Домбыра тарту етілді
Ұлттық домбыра күні ауданда бір қыз бала дүниеге келді. Осыған орай, аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен «Сырдария ауданының әйелдері» ҚБ ұйымдастыруымен дүниеге келген сәбидің отбасына домбыра тарту етілді.
Іс-шараға бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы Дәуірхан Тағыбергенов, «Сырдария ауданының әйелдері» ҚБ төрайымы Ұлмекен Жанәлиева, аудандық ішкі саясат бөлімінің маманы Ажар Оразымбетова, ақ халатты абзал жандар қатысты.
Мерекеде С.Сейфуллин ауылының тұрғыны Жансая Далиева екінші перзентін дүниеге әкелді. Ақ халатты абзал жандар жас отбасының перзентті болуына себепкер атанды.
– Жыл сайын шілденің алғашқы жексенбісінде елімізде «Ұлттық домбыра күні» аталып өтеді. Осы мерекеде «Перзентхана» бөлімшесінде қыз бала дүниеге келді. Бүгінде анасы мен сәбидің жағдайы жақсы. Ұлттық мерекеде дүние есігін ашқан сәбидің бауы берік болсын! Отбасында қуаныш орнап, ерекше бақыт лебін ессін, – деді Дәуірхан Тағыбергенов.
Өз кезегінде Ұлмекен Жанәлиева қуанышқа кенелген отбасыға жылы лебізін білдірді.
– Дәстүр сабақтастығы жаңғырып, ұлттық мерекенің мән-мағынасы артып келеді. Республикада ұлтымыздың қасиетті аспабы кеңінен ұлықталды. Міне, бізде сәкендік отбасының шаңырығына жан қосылды. Кішкентай қызымыздың ұлы өнердің падишасы Дина Нұрпейісова секілді күйші болғанын қалаймыз. Қазақтың ұлттық өнерін жанына серік етіп, ата-анасының үмітін ақтауына тілекшіміз. Мереке мезіретін сезіндіру мақсатында сәбидің анасына домбыра сыйлаймыз, – деді Ұлмекен Жанәлиева.
Тағылымды іс-шарада ауданға белгілі жас өнерпаз Ербол Сағынбайұлы жиналған көпшілікке Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйін орындап берді.
– Біздің отбасымызда ерекше қуаныш орын алуда. Ұлым Жандос пен келінім Жансая қызды болуда. Шаңырағымыздың шаттығы «Ұлттық домбыра күні» мерекесімен тұспа-тұс келгеніне дән ризамыз. Немеріміздің есімін Диляра деп қойған едік. Кішкентай сәбиіміз өскенде даңқты күйшілердің ізбасары болуын армандаймыз, – дейді Мирамкүл Есекеева.
Балтабай ОРДАБЕКОВ