Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 газет

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Алдымызда ауқымды атқарылар істер бар

Алдымызда ауқымды атқарылар істер бар

Аптаның сәрсенбісінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сырдария ауданына жұмыс сапарымен келіп, бірқатар нысандарды аралады. Сон­­­дай-ақ Тереңөзек кенті мен ауылдық округтерде жергілікті жұртшылықпен және аудан активімен кездесті.

Аймақ басшысы ең алдымен Ақжарма ауылындағы «Ақжарма және К» шар­уа қожалығының күріш ақтау цехының жұ­мы­сымен танысты. Тіректі ауылдағы 62 млн теңгені құрайтын жоба 2014 жы­лы шаруашылықтың өз қаражаты есе­бінен жүзеге асырылып, жұмысын бастаған болатын. Бүгінде цехта тәулігіне 60 тонна күріш ақталуда. Сонымен қатар өндіріс орнында 15 адам тұрақты жұмыспен қам­тылған. Бұл туралы облыс әкіміне аудан әкімі М.Ергешбаев пен «Ақжарма және К» шаруа қожалығының төрағасы Қ.Нұрсейітов кеңінен ақпарат беріп, ал­дағы жоспарларымен бөлісті.

Аймақ басшысы шаруа қожалығының мамандарына арналып салынған тұрғын үй құрылысымен де танысты. Әрбір үй­ге 10 млн теңге шамасында қаржы жұм­салғанын айтып өтуіміз қажет. Жалпы Сыр маржанын егіп, мол өнім алып келе жатқан шаруа қожалық ауыл эконо­ми­касының дамуына қаржылай қол­дау көр­сетіп келеді.

Облыс әкімінің сапары мұнан кейін Терең­өзек кентінде жалғасып, аудандық мәдениет үйінде аудан активі өтті. Актив жиынына зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, облыстық және аудандық мәс­лихат депутаттары, басқарма басшылары қатысты.

– Cұлу Сырдың бойында орналасқан Сырдария ауданы ақ күрішімен және оның маңайын мекендеген халықтың ты­ныс-тіршілігімен ерекшеленеді, – деді облыс әкімі жиында.

– Сырдария ауданының киелі топыра­ғында ақын Асқар Тоқмағамбетов, Әб­ділда Тәжібаев, жазушы Қалтай Мұхамед­жанов, батыр Нағи Ілиясов се­кіл­ді даңқ­ты тұлғалар туып-өскен. Тәуелсіздік жыл­дарынан кейінгі об­лыс­тағы алғашқы Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев Нағи Ілиясов ауы­лы­ның өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қо­­сып келеді. Бұл елді мекен Қазақ­стан­­дағы алдыңғы қатарлы ауылдар қатарында көш бастап тұр. Сырдария ауданы ауыл шаруашылығында әр­дайым озық көрсеткішімен көзге түсіп, жақсы жетістіктерге жетіп келеді. Бұл жергілікті халықтың еңбексүйгіштігі мен ауыз­біршілігінің еселі жемісі деп біле­мін. Халық өздерінің дәстүрлі мал жә­не егін шаруашылығымен айналысып, ата кәсіптен айнымай тіршілік етуде. Өткен жылы су тапшылығына қара­мастан ди­қан­дар жақсы нәтиже көр­сетті. Биыл да жоғары жетістікке жетуге барынша жұ­мыс жасау қажет, – деді аймақ басшысы.

Жүздесуде су тапшылығы жағдайы, осы ретте суды аз қажет ететін дақылдар көлемін арттыру мәселесі кеңінен айтылды. Биыл ауданда каналдар бойына орналастырылған 44 насос қондырғысы арқылы егінге су алынады деп жоспарлануда. Ендігі жерде олардың қатарын көбейтіп, вегетациялық кезеңде шаруа­шы­лықтар үшін көмек қолын созу үлкен міндет болмақ.

