Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Резервшілерге қызметтер ұсынылуда

Резервшілерге қызметтер ұсынылуда

Мемлекет басшысының жас әрі талантты кәсіпқойларды мемлекеттік қызмет жүйесінде ілгерілету мақсатында елімізде Президенттік жастар кадрлық резерві қалыптастырылды. Резервті қалыптастырудың негізгі міндеті – қоғамдық мүдделерді басшылыққа ала отырып, еліміздің дамуына өзгерістер енгізгісі келетін «жаңа формацияның көшбасшыларын» іздеу болып табылады.

Мемлекет басшысының тапсырмасын сапалы іске асыру мақсатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен 2019 және 2021 жылдары резервке іріктеу жұмыстары жүргізіліп, алғашқы кезеңде 300 адам, екінші кезеңде 50 адам резервшілер қатарына алынды. Аталған доданың екінші іріктеуінде республика бойынша 8 638 адам құжат тапсырса, Қызылорда облысынан 435 азамат үміткер ретінде қатысқан.
Іріктеу кезеңдерінің нәтижесімен жерлесіміз Қызылорда облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аймақтық даму бөлімінің бас инспекторы Асылхан Сүйіндіков жүзден жүйрік шығып, резервке енген болатын.

Осы ретте, өңірімізге «жаңа формацияның көшбасшыларын» іздеу мақсатында Қызылорда облысы әкімдігі және ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті республика бойынша тіркеуде тұрған резервшілермен онлайн форматта кездесу өткізді.
Кездесу барысында Қызылорда облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Ерлан Бәкіров облысымыздағы лауазымды қызметтер, оның ішінде облыстық құрылыс басқармасының басшысы, мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы сынды қызметтерге келу туралы ұсыныс жасады.

Кездесуге қатысқан резервшілер ұсынылған қызметтерге байланысты өз ойларымен бөлісті. Мамандықтары біліктілік талаптарына сәйкес келген жағдайда резервшілердің конкурссыз негізде қызметке тағайындалатындығы назарларына жеткізілді.



Жасұлан ШЫНТАСОВ,
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басқарма басшысы
01 сәуір 2022 ж. 399 0