Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Қазақтың қаһарман қызы» атты мерекелік концерт өтті

«Қазақтың қаһарман қызы» атты мерекелік концерт өтті

Көктемнің алғашқы күні Елордадан бастау алған Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойы бүгін Сыр өңірінде жалғасын тапты. Қызылорда қаласында Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында Қазақстанның Халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойына арналған «ҚАЗАҚТЫҢ ҚАҺАРМАН ҚЫЗЫ» атты мерекелік концерт өтті.

Бұл мерекелік концерт облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың концертті өткізуге келген еліміздің танымал өнер жұлдыздарымен кездесуімен басталды.

Аймақ басшысы Халық қаһарманы, қазақтың бұлбұлы атанған Роза Бағланованың ізін жалғап, әндерін насихаттауда өнер иелерінің айрықша орны бар екенін жеткізіп, ілтипатын көрсетті.

«Айтулы концертке қазақтың ән өнерін асқақтатып, ұлт мәдениетін көтеруге еңбек сіңіріп жүрген Өздеріңіздің қатысып, өнер көрсетулеріңіз Сыр жұртшылығы үшін үлкен мақтаныш деп білемін.

Бүгін Сыр елінде ән мен өнер мерекесі ғана емес, ұлт руханиятының жаңғырған күні десе болады. Өнер көшіндегі Сіздер тұрғанда ән падишасы, қазақтың қаһарман қызы Роза Бағланованың есімі ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса беретіні сөзсіз» - деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Концертте Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов, Сұлушаш Нұрмағанбетова, Алтынбек Қоразбаев, Гүлнәр Сиқымбаева, Жеңіс Сейдуллаұлы, Жеңіс Ысқақова, Игорь Благодарный, Айгуль Иманбаева, Асхат Үрпеков, Шаба, Нұрлан Албан, Бауыржан Исаев, Зарина Жакенова сынды әртістер мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық оркестрі өнер көрсетті.

Өнер майталмандары Нұрғали Нүсіпжанов, Алтынбек Қоразбаев пен Сұлушаш Нұрмағанбетова Роза Бағланованың өнер әлеміндегі қолтаңбасын сөз етіп, Сыр жұртының өнер иелеріне деген құрметі үшін алғысын жеткізді.

Мұнан соң, өңір басшысы ұлт өнерінің майталмандарына Сыр халқы атынан сый-сияпат жасап, құрметін көрсетті.

Айта кетейік, қазақ өнерінің біртуар әншісіне арналған бұл керемет ән кеші Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өтті.

Сыр өңірі – халық деген әр талантын төбесіне көтере алатын, ұлтым деген ұл-қыздарын ұлықтай алатын өрісті өңір. Оған осы мерейтойда куә болдық. Сыр топырағынан түлеп ұшқан өнер иесі, ән падишасы Роза Тәжібайқызының әндерін сағынған көрермендер өнер жұлдыздары мен концертті ұйымдастырушыларға деген құрмет қошеметін аямады. Ән кеші өте жоғары деңгейде өтті.
24 сәуір 2022 ж. 450 0