Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Алтын сақа – Шаған» – саналы ұрпақ ордасы

«Алтын сақа – Шаған» – саналы ұрпақ ордасы

Ел Президенті биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялағандықтан ау­дандық басылым балабақшалар жұмысын ақпараттандыруды бастаған болатын. Газетіміздің бүгінгі санында Шаған ауылындағы №14 «Алтын сақа – Шаған» балабақшасының жұмысы туралы айтатын боламыз.

Аудандағы ең үлкен елді мекен сана­латын Шаған ауылының орталы­ғын­да ор­наласқан №14 «Алтын сақа – Шаған» ба­лабақшасының іргесі 2009 жылы қа­ланды. Ел тәуелсіздігінің мерейлі мерекесі қарсаңында есігін айқара ашқан балабақша типтік жоба бойынша салынған. Бүгінде ауыл бал­ғын­дарының мектепке дейінгі оқу-тәр­биесін қам­тамасыз етіп келеді. Мұнда тәрбиешілер тәр­биеленушілердің сауа­тын ашып, хат тануына, өнер мен білім алуына жағдай жасайды. Бәсекеге қабі­леттіліктің көрсеткіші – бі­лім мен ғылым­ның негізін қалайды.

Еңселі қос қабатты ғимарат алыстан мен­­мұн­далайды. Айналасы жасыл желекке оранған, тазалығы мен абаттандырылуына көз тоятын балабақша ұжымын білікті педагог, тәжірибелі ұстаз Майра Әбілбекқызы бас­­қарады.
– Шаған ауылының 90 балдырғанын жас ерекшеліктеріне қарай 4 топқа бөліп, күні бойы олардың жақсы тәрбие мен білім алуына 19 педагог жұмыс жасайды. 1 кіші, 2 ортаңғы, 1 ересек топ бар. Типтік жобада салынған балабақшада барлық жағдай жасалған. Бірінші қабатында 2 топ, асхана, аяжан, кір жуатын бөлмесі орналасқан. Екінші қабатта 2 топ, мең­геруші бөлмесі, әдіскер, психолог, ән-әуез залы және спорт залы бар. Ауладағы ойын алаңы, спорт алаңы соңғы үлгімен жабдықталған. Балабақша ғимараты шағын бу қазандығымен жылы­тылады. Арнайы бөлмелер қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бала­бақша – негізінен 2-5 жас аралығындағы ба­лаларға арнал­ған бөбекжай. Қазіргі заман талабына сай оқу-білім беру жүйесінде құрылған. Балабақша тәрбиешілерінің мақ­саты – туған жерін, халқын сүйетін, тарихын, мәдениетін, әдет-ғұрпын біле­­­­тін ұр­пақ­ты тәрбиелеп шығару, – дейді балабақша мең­герушісі.

Балабақша меңгерушісінің айтуынша, қа­зір­гі таңда әлем жұртшылығының назарын аударып отырған мәселе – инклюзивті білім беру. Мұндай білім беру үрдісі балалардың жеке сұраныстары мен өсіп отырған ортаның, отбасының қатысуымен ерекшеленеді. Сон­дық­тан осындай талап-тілекті ескерген мем­лекет 2020 жылдан бастап бөбекжайға дефектолог-логопед маманын берді. Арнайы жабдықталған кабинетте балалардың дұрыс сөйлеу, тіл мүкістігін алдын алу, түзеу бо­йынша күнделікті маман жұмыс істейді. Бұл жаңашылдық дефектолог маманды қажет ететін әрбір тәрбиеленушілермен жеке дара жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

– Жыл сайын аудан балабақша­лары­ның арасында аудандық семинар ұйым­дас­тырылады. Біздің балабақшада өткен жыл­дың қараша айында «Мектепке дейінгі ұйымдарда денсаулық, білім беру саласы. Балалардың денсаулығын нығайту және фи­зио­логиялық дамуы үшін күн тәртібі ке­зін­де дәстүрлі емес әдістерді пайдалану» тақырыбында аудандық семинар өтті. Семинарда тәр­биешілер өзара тәжірибе алмасып, ашық оқу қызметін көрсетті. Тақырыпты сан түрлі қырынан ашуға тырысқан педагогтар тәрбиеленушілердің өнерге, спортқа деген қызығушылықтарын, білімге деген талпыныстарын көрсетті. Жоғары деңгейде өткен семинарға атсалысқан тәрбиешілер арна­йы «Алғыс хатпен» марапатталды, – дейді балабақша басшысы М.Әбілбекқызы.

Балабақшаға келген әрбір бүлдіршін кү­ні бойы уақытын тиімді әрі пайдалы өт­кізуі тиіс. Бұл үшін тәрбиешілер күнделікті жоспарға сәйкес оқу қызметін, сайыстар мен кездесулер өткізеді. Сондай қызықты өткен іс-шараның бірі – «Біз ептіміз» атты эстафеталық жарыс. Жарысқа балғындар өз отбасыларымен қатысып, отбасылық ынтымақтастық үйлесім тапты. Сонымен қатар «Сиқырлы математика әлемі» байқауы математикалық сауаттылық апталығының жұмыс жоспары бойынша ұйымдастырылды. Жас ерекшеліктеріне сәйкес квест ойыны­на қатысқан балалар әрбір тапсырманы мұ­қият, әрі қызығушылықпен орындады. Аталған апталық аясында кіші топта қимыл­ды ойындар мен дидактикалық ойындар өтті. «Сиқырлы орманда»тақырыбымен өт­кен іс-шарада тәрбиешілер ата-аналармен жұмыс үлгісін көрсетті.

– Ауылдағы ең іргелі балабақшаға балаларымды әкелгеніме біршама уақыт болды. Қазір алды мектепке барды. Көпбалалы ана ретінде ауылда осындай балабақша болғаны қуантады. Аналарға жасалған көмек. Жасы екіге толған балаларды да қабылдайды. Бала бақшада балалар арнайы білім алып, өнерге үйренеді. Уақытылы демалып, тамақтанады. Балаларым күн сайын балабақшаға асығып тұрады. Тәрбиешілердің жұмысына ризамын. Ата-аналармен байланыс жақсы жолға қойылған. Күнделікті жетістіктерді айтып, ертеңгі күні баланың қуана қайта келуіне ықпал етеді, – дейді ауыл тұрғыны Шолпан Ақбаева.

№14 «Алтын сақа – Шаған» балабақша­сы мемлекеттік бюджеттен қаржылан­ды­рылады. ҚР Мемлекеттік жалпыға білім бе­ру стандарты талабына сай жұмыс жасайды. Ұжымдағы тәжірибелі тәрбиешілер С.Сей­далиева, А.Рау­шанова, А.Ізтілеуова, А.Смай­лова жас кадрлардың жұмысына қол­дау білдіріп, ағалық қамқорлық танытудан жалыққан емес. Жыл сайын балабақша тәрбие­шілері республикалық, облыстық бі­лім беру қызмет­керлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтына жібері­ліп отырылады.

Шағандық балғындардың білім мен тәр­бие мекеніне айналған «Алтын сақа – Шаған» балабақшасында ел ертеңі – бола­шақ саналы ұрпақ өсіп келеді. Оларға білікті тәрбиешілер саналы тәрбие беріп келеді.

Бибісара ЖАНӘЛІ 
16 сәуір 2022 ж. 735 0