Құрметке бөленген бақытты ана
Оқушы кезімізде Бақыт апайға шашымызды алдыруға тырысатынбыз. Өйткені, шебер шаштараз шашымызды сәнді қиятын. Жасымыз алпыстан асса да Бәкеңе әлі де шашымызды алдырамыз. Апай үлкенге де, кішіге де ілтипатты. Өз кәсібін шексіз сүйетін жан. Кеңес Одағы тұсында аттай 28 жыл аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатында шаштараз болып еңбек етті. Болмысынан белсенді, қарапайым жан өзінің жігерлігі мен ұқыптылығының арқасында еңбегімен еленіп, көптің құрметіне бөленді.
Қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан Бақыт Байжүнісова бірнеше рет поселкелік кеңестің депутаты, аудандық партия конференцияларына делегат болып сайланды. Облыстық партия комитетінің мүшесі болды. Екінші бесжылдықтың тапсырмалары мен социалистік міндеттемелерді орындауда қол жеткен табыстар үшін «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен марапатталды. Бұл оның өз мамандығының шынайы шебері, қоғамдық жұмыста белсенді болғанын дәлелдейді.
1985 жылы Б.Байжүнісова аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болып сайланды. Бұл партияластарының оған деген үлкен сенімі болатын. Ал Бақыт Әбдірашқызы болса әрдайым сенім үдесінен шығып отырды. Комбинатта Бәкең бастауыш кәсіподақ, партия ұйымдарын басқарды. Өз ісімен көпке өнеге болған жан шаштараздардың облыстық байқауына қатысып, бірнеше жыл қатарынан шаш сәндеу бойынша байқау жеңімпазы атанды. Озат шаштаразшының іс-тәжірибесі облыс бойынша үлгі етіліп, насихатталды. Арнайы плакаттар, үнпарақтар шығарылып, облыс аумағына таратылды. Әріптестері қызыға қарап, үлгі тұтқан Бақыт Әбдірашқызы – аудандық басылымның штаттан тыс тілшісі болып та қалам тербеген жан. Қолы қалт еткенде әріптестерінің жетістіктері, комбинаттың жаңалықтары туралы газетке танымдық, тартымды мақала жазатын. Бұл қабілет Бәкеңнің бойына комбинатқа келгенше 1967-1971 жылдары аудандық баспаханада еңбек еткен жылдары ұялаған болуы керек.
Елімізге нарықтық қатынастар еніп, 1999 жылы комбинат тарағаннан кейін «жұмыссыз қаламын» деп Бақыт Әбдірашқызы уайымдаған жоқ. Жеке кәсібіне сенді. №36 орта мектептің бір бөлмесін жалға алып, кент халқына шаштараздық қызмет көрсетті. Сөйтіп, ауданда кәсіпкерліктің дамуына өзіндік үлес қосты.
Ауданда Әбутәліп Есенов пен Бақыт Байжүнісованың отбасы – өнегелі, құтты шаңырақтың бірі. Ағамыз аудан мектептерінде 40 жылдан астам ұлағатты ұстаз болды. «Әйел – шаңырақтың құты, бағы, берекесі» дейді халық даналығы. Бақыт апамыз мейірімді, бауырмал, сондай ізгі қасиетке балаларын да баулыған. Кәсіпкерліктің алғашқы әліппесін анасынан үйренген Расул Әбутәліпұлы – бүгінде облысқа белгілі азамат, меценат, облыстық мәслихаттың депутаты. Ол қайырымдылық жасаудан алдына жан салған емес. Бұл да ата-анасының баласына дарытқан шапағаты. Кіші ұлы Серікбол да ауданда кәсіпкерліктің дамуына белсенді атсалысып келеді. Әбутәліп аға мен Бақыт апаның немересінің алды Фархат бүгінде шаңырақ көтеріп, кәсіпкерлікпен айналысып, ұрпақтар сабақтастығын лайықты жалғастырып келеді.
«Бәрін айт та, бірін айт» дегендей, жасы 70-ті дөңгелентіп, кейуаналыққа бет бұрған Бақыт апамыз әлі де қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, кәсіпкерлігін де қоса атқарып жүр. «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігі Сырдария аудандық филиалының жақында өткен ұйымдық жиынында Бақыт Байжүнісова аудандық басқарманың мүшесі болып сайланды. Өйткені, белсенді жан кезінде комбинатта бастауыш ұйымды басқарып, мемлекеттік тілдің ауданда белсенді жүргізілуіне лайықты үлес қосқан болатын. Қашан көрсең де мейірбан, бауырмал қалпынан танбайтын ардақты анаға мереке күні зор денсаулық, қажымас қайрат тілейміз.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ,
ардагер-журналист