Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№100 газет

21 желтоқсан 2024 ж.

№ 99 газет

14 желтоқсан 2024 ж.

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » «Қызылдиқандағы» қызу еңбек

«Қызылдиқандағы» қызу еңбек

Жексенбінің таңында аудандағы іргелі шаруашылықтардың бірі – «Қызылдиқан» шаруа қожалығына бардық. Мақсатымыз – шаруашылықта атқарылып жатқан жұмыстармен танысу және егінге дайындық барысын көру. Күні бұрын келісіп қойғанбыз. Сол келісім бойынша шаруа қожалық төрағасы Алданберген Құлбаевпен бірге егістік басына жол тарттық.

Күндіз-түні жер тегістелуде

«Шағырлы» участогіне қарай «Нивамен» зырғып келеміз. Көлік тізгінінде шаруашылықтың орталық қырман мең­герушісі Сайфулла Анасов. Ал жан-жақты бағдарлап келе жатқан А.Құл­баев егістік басына баратын жолды осыдан 40 жылға жуық уақыт бұрын сал­дырғанын айтты. Содан бері осы жол арқылы диқандар ризық-несібесін елге тасуда екен.

Участокке жетемін дегенше шар­уа­шылық төрағасы қожалықтағы атқа­ры­лып жатқан жұмыстарды жеткізді. Оның ішінде биылғы жаңалықтарымен бө­лісті.

– Ата кәсіп болған егін егу ісінде жа­уапкершілік аса қажет. Жерді бап­тай білсең ғана, алтын күзде егінді мол аласың. Сондай-ақ тынбай ең­бек еткеннің мерейі үстем болады. Сон­дықтан көктемде егінге дайын­дық­ты ерте бастап, жерді күріш егуге әзір­леп жатырмыз. Біздің биылғы жа­ңа­лығымыз шаруашылыққа екі «Cla­as» тракторын жер тегістеуішімен алдық. Шаруа қожалықтың жері жарты ғасыр бұрын тегістелген. Содан қазір атыздар біртегіс емес. Осыны ескеріп, нау­­рыз айынан бастап күндүз-түні жер тегістеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, – дейді Алданберген Құлбаев.

Осы жаңалықты естігенше атызды айналып жүрген техникалардың қа­­сына келдік. Шетелдік қуатты техника. Со­қамен айдалған жерді айналып, теп-тегіс етуде. Бұл жұмысқа ме­ханик Қасым Қожанов жауапты. Жер­дің 0-дік деңгейде тегістелгенін арна­йы құ­рылғымен бақылап тұр. Ал қос тех­никаның бірін механизатор Жасұлан Нұ­­рымбетов, екіншісін Руслан Бисембаев тізгіндеген. Оларды түнгі кезекте Әбсадық Маханов пен Хайролла Нұр­болатұлы ауыстырады. Осылайша, күндіз-түні жер тегістелуде.

– Енді бір 10 күннен кейін Сыр да­қылын егуге кірісеміз. Соған дейін 100-дің үстінде гектар жерді тегістеуге тапсырма берілді. Осылайша көктем және күз айларында жаңа техника­мен атыздықтарды тегістеп алатын боламыз. 2-3 жылдың көлемінде шаруа­шылықтағы барлық жер теп-тегіс болады. Мұның егіннің бітік шығып, мол өнім алуға септігі зор. Тегіс жерден диқанның да еңбегі қайтады, – деді егістік басында шаруашылық төрағасы.

Механик Қ.Қожанов та бұл жерлер­дің біраздан бері тегістелмегенін атады. Алғашында қиындық тудыр­ғаны­мен, кәнігі мамандардың тынымсыз ең­бе­гімен атыздар біртегіс болып жатқа­нын айтты.

Айта кету керек, қазіргі таңда ше­­­­­­­т­елдік қос техниканы тізгіндеген меха­низаторлар білікті бригадир Кенже Айт­баевтың бригадасындағы диқан­дарға бө­лінген жерлерді тегістеу үс­тінде.

