткізуге болатыны анық. Яғни жастар саясатына жауапты бөлім мен орталық қатып қалған қағидадан аттап, шеңберден шығып, өздерінің бастамасымен жұмыс жүйесін қалыптастыруға құлықсыз. Осы жөнінде кеңінен айтқан аудан әкімі нақты тапсырмалар беріп, соңғы рет ескерту жасады. Сондай-ақ мәжілісте берілген тапсырмалардың толық орындалуын бақылауды орынбасарлары мен аппарат басшысына жүктеді.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