Көшеге есімі берілді
Шаған ауылында «Қызыл жұлдыз», «Ұлы Отан соғысы» ордендерінің, «Ерлігі үшін» медалінің иегері Әбдәмит Қосқановтың есіміне көше берілді. Көшенің және ескерткіш тақтаның ашылу рәсіміне ауыл әкімі Ұ.Абдраманова, ауыл ардагерлері, майдангердің ұрпақтары мен ауыл тұрғындары қатысты.
– Бұл мерекенің бәріміз үшін мәні айрықша. Өйткені біздің аталарымыз адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыста жеңіске жетті. Бір миллион екі жүз мыңнан астам қазақстандық майданға аттанып, оның жартысы елге оралған жоқ. Ерен ерлігі үшін 500-ге тарта отандасымыз Кеңес Одағының батыры атанды. Сондықтан 9 мамыр күні біз бүгінгі ұрпақтың бейбіт өмірі мен бақытты болашағы үшін жанын пида еткен ержүрек аталарымыздың рухына тағзым етеміз. Қажымас қайсарлықтың, ерен ерлік пен бекем бірліктің, Отанға деген сүйіспеншіліктің шынайы үлгісін паш еткен батырларымызды ұлықтаймыз. Бұл жеңіс ешқашан ұмытылмайды. Биыл Жеңіс күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев соғыста қаза болған үш майдангерге – капитан Александр Несмияновке, атақты мергендер Төлеуғали Әбдібеков пен Ыбырайым Сүлейменовке «Халық қаһарманы» атағын берді. Өкінішке қарай жыл өткен сайын майдангер қарияларымыздың қатары сиреп барады. Қазір Қазақстанда 400-ге жуық Ұлы Отан соғысы және 70 мың тыл ардагері бар. Біз батырларымыздың алдында әрдайым бас июге тиіспіз. Себебі бүгінгі тәуелсіздік тұғырының берік, ел еңсесінің биік болуы, мемлекетіміздің өркендеуі осы ержүрек аталарымыз сыйға тартқан Жеңіс күнінің жемісі деп білемін. Ұлы Отан соғысының ардагеріне мықты денсаулық, амандық, елімізге бақ-береке мен тыныштық тілеймін!, – деген ауыл әкімі Ұлбала Тұрғанбекқызы майдангер Әбдәмит Қосқановтың ерлік істерге толы өмір жолы көпшілікке үлгі-өнеге екенін атап өтті.
Мұнан соң ауыл ардагерлері, Ә.Қосқановтың ұрпақтары сөз сөйлеп, ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің ерлігі мен батырлығын мәңгі есімізде сақтап, оларды мақтан тұтатынын айтты. Мәні терең мереке күні бейбітшілік пен жақсылық, игілік пен бақ-береке тіледі.
Айту керек, Әбдәмит Қосқанов 1924 жылы Тереңөзек ауданына қарасты Шаған ауылында туған. Майдангер небәрі 17 жасында ел қорғау үшін өз еркімен соғысқа аттанған. Ол Тамбов қаласындағы екі айлық сержанттар курсынан өтіп, кіші сержант атағымен №303 әскери бөлімінің атқыштар бөлімшесінің командирі атанады.
– Ә.Қосқанов қатысқан алғашқы қанды шайқас, қырғын-қиямет «Курск-Орелск» аймағында болыпты. Бас көтертпейтін оқтар қатарын қанша сиретсе де, рухы мен тәні мықты жауынгерлер күші басым жауға төтеп беріп, әлсін-әлсін шабуылға шығып отырады. Шайқаста «Курск-Орелск» доғасын азат етіп, сол кездегі Польшаның Кенисберг қаласын жау қолынан босатады. Осы ерліктері үшін Әбдәмит Қосқанов «Қызыл жұлдыз» орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Сұрапыл соғыс жылдарында майдангер Украина мен Белоруссия майдандарындағы шешуші шайқастарда да жасындай жарқылдайды. Жау әскерінің қоршауында да қалып, қарша бораған оқтан Құдайдың құдіретімен аман қалады. Жеңіс күнін Берлин қаласынан 30 шақырым жерде қарсы алады, – дейді майдангердің өмірі туралы республикалық басылымдарға мақала жазған журналист Н.Дәуренбеков.
Майдангер соғыс аяқталғаннан соң бас штабқа әскери қызметке қалдырады. 1946 жылдың қыркүйек айына дейін әскери қызметін мінсіз атқарып, туған жеріне оралады. Елге келген соң бухгалтерлік курсты бітіріп, ауылда абыройлы қызмет атқарды. Шаруашылықта бас есепші, кадрлар бөлімінің инспекторы, партия ұйымының хатшысы қызметтерін барынша адал, жауапкершілікпен атқарды. Үлкенмен де, кішімен де тіл табысып, ауылға сыйлы, қадірменді азамат бола білді. Туған жерді түлетуге, өркендетуге өлшеусіз үлес қосты. Ауыр кезеңде, тоқырау заманнан елді аман алып қалды.
1952 жылы Ә.Қосқанов жары Гүлсерік Әлқазықызымен отау құрып, өмірге Жадыра, Мажыра, Нұржамал есімді қыздарды және Саламат атты ұлды әкелді. Бүгінде балалары – жоғары білімді, елге танымал азаматтар. Өз алдына отау құрғызып, немерелері мен шөберелерін көріп кетті. Қазір қыздары Жадыра мен Мажыра – бір-бір шаңырақтың ардақты отаналары. Кіші қызы Нұржамал – білікті адвокат, ал ұлы Саламат, немерелері Әкім, Адай – облысқа танымал заң саласының қызметкерлері. Елін сүйген азамат 1998 жылдың күзінде дүниеден өтті.
Шаған ауылының халқы Әбдәмит Қосқановты әрқашанда құрмет тұтады. Оның елге сіңірген еңбектері әлі күнге дейін халық жадында. Ұлы Отан соғысының ардагері, «Қызыл жұлдыз» және «Ұлы Отан соғысы» ордендерінің, сондай-ақ «Ерлігі үшін» медалінің, тағы да басқа марапаттардың иесі Әбдәмит Қосқановқа Шаған ауылында ескерткіші ашылып, көше атауы берілуі – ерлікке құрмет, елдіктің белгісі. «Жақсының аты өлмейді» деген халық даналығындай, Ұлы Отан соғысының батыры, еңбек ардагері Әбдәмит Қосқановтың азаматтық, ағалық бейнесі шағандықтардың мәңгі жүрегінде қалады.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