Жомарт жандар Рамазан қоржынын табыстады
Қасиетті Рамазан айында Сырдария аудандық мұсылмандар мешітінде жомарт жандардың қатысуымен "Рамазан қоржыны» қайырымдылық акциясы өткізілді.
Акция барысында мешіт жамағаты мен қайырымды жандардың, қолы ашық жомарттардың жиналуымен
100 отбасыға рамазан қоржыны табысталды.
Акцияға аудан әкімі Мұрат Ергешбаев қатысып: «Әлем мейірімділіктен тұратынын ескерсек, ауданымызда көптің алғысына бөленіп жүрген жандар жетерлік. Жомарттық – атадан келе жатқан игі дәстүріміз бен қазақы қасиетіміздің айқын белгісі.Ізгілікті іске ұйыған барша мейірімді жандарды, жәрдем ұсынған жомарт жүректі азаматтарды қасиетті Рамазан айында қайырымдылық танытып, мұқтаждарға сая болып, достық пейілдеріңізді танытқандарыңызға өз ризашылығымды білдіремін!», - деген ықыласын жеткізді.
Жалпы, Сырдария ауданы көлемінде 15 мешіт қызмет көрсетеді. Мешіт жанына жамағат топтасып, қасиетті Рамазан айында ауыз ашар беріп, сауапты істен құр қалмады.
Бұған дейін аудан көлеміндегі жомарт жанды азаматтармен 104 отбасыға 2 млн теңгенің азық-түлігі үлестірілген.
Бұл сауапты істерден аудан кәсіпкерлері де қалыс қалған жоқ. Белгілі кәсіпкерлер мен шаруашылық төрағалары қайырымды жандар қатарын үнемі толтырып келеді.
Ауданымызда қайырымды жандардың жылдан-жылға көбейіп келе жатқандығы қуантады. Мәселе барлығының бірдей қалталы болуында емес, олардың рухани жан-дүниелерінің баюында.
Осындай кішіпейіл де, қамқоршы, мейірімді жандары көп елдің еңсесі тіктеліп, ісі алға жылжиды.
Берекеміз тасысын, халқымыз молшылыққа кенелсін, ағайын!