– Өздеріңізге белгілі, қазір елде дағ­­дарысқа қарсы кешенді іс-шаралар жос­пары қабылданып, экономикада, әлеу­меттік салада және ауыл шаруашы­­­лы­ғында бірнеше ауқымды бағдарла­ма­лар іске асуда. Аймақ экономикасын дамытуда атқаратын жұмыстар ле­гі жетер­лік. Әр ауданда шұғыл шешу­ді қа­жет ететін мәселелер де бар­шы­лық. Әрине, бүкіл проблеманы бір мезет­те шешу мүмкін емес. Барлығы бюд­же­ті­міз­дің мүмкіндігіне қарай ретте­леті­нін жақсы білесіздер. Әрбір ұсыныс-пікір мін­­детті түрде ескеріледі. Біз аудан орта­­лықтары мен ауылдарды дамытуға ерекше ба­сым­дық беретін боламыз, – деді облыс басшысы.

Кеңейтілген актив жиынында облыс әкімі Н.Нәлі­баев кейінгі жылдарда өңірде белең алған жер дауларына байланысты ой қоз­ғады. Бұл ретте әрбір ауылда егін өсі­румен айналысатын шаруашылық басшылары үлескерлердің мүддесін еске­ре отырып, жергілікті халықпен ақылдасып, кеңесіп, келісіп жұмыс жасауы тиіс екенін атап өтті.

– Жыл басында шаруашылық басшылары үлескерлерді жоспарымен хабардар етуі керек. Биыл не істейді? Қандай жобалары бар? Қанша гектарға күріш егіледі? Оған қанша шығын кетеді? Қанша өнім алу жоспарланып отыр? Осындай мәселелермен үлескерлерді таныстыруы керек. Бұл жөнінде оларға айтып жүрмін. Бұған дейін кейбірімен сөйлестім. Осындай проблема Сырдария ауданындағы бірқатар ауылдарда да кездеседі. Бұл мәселеде ашықтық пен жариялылық керек. Жылдың соңында шаруашылық басшылары тағы да елдің алдында есеп бе­руі тиіс. Сонда қазіргідей түсінбеушілік болмайды, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Жиын барысында аймақты газдандыру, оның ішінде ауылдарды көгілдір отынмен қамту мәселесі де сөз болды. Облыс халқын көгілдір отынмен қам­та­масыз етуде тиісті іс-шаралар атқа­рылып жатыр. Дегенмен әлі де көңіл көншітерлік емес. «Бозойдан» бастау алған газ құбыры облыстың барлық ау­да­нының үстінен өтеді. Өкінішке қарай, елді мекендерді газдандыру әлі де мардымсыз. Бұл жөнінен Атырау, Ақтөбе, Түркістан облыстары озық тұр. Аталған өңірлерде халықтың басым бөлігі табиғи газдың игілігін көруде.
– Сырдария өзеніндегі су деңгейінің төмендігі өзекті мәселеге айналып отыр. Қырғыз жеріндегі «Тоқ­тағұл» су қоймасы 19 млрд текше метр су жи­науға лайықталған. Қазір онда бар-жоғы 8 млрд текше метр су бар. Ал өз еліміздегі «Шардара» су қой­масында 5 млрд текше метр су болса, «Көксарай» су реттегішіндегі су деңгейі 700 млн текше метрді шамалайды. Біз биыл облысқа бөлінген лимитті алуға күш саламыз. Бұл мәселе Үкімет басшысының тікелей назарында, – деді облыс әкімі.

Актив жиынында аудан әкімі М.Ергешбаев ау­дан­ның негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері мен да­му барысы туралы баяндама жасады.

– Аудан экономикасы жылдан-жылға артып, аудан бюджеті 12 млрд теңге болып бекітілді. Есепті кезеңде кірістер көлемі 3 млрд теңгеге жоспарланып, 3,2 млрд теңгеге немесе 105,2 пайызға орындалды. Жылдың алғашқы үш айында ауданның өнер­кәсіп орындары қолданыстағы бағамен 2,4 млрд тең­генің өнімін өндірді. Жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайызға тұрақтады. Есепті кезеңде 541 жаңа жұмыс орны ашылса, оның 272-сі тұрақты жұмыс орны. Ағымдағы жылдың 1 сәуіріне тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъек­тілерінің саны 2473 бірлікті құрады. Жұмыс жасап тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъек­тілерінің саны 2332 бірлікті құрап, белсенділік көр­сеткіші 94,3 пайыз болды. Жыл басынан бері аудан бойынша мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында құны 907,0 млн теңгені құрайтын 63 жоба қаржыландырылды, – деген аудан әкімі ауданның ауылшаруашылық саласына бейімделгенін айтып, есепті кезеңде ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 1,3 млрд теңгені құрағанын жеткізді.

