Сенаторлар Сырдария ауданына жұмыс сапарымен келді
Сырдария ауданына ҚР Парламент Сенатының депутаттары М.Бақтиярұлы мен А.Әлназарова арнайы жұмыс сапарымен келді.
Жұмыс сапары алдымен аудан орталығында орналасқан «Углесбыт» ЖШС-нің ғимаратында болып, шаруашылық басшыларымен кездесті.
Кездесуде көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы мен шаруашылық төрағаларының ұсыныс - пікірлері тыңдалып, егістікті әртараптандыру, субсидия төлеу, ауыл шаруашылығы техникалары, су лимиті, каналдар қазу техникаларына субсидия қарастыру және тыңайтқыштар бағасын тұрақтандыру жөнінде мәселелер талқыланды.
Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев Сырдария ауданына арнайы келген халық қалаулыларына елдегі шаруалардың басты мәселелерін көрсете отырып, аудан көлеміндегі шаруашылықтардың бірінші кезекте су лимитін бекіту, соған сәйкес егіс көлемін нақтылау бойынша ұсыныстарды жеткізді.
Іс-сапар одан әрі Шіркейлі ауылдық округінде жалғасып, апатты жағдайда тұрған амбулаториялық медициналық бекетпен танысты. Халық қалаулылары медициналық ғимаратты қайта күрделі жөндеудің қажеттілігі мен оған қаржы бөлу бойынша, бұған дейін берілген ұсыныстарды назарда алатындарын айтты.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі