Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жастарды қолдаудың жарқын бастамасы

Жастарды қолдаудың жарқын бастамасы

Тәуелсіз елімізде жастарды қолдау ба­ғы­тында кешенді іс-шаралар қабылданып, нақты жұмыстар жүргізілуде. Президенттік жастар кадрлық резерві жобасы бүгінде жастарды қолдаудың жарқын бастамасы ретінде өз тиімділігін дәлелдеп үлгерді. Қазіргі таңда аталған жобаға кезекті рет іріктеу жұмыстары ұйым­дастырылуда.

Президенттік жастар кадрлық резерві Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамасымен ел басқару ісіне таңдаулы жастарды тарту мақсатында қолға алынды. Былтыр бұл жобаға еліміз бойынша 13 мың азамат қатысып, 300 жас іріктеліп алынды. Озық ойлы, бәсекеге қабілетті жастармен кездесуде ел Президенті жоба жас буын өкілдерінің жауапты қызметке келуі үшін жасалып отырған игі бастама екенін ерекше атап өткен болатын.

«Билік пен халық ара­сындағы өзара сенімді кү­шей­ту – маңызды міндет. Осы­ған орай, «Халық үніне құ­лақ асатын мемлекет» тұжы­рым­дамасы қолға алынды. Мемлекетті басқару жүйе­сін жаңғырту мақсатында ау­қым­ды реформалар жүзеге асырылуда. Мұның бәрі жаңа кезеңге қадам басқан Қазақ­станның игілігі үшін жасалуда. Білімді әрі талапты азаматтарға үлкен үміт артамыз. Мен Президенттік жас­тар кадрлық резервіне қаты­сушылар арқылы елімізде патриоттардың жаңа буыны қалыптасады деп сенемін. Сіздер егемен еліміздің жастарына ұлтжандылықтың, отаншылдықтың озық үлгісін көрсетулеріңіз керек» деген еді Мемлекет басшысы Ақордада өткен алқалы жиында.

Дана халқымызда «Қатарыңның алды бол» деген баталы сөз бар. Бұл игі тілек жастарға ерекше рух беріп, жігерлендіру үшін айтылатыны белгілі. Былтыр жобаның іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен жастар шын мәнінде, өз қатарластарынан оза білді. Бірақ, кадрлық резервке өту дегеніміз жоғары лауазымды қызметке орналасу ғана емес. Бұл – ұлт үшін, ел үшін, халық үшін аянбай тер төгу деген сөз. Мұны облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова да атап өтті.

«Қай заманда болмасын қоғамның қоз­ғаушы күші – жастар дейміз. Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де зияткер жастардың қолында. Биыл – ел Тәуелсіздігіне 30 жыл! Тәуелсіздігімізбен бірге дүниеге келген жастардың өзі бүгінде Отанымыздың өрлеуіне, өсіп-өркендеуіне еңбек етуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай осы жылдың қыркүйек айы­­нан бастап Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу жүруде. Қорытындысы бо­йынша мемлекеттік сектор үшін 50 резервші іріктеледі. Президенттің 2021 жылғы 18 мамырдағы №580 Жарлығымен белгіленген талаптарға сәйкес, іріктеуге 35 жастан аспаған, жоғары білімі және кемінде 5 жыл жұмыс өтілі бар, сондай-ақ, мемлекеттік тілді орташа деңгейден төмен емес деңгейде білетін Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Резервте болу мерзімі 3 жылды құрайды. Резервшіні бос мемлекеттік лауазымға тағайындау құзыреттер жиынтығы ескеріле отырып және Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссияның ұсынымы бо­йынша конкурстан тыс тәртіппен жүзеге асырылатын болады. Тәуелсіз еліміздің одан әрі нығайып, дамуына үлес қосуға дайын және қабілетті барлық азаматтарды, Сыр жастарын Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеуге қатысуға шақырамыз» деді аймақ басшысы әлеуметтік желідегі жеке парақшасында.

Иә, ХХІ ғасырдағы Қазақстанды биік белестерге білімі озық, ойы ұшқыр жастар бас­тауы керек. Президенттік жастар кадрлық резервінің басты мақсаты – мемлекеттік аппаратты жетілдіру және басшылардың жаңа буынына жол ашу. Осы ретте, аталған жоба туралы қажетті ақпараттармен pkrezerv.kz сайтынан танысуға болатынын атап өту керек. Аудан жастарын ел болашағы үшін маңызды жобаға қатысуға шақырамыз.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Сырдария аудандық мәслихатының депутаты
21 қыркүйек 2021 ж. 382 0