Жалпы ауданда мал шаруашылығында төрт түлік мал басы мен өндірілген өнім көлемінде де тұрақты өсім бар. 2021 жылы күріштен 134 мың тонна және картоп дақылынан 6,5 мың тонна өнім өндіріп, азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты, күріш, ет, сүт, картоп өнімдерімен Сырдария ауданы өз-өзін толықтай және Қызылорда қаласын ішінара қам­тамасыз етіп отыр. Сондай-ақ Әзірбайжан, Моң­ғолия, Түрікменстан, Украина, Эстония, Ирак, Ресей мемлекеттеріне 17,0 мың тонна ақ күріш экспортталды. 2022 жылы барлығы 32,0 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру межеленуде. Оның ішінде негізгі дақыл күріштің көлемі 20230 гектар.

– Жыл басынан бері «Қаз Агро Финанс» АҚ-нан лизинг және өз қаражаты арқылы барлығы 533,0 млн теңгеге 21 дана ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. «Егіс даласынан – дүкенге дейін» жобасы аясында ауданға қарасты Іңкәрдария ауылындағы егіншілікпен айналысатын ауыл тұрғындары кооперативке бірігіп, мамыр айында 15 гектарға картоп және қосымша 100 гектарға бақша дақылдарын егу жоспарлануда. Құрылыс жұмыстарының көлемі 493,0 млн теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 85,7 пайызға артқан. Есепті кезеңде 3,0 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы салынып, бұл жұмыстар 100,5 пайызға орындалды. 2021 жылы 11 елді мекенде 409,0 млн теңгеге үш бөлмелі 33 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, желтоқсан айында салтанатты түрде пайдалануға берілді. Сонымен қатар халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары және аз қамтылған отбасыларға ком­муналдық жалдамалы 36 пәтер 352,0 млн теңгеге республикалық бюджеттен сатып алынды, – деді М.Ергешбаев.

Қазіргі таңда ауданда екі нысанның құрылысы жүргізілуде. Атап айтқанда, орталық стадионға салынатын жаттығу және стритбол алаңы құрылысына облыстық бюджеттен 32,5 млн теңге қаржы бөлініп, қазіргі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары жүр­гізілуде. Келісімшарт сомасы 29,6 млн теңгені құ­райтын құрылыс жобасы шілде айында аяқталып, пайдалануға беріледі. Ал Бесарық елді мекеніндегі спорт кешені құрылысы бойынша құрылысты бас­тауға (жоба құны 381,3 млн теңге) 191,0 мың тең­ге бөлініп, құрылыс жұмыстары қолға алынған. Бұл құрылыстың ұзақтығы тоғыз айды құрайды. 2023 жылдың қаңтар айында құрылыс жұмыстары толық аяқталып, ел игілігіне пайдалануға беріледі деп жос­парланған.

