Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Рақымшылық жасалды

Рақымшылық жасалды

«Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 2021 жылғы 7 желтоқсанда қабылданды.

Жалпы рақымшылық – қылмыстық жазаны жұмсарту немесе жазасын өтеуден босату. Бұл заң бұзған азаматтарға қатысты ізгілік актісі, мемлекет тарапынан мейірімділік пен сенім білдірудің көрінісі болып саналады. Кінәсін мойындау арқылы рақымшылық жасалмайтынын ескеру керек.

Рақымшылық аясында қылмыстық жауаптылықтан, негізгі жазадан қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес қылмыстар жасаған адамдар, залал келтіруге әкеп соқпаған ауырлығы орташа қылмыстар жасаған не оны толық өтеген немесе олар бойынша азаматтық талап қойылмаған адамдар, залалдың немесе азаматтық талаптың болуына қарамастан ауырлығы орташа қылмыс жасаған әлеуметтік жағынан осал адамдар босатылады.

Сырдария аудандық сотында Қызылорда облысы бойынша өңірлік палатасының жеке сот орындаушысының сотталған А-ға қатысты «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сот үкімімен тағайындалған жазадан босату туралы ұсынысы қаралды.

Сотталған А. Сырдария аудандық сотының 2021 жылғы 26 тамыздағы үкімімен Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 296-бабының
2 -бөлігімен кінәлі деп танылып, 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 72 925 (жетпіс екі мың тоғыз жүз жиырма бес) теңге айыппұл жазасы тағайындалған.

Қызылорда облысы бойынша өңірлік палатасының жеке сот орындаушысы сотқа ұсыныс жолдап, А-ға
жоғарыда көрсетілген Заңды қолданып, оған тағайындалған жазадан босатуды сұраған.

Сот, ұсыныс бойынша жинақталған құжаттарды жан-жақты объективті түрде зерттеп, жеке сот орындаушының, сотталғанның түсініктемелерін, қорғаушы мен прокурордың өтінішті қанағаттандыруды сұраған пікірлерін тыңдап, ұсыныс келесі негіздермен қанағаттандырылуға жатады деген тоқтамға келеді.
Аталған заңның 2-бабы бірінші тармағының 1) тармақшасына сәйкес қылмыстық теріс қылықтар жасаған адамдар қылмыстық жауаптылықтан немесе негізгі жазадан босатылады.

Сот қаулысымен Қызылорда облысы бойынша өңірлік палатасының жеке сот орындаушысының ұсынысы қанағаттандырылып, сотталған А. «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 2-бабы бірінші тармағының 1) тармақшасының негізінде жазадан босатылды.

Сырдария аудандық сотының баспасөз қызметі

30 наурыз 2022 ж. 474 0