Білім мен тәрбиенің алғашқы баспалдағы
Қалжан ахун ауылындағы «Гүлдер» бөбекжай балабақшасының іргесі 1986 жылы қаланған. Көне ғимарат 2015 жылы күрделі жөндеуден өтіп, жаңа кейіпке енді. Балабақша 2018 жылдан бастап бөбекжай болып қайта құрылды. Соңғы төрт жылдан бері мұнда ауылдың 70 бүлдіршіні мектепке дейінгі біліммен және тәрбиемен қамтылуда.
Балаларды жас ерекшелігіне сай 3 топқа бөліп тәрбиелейтін балабақша ұжымында 12 педагогтың 2-еуі педагог-сарапшы, 3-еуі педагог-модератор біліктілігін алған. Мамандар мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына және мектепке тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасын іске асырады.
– Балабақшаның білікті педагогтары оқу жылында оқу қызметінің сапалы өтілуіне, режимдік сәттердің дұрыс сақталуына аса мән береді. Сонымен қатар денсаулық күндері дене шынықтыруға байланысты сауық кештері мен түрлі мерекелік іс-шаралар ұйымдастыру жоспарға енген. Тәрбиешілердің «Дене шынықтыру әлемінде» кеңейтілген оқу қызметі, «Денсаулықты сақтайық!» барлық топтың қатысуымен ұйымдастырылатын денсаулық күні, «Көңілді доптар» спорттық ойындар жарысы, «Ханталапай» ұлттық ойыны, «Болашақ шабандоздар» тақырыбындағы эстафеталық жарыстары жоғарғы деңгейде өтеді. Негізінен ауылдағы 2-5 жастағы бүлдіршіндердің балабақшадан жақсы тәрбие мен білім алуына жағдай жасалған, – дейді балабақша меңгерушісі Гүлмира Махамбетова.
Балабақша басшысының айтуынша, жылдық жоспарға сәйкес білім беру процесінің ашық көрсетілімі барлық тәрбиешілерге міндеттелген. Олар шығармашылық бағытында инновациялық технологияларды қолданып, балалардың шығармашалық қабілетін дамытады. Сондай-ақ «Таным» білім беру саласында жаратылыстану, математика негіздері оқу қызметі бойынша барлық педагогтың ашық оқу қызметтері жақсы бағаланған.
Жыл сайын балабақшада жыл мезгілдеріне сай мерекелік іс-шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылады. «Сары алтындай, жарқын күз!», Тәуелсіздік күніне арналған «Тәуелсіздік таңы неткен арайлы» тақырыбындағы апталық, «Кел, Жаңа жыл, жаңа жыл!» тақырыбындағы ертеңгілік, «Кел ортаға, жаттығайық, балақай!» таңертеңгі жаттығулар апталығының ашық көрсетілімі барлық топта өтеді.
Сонымен қатар «Өнерлі шеберлер» театр кейіпкерлерін жасау жолдарынан шебер сынып көрсетілімі, 8 наурыз аналар мерекесіне арналған «Анашым, ардақтым!» тақырыбындағы ертеңгілік, Ұлыстың ұлы күніне арналған сахналық қойылымдарға балабақша балақайлары қатысып, қызықты әрі әсерлі іс-шараның кейіпкеріне айналады.
Шығармашылық қабілет пен білікті педагогтардың кәсібилігі тәрбиеленушілерді жетістікке жеткізді. Атап айтар болсақ, биылғы оқу жылында Қызылорда облысының білім басқармасының Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай балабақша мен мектепалды даярлық топтар арасында «ЭкопроектОнлайн» облыстық шығармашылық байқауы өтті. Байқауға қатысқан балабақша тәрбиеленуші Айдын Жақсығали екінші орынмен марапатталды. Аудандық білім бөлімінің «Біз жеңістің ізбасарларымыз» атты жас суретшілердің сурет байқауында үздік өнер көреткені үшін Айсұлтан Төребек жүлделі екінші орын алды.
– Жаңартылған білім мазмұнымен, шығармашылықпен жұмыс жүргізетін, шебер, өз ісін жетік меңгерген тәрбиешіні анықтау мақсатында балабақшаішілік байқаулар өткізіліп тұрады. Тәрбиешілерге қазіргі озық технологияны оқу қызметтерінде қолдана білу талабы қойылады. Осы оқу жылының жоспарына сәйкес аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Ұлы даланың жеті қыры» тақырыбында семинар болды. Семинарға аудандық білім бөлімінің мамандары, балабақша меңгерушілері мен әдіскерлер, тәрбиешілер қатысты. Әріптестеріміз балабақша педагогтарының ұйымдастырылған оқу қызметтері мен ата-анамен жұмыс түрлерімен танысып, тәжірибе алмасты, – деді әдіскер Патыма Мықбаева.
Семинар барысында жүргізілген кіші «Ботақан» тобының тәрбиешісі Қ.Рахымбаева жаратылыстану оқу қызметі бойынша «Апорт алма», ортаңғы «Балапан» тобының тәрбиешісі К.Сәрсенбаева «Туған жерім – тал бесігім» ғылыми жобасын, ересек «Балдырған» тобының тәрбиешісі Ж.Таюпова «Ер қанаты – ат» тақырыбында ашық оқу қызметін жоғары дәрежеде өткізді. Музыка жетекшісі А.Әлімбетованың «Ұлы дала тарихына саяхат» қойылымы да қатысушылардың жақсы бағасын алды.
Педагогтарды аттестаттаудан өткізу бойынша 2021-2022 оқу жылында 4 тәрбиеші сарапшы, 3 тәрбиеші модератор біліктілік санатынан өткен.
Мектептің алғашқы баспалдақтарында баланы жеке адам ретінде қалыптастыруға, өзгелермен қарым-қатынас жасауға үлкен мән беріледі. Сондықтан балаларды оқу еңбегіне үйретуге, адамгершілік, эстетикалық, дене тәрбиесі мәдениетіне баулу тәрбиешілердің баса назар аударатын міндеті. Баланың жан-дүниесі балабақша қабырғасында қаланатындықтан «Гүлдер» балабақшасының ұжымы жемісті еңбек етуде.
Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