Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ілкімді істер ілгерілетеді

Ілкімді істер ілгерілетеді

Жақында Сырдария ауданында өңір­лік коммуникация қызметі және аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен ай­мақтық БАҚ өкілдерінің қатысуымен баспасөз-туры өткізілді.
Ауданға сапар барысында аймақ журналистері кент орталығында ашылған «Айша» кондитерлік цехы­ның жұмысымен танысты. Жеке кәсіпкер Гүлжан Әбдіғаппарова 2010 жылдан бастап, аудан халқына кондитерлік өнімдерін ұсынып келеді. Өткен жылы өз бизнесін кеңейту мақсатында «Айша» кондитерлік цехын ашқан. Қазіргі таңда күніне 70-80 адамға қызмет ететін кондитерлік цех бірнеше адамды жұмыспен қамтыған. Сонымен бірге аудан халқын нан өнімдерімен қамтамасыз етеді. Жоғары сұранысқа ие тоқаш, торт өнімдерін өндіреді.
БАҚ өкілдері кентке қарасты О.Абдулпаттаев көше­сіндегі газдандыру жұ­мысымен танысты. Тереңөзек кентіндегі газ құбырлары және кварталішілік газ құ­бырлары құрылысы жөнінде аудандық тұрғын-үй ком­муналдық шаруашылығы, жо­лау­шылар көлігі жә­не автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ержан Бахтия­ров айтты.
– Тереңөзек кентіндегі газ құбырлары және квар­талішілік газ құбырлары құрылысы 6 учаскелік пунктке бөлінген. Орта қысымдағы газ құбырларын өткен жылы №2, №3, №6 учаскелерінде жүргізілсе, биыл №1, №4, №5 учаскелерінде жұмыс жасалып жатыр. Келісімшарт бойынша көгілдір отын тұрғындарға қыркүйек айында пайдалануға берілуі тиіс. Бүгінде жергілікті тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Осы күні кент бо­йынша 80 тұрғын үйге газ қазандығы қойылған. Ал өткен жылы бюджеттік 9 мекеменің қазандығы газ құбырына лайықтандырылса, биыл 11 мекемеде аталған жұмыс жүзеге асады, – деді бөлім басшысы.
Бұдан кейін БАҚ өкілдері жеке кәсіпкер Шағдат Қай­ран­баевтың автокөлік жөндеу орталығына барды. Кәсіпкер 2017 жылдан бастап шағын автокөлікке қо­салқы бөлшектер сататын дүкен ашып, кәсіпкерлікпен айналысуда. Өткен жылы мемлекеттік бағдарлама ая­сында автокөлік жөндейтін орталық ашты.

Қазіргі таңда автобөлшектер сататын дүкенде кө­лікке қажеттінің барлығын табуға болады. Мотор майларымен қатар, түрлі бөлшектер қолжетімді бағада сатылуда. Сонымен бірге тәулік бойы көлікті жөндеу, жуу, дөңгелек ауыстыру, желімдеу секілді қызмет түрлерін бірнеше маман атқарады. Сонымен қатар аймақ журналистеріне кенттегі С.Усабаев пен А.Әлиакбаров көшелерін бай­ланыс­тыратын «Майжарма» арнасына салынған көпір жайлы ақпарат берілді.

Баспасөз-туры барысында журналистер Ақжарма ауылына табан тіреді. Мұнда ең алдымен «Ақжарма және К» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Қожалық 2013 жылдан бастап кәсібін жандандырып, егін, мал, құс шаруашылығымен айналысып келеді. Кәсіпкер Қайрат Нұрсейітов басқаратын «Ақжарма және К» шаруа қожалығының күріш зауытында екі ауысым бойынша 20 адам жұмыс жасайды. Зауытта тәулігіне 60 тонна күріш ақталады.
Ауыл әкімі Ерлан Ешмұратов «Ақжарма және К» шаруа қожалығының жас мамандарға арнап салынған тұрғын үймен таныстырды. Жастардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында өткен жылы салынған үш тұрғын үйдің іргетасы көтеріліп, біреуі пайдалануға берілген. Жастар жылы аясында қожалықтың механизаторы Тимур Шайымовқа тұрғын үй кілті табыс етілген.

Аймақ тілшілері аудандық мәслихат депутаты Марат Бисенов басқаратын «Ақжарма-2» шаруа қожалығына да ат басын бұрды. Бүгінде шаруашылық ілкімді істердің басы-қасынан табылып, ауылды дамытуда тынымсыз еңбек етуде. Жастар жылы аясында өткен жылы жастар бригадасын құрды. Сонымен бірге Жастар аллеясы пайдалануға берілді. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізінен елді мекенге дейін 5 шақырым кіреберіс жолға 140 дана жарықшам орнатылған.
Ауылда жаңа емхана мен спорт кешені бой көтеріп, халықтың әлеуметтік тұрмыс жағдайы жақсару үстінде. Өткен жылы облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен «Үлгілі ауыл» конкурсында облыс бойынша тіректі елді мекендер арасында Ақжарма ауылы үшінші орынды иеленіп, 5 млн теңгенің сертификатын алған.

Балтабай ОРДАБЕКОВ 
18 ақпан 2020 ж. 795 0