Сапарымыз «Шағырлы» участогынан кейін аудан орталығының солтүстік-батыс беткейіндегі «Қызылтамыр» учас­­тогында жалғасын тапты. Мұнда ша­руашылыққа тиесілі 30 гектар жердің тұзын шаю жұмыстары жүргізілуде екен. Бри­гадир Нұрсұлтан Мусаевтың бригадасы осындағы атыздарға екі қайтара су жіберіп, тұзданған жерді егін егуге дайындауда. Шаруашылық төрағасы А.Құлбаев «Кей жерлер тұзданып, сорланып кетеді. Сол атыздарды суға тол­тырып, тұзын шаю жұмыстарын жүр­гіземіз. Бұл тәжірибеде бар. Жер кепкен соң тұқым орналастыратын боламыз» дейді.

Шаруашылық жұмысы әртараптандырылуда

Түске таман шаруа қожалықтың қыр­манына келіп тоқтадық. Мұнда да қы­зу еңбек. Бригадир Данияр Мусаев бастаған шаруашылық қызметкерлері үл­кен көлемдегі кірпіш (ракушка) құю жұмыстарын жүргізуде.

– Қазіргі жағдайды көріп отырмыз. Біз өнім, өндіріс бойынша сыртқа тә­уелділіктен арылуымыз керек. Соның сал­дарынан қазір баға бағамында тұ­рақтылық жоқ. Судың да жағдайын бі­ліп отырмыз. Сондықтан біз тек егін егумен ғана айналыспай, шаруашылық жұмысын әртараптандыруға көңіл бө­лудеміз. Сол мақсатта осы жұмысты қолға алдық. Өнімді, өндірісті өзіміз өндіріп, өңір халқын қажеттіліктермен өзіміз қамтуымыз қажет, – дейді А.Құл­баев.

Үлкен көлемді кірпіш құюға арнайы құрылғы алынған. Қажетті қиыр­шық тас­­тары мен цементі де түсі­ріліп берілген. Бұл жерде құрылыс қой­ма­шысы Асылбек Қожахметов, маман­дар Серік Маханбетов, Болатбек Ізті­леуов, Бүркіт Айтбаев, Бексұлтан Төребе­ковтер еңбек етуде. Бригадир Д.Му­саев­тың айтуынша, күніне 250 дана кір­піш, 34 дана бағана (стойка) құяды екен.

– Біз егістік жерді жыл сайын ағаш ба­ғаналармен қоршаймыз. Олар кейде сынып қалады, кейде шіріп кетеді. Соның салдарынан егінге мал түседі. Осыны болдырмау үшін өткен жылы Шымкенттен мықты бағаналардың әр данасын 1200-ден алдырдық. Ал биыл­ғы бағасы 4000 теңге болыпты. Содан оны сатып алмай, мықты бағана құюға арналған темірден 34 қалып жасаттық. Қазір күн сайын 34 данадан бағана құ­йы­лып жатыр. Осылармен егістік жер­лерді қоршасақ, қоршауымыз ұзақ уа­­қыт тұратын болады, – деді шаруа­шы­лық төрағасы.

Мұнан бөлек шаруашылық тарапынан бақша дақылдарын егу жұмыстары да жүргізілуде. Сонымен қатар алдағы уақытта балық шаруашылығын дамыту жоспарланған. Одан бөлек тағы басқа да жобаларды жүзеге асыруды қолға ал­мақ.

Осылайша жексенбідегі жарты күні­мізде «Қызылдиқандағы» қызу тірші­лікпен таныстық. Қазіргі таңда шаруа қожалық еңбеккерлері күріш егуге дайындықты үдеткен. Айдың үшінші онкүндігінде Сыр салысын орналастыра бастайды. «Көктемнің бір күні жылға азық» екенін білетін қызыдиқандықтар биыл да мол өнім алып, межеден асуға үмітті.

Ердос БЕРКІНБАЕВ
12 сәуір 2022 ж. 447 0