ШАЛҚАЙЫП ЕЛДЕН СҰРАҒАНША, ЕҢКЕЙІП ЖЕРДЕН СҰРА
Әнеугүні егінжайдан хабар алу үшін Қалжан ахун ауылындағы «БАҚ» шаруа қожалығына барған едік. Бұл жолы таңертеңгісін Шағанға бет алдық. «БАҚ»-қа барғанда дельталетпен гербицид себіліп жатқан. Ал «Шаған Жер» ЖШС (төраға Бердібек Қадіров) үстеп қоректендіру жұмыстарын жүргізіп жатыр екен.
Егістік ауылға жақын жерде. Осы уақытта жыл сайын үстеп қоректендіру жұмыстары жүргізіледі. Соған орай біз де қайнаған қызу еңбектің үстінен түстік. Мұнда таң қылаң бергеннен «Ан-2» ұшағы ұшып, «карбамид» тыңайтқышы себілуде. Ұшу алаңынан серіктестіктің бас агрономы Әбдікәрім Серікбаевты жолықтырдық. Істің адамы «ә» дегеннен шаруашылықтың қызу тірлігін айтып берді.
– Биылғы жылы 2800 гектар жерге дән септік. Елдің ризық-несібесін егіп болған соң оның бап-күтіміне кірісіп кеттік. Қазіргі таңда егінді үстеп қоректендіру жұмыстары жүруде. Бұл күріштің бітік шығуына әсер етеді. Бұйырса, жылдағыдай қамбаны қызылға толтырамыз деген ниеттеміз, – дейді бас агроном.
Серіктестік күріштен бөлек 150 гектар жерге бүркеме бидай, 200 гектарға жаңа жоңышқа, 1400 гектар жерге ескі жоңышқа еккен. Бұл жұмыстарды шаруашылықтағы 250-ден аса жұмысшы атқарып келеді. Қазір 9 бригада егілген егіннің күтімін жасауда.
Сұхбат барысында Әбекең серіктестіктегі егінжай ерлерін, майталман механизаторларды атап өтті. Мәселен, диқан Жамбыл Тәуекелов, Аман Мыханов, Айдос Қынтаев, Талғат Смайылов, Берік Оспанов, Қанат Айтжанов егіннің әр гектарынан мол өнім алып келеді. Ал механизатор Әбдіғаппар Мырзаханов, Сейітмұрат Жолдыхожаев, Молдабек Момынов, Абай Еркесариевтің күрішті орып, бастыруда еңбегі зор. Сондай-ақ Қазыбек Уәлиев, Ермек Балықбаев астық тасымалын қамтамасыз етуде. Күні-түні тынбай жүрген еңбек адамдары шалқайып елден сұрағанша, еңкейіп жерден сұрағанды құп көреді. Сол үшін де майдай терін төгіп, білек сыбана тіршілік қамын жасауда.
Сәті түскенде біз үстеп қоректендіру жұмыстарын көзбен көруді жөн көрдік. Сөйттік те арнайы бункерге 1 тонна тыңайтқыш салынған ұшаққа міне кеттік. Тегіс ұшу алаңына келіп, гүрілдеген дауыс күшейді. Ұшақ орнынан жылдам қозғалып, әуеге қалықтай ұшты. Көкке көтеріліп, егістік тұсына келді. Атыздықтар құдды бір бәрін өлшеп қойғандай тіктөртбұрышты күйде қатар жатыр. Жерде үлкен болып көрінетін егістік алқап төбеден қарағанда кішірейіп қалғандай. Жалпы ауыл үстін айналып, ұшқыштар екі-үш айналымда тонна тыңайтқышты егістікке сеуіп тастады. Осы сәтте қолдағы фотоаппаратпен сәтті кадрларға үлгіріп қалдық. Жерге қайта қондық. Көкке қалықтағанның әсері бөлек болды. Ал егінжай ерлері мұндайға үйреніп кеткен екен.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