– Ағымдағы жылы елді мекендерді аяқ сумен қам­­тамасыз ету мақсатында Іңкәрдария, Аманкелді, Же­тікөл, Айдарлы ауылдарындағы 5 каналға меха­никалық тазалау жұмыстарын жүргізу үшін облыс­тық бюджеттен 174 млн теңге қаржы бөлініп, тазалау жұмыстары жүргізілуде. «Қазсушар» РМК Қы­зыл­орда филиалы арқылы да 3 каналға тазалау жұ­мыстары жүргізілуде. Қосымша елді мекендерді қажетті насос қондырғыларымен қамтамасыз ету мақсатында биылғы жылы 22 насос құрылғыларына сұраныс берілді. Бүгінгі таңда насостар елді мекендерге жеткізілуде. Аудан бойынша автомобиль жолдарын жөндеуге 2022 жылға барлығы 1,2 млрд теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде «Қызылорда-Қоғалыкөл-Шіркейлі» автомобиль жолын, Бесарық ауылындағы 6 көше, Ақжарма ауылындағы 5 көше, Қоғалыкөл ауылындағы 2 көшені орташа жөндеу және Нағи Ілия­сов ауылындағы 11 көшені қайта жаңғырту жұмыс­тары жүргізілетін болады. Сонымен бірге Тереңөзек кентіндегі Б.Момышұлы көшесін орташа жөндеу және А.Әлиакбаров көшесіндегі қосқабатты көп пәтерлі 12 тұрғын үйдің ауласын абат­тандыру жұмыстарына облыстық бюджеттен 150,0 млн теңге бөлу туралы ұсынысымыз қолдау тапты. Тереңөзек кентінде жеке тұрғын үйлермен әлеу­меттік нысандарды газдандыру мәселесі 75 па­йызды құрап отыр. Қалған тұтынушыларды толығымен газбен қамту жұмыстары жүргізілуде. Ауылдық елді мекен­дерді газдандыру мақсатында Қалжан ахун, С.Сей­фуллин, А.Тоқмағамбетов, Шаған ауылдарына жо­ба­лық-сметалық құжаттамалар әзірленді. Бүгінгі таң­да аталған жобалар мемлекеттік сараптамадан өт­кізілуде. Аудан бойынша бірінші кезекте әуе желісін электрмен жабдықтау жұмыстары қажет ететін елді мекендерге Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді, Қоғалыкөл ауылдарына жобалық-сметалық құжаттамалар әзір­ленді. Қазіргі таңда мемлекеттік сараптамадан өткі­зілуде, – деген аудан әкімі аудандағы шешімін табуы тиіс негізгі проблемалық мәселелерге тоқталды. Оның ішінде мектеп құрылысы мен тұрғын үймен қамту мәселесін атап өтті.

Жиында зиялы қауым өкілдері Ибрагим Әби­бул­лаев, Алмагүл Божанова, «Мәді қажы» ЖШС дирек­торы Сейіткамал Сұлтанов агроөнеркәсіпті дамыту жөнінде ұсыныс-пікірін жеткізді. Ғасыр жасаған май­­дангер Яхия Тасыров халыққа ақ батасын арнады.

Облыс әкімі мұнан кейін Тереңөзек кентіндегі орталық стадион жұмысын көрді. Аумағы 656 шаршы метрді құрайтын орталық стадион өткен жыл­дың желтоқсан айында толықтай пайдалануға беріл­ген. Сондай-ақ енді аталған аумақта №11 Сыр­­дария ауданының олимпиадалық резервтің ма­ман­­дандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі­нің жаттығу және стритбол алаңы ел игілігіне айналады. Аймақ басшысы мердігер компания басшы­сына құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізуді әрі уақытылы аяқтауды тапсырды. Ал биік белестерді бағын­дырып, аймақ абыройын асқақтатып жүрген жас спортшылардың алға қойған мақсаттарына же­туі­не тілектестігін білдірді.

Ауданға жасаған жұмыс сапарында облыс әкімі Н.Нәлібаев Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиевпен және зиялы қауым өкілдерімен бірге Н.Ілиясов ауылына барып, еңбек ардагерлерімен, тұрғындармен кездесті. Ел­ді ауызбірлікке үндеп жүрген ақсақал Төребек Жұма­беков пен аудандық мәслихат депутаты Дархан Ералиев жанашыр азаматтардың еңбегін ерекше атап өтіп, облыс әкіміне сәттілік тіледі. Аймақ басшысы жаңарып, жайнаған іргелі ауылдағы спорт кешені, орталық аллея және музейді аралап көрді. Аудан әкімі М.Ергешбаев ауданның дамуында Н.Ілиясов ауылының алатын орны ерекше екенін атап өтті.
Негізі ауылды көркейту-көгалдандыру және абат­­­­тандыру шараларына «Абзал және К» толық серік­тестігі мен «Мағжан және К» серіктестігі демеушілік жасайды. Мұнда 20 мың шаршы метр аумаққа «Канн», «Петуния», «Авалон», «Катарнтус», «Пеларгония» гүлдері егілген. Ауылдық округте орналасқан 12 көше бойына 12 800 түп ағаш егіліп, күнделікті күтімге алынған. Олардың бабы мен тазалық жұмыстарына 30 адам жұмысқа тартылған.

Ауданға жасаған жұмыс сапарын қорытындылаған облыс әкімі аудан активіне маңызды тапсыр­малар беріп, ауданның макроэкономикалық көр­сет­кіш­­­терін жақсарту шараларын қабылдауды мін­дет­теді.



Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
30 сәуір 2022 ж. 416 0