Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қос шаруашылықта қарқынды тірлік

Қос шаруашылықта қарқынды тірлік

Бүгінде егін егу науқаны қызу жүріп жатыр. Мұндай шақта шаруаларға қолдау керек. Осыған орай аудан әкімі Мұрат Ергешбаев Қалжан ахун ауылындағы «БАҚ» және «Нұр­бек» шаруа қожалықтарының егістік алқаптарын аралап, еңбеккерлермен кез­десті. Шаруашылық төрағалары А.Құл­баев пен С.Әбжәлиев егін науқанында ат­қарылып жатқан жұмыстарды айтты.

Биыл қос шаруашылық 1000 гектар жерге күріш егуді жоспарлаған. Бүгінде Сыр дақылы саналатын күріш тұқымдары себілу үстінде. Сондай-ақ 154 гектар жерге жаңа жоңышқаны орналастырса, 312 гектар ескі жоңышқалық күтімге алынған. Бұл жұмыстарға шаруашылықтардың техникалары са­қадай сай дайындалған. Қазіргі таңда атыздықтарда қызу еңбек жүруде.

«Нұрбек» шаруа қожалығының төрағасы А.Құл­баев аудан басшысына биылғы жаңалықтарды жеткізді. Төраға шаруашылық жерлері жарты ға­сырдан бері тегістелмегенін атады. Соған байланыс­ты биыл қос шаруашылыққа бір-бір данадан «Claas» техникасы жер тегістеуішімен алынған. Аталған техникалармен ерте көктемнен жерді 0-дік деңгейде тегістеу жұмыстары жүргізілген. Соның нәтижесінде қос шаруашылықта 140 гектар жер тегістелген. Қазір науқандық жұмыстар басталып кетті. Бұл жұмыстар егін жиналып болғаннан кейін жалғасын тауып, 2-3 жылдың көлемінде барлық егістік тегістелмек. Оның мол өнім алуға және су көлемін 30-40 пайызға дейін үнемдеуге септігі зор.

Шаруашылық жерлерін аралаған аудан басшысы еңбеккерлердің атқарып жатқан жұмыстарына оң баға беріп, сәттілік тіледі.

– Сыр күріші – ел ырысы. Ырысты өлкеде егіннен тау тұрғызып, мол өнім алып жүрген сырдариялық диқандардың жыл сайын мерейі үстем болуда. Биыл да аудан еңбеккерлері қамбаны астыққа толтыратынына сенімдіміз. Бұл ретте Қалжан ахун ауылындағы шаруашылық еңбеккерлері сүбелі үлес қосатыны анық. Науқандық жұмыстарды сәтті аяқтауға тілек­теспін. Қырмандарыңыз таси берсін, – деді аудан әкімі.

Атап өту керек, биыл ауданда 32 228 гектар жер­ге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жос­парланған. Негізгі дақыл – күріштің көлемі 20 230 гектарды құрайды.


Ердос БЕРКІНБАЕВ
04 мамыр 2022 ж. 386 0