Жемқорлықтың зардабы көп
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауында қылмыспен, сыбайлас жемқорлықпен күресудің өзектілігі айтылып келеді. Президент «Сыбайлас жемқорлықпен тиімді күресті жалғастыру қажет» деп атап өтті.
Бүгінде Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жалпы мемлекеттік мәртебе берілді. Оған қарсы күрес мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде белгіленген. Сыбайластық көріністерін болдырмау мақсатында қоғамдық-саяси күштермен бірлесе отырып, кең ауқымды жемқорлыққа қарсы науқан жүргізілуде.
Елімізде 2015 жылдан бастап жемқорлыққа қарсы жаңа стратегиясы қалыптасқан. Соған орай процессуалдық заңнамаға көптеген түзетулер енгізілді. Сыбайластық сипатындағы құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік қатаңдатылды. Жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық жасағаны үшін жұмыстан босатылған адамдарға мемлекеттік органдарда қандай да бір лауазымды атқаруға өмір бойына тыйым салынды. Сондықтан осындай заңсыз әрекетке баратындар барлық артықшылықтардан мүлде айырылатынын әркез естен шығармағаны абзал.
Сыбайлас жемқорлықпен күресудің нәтижелі болуы үшін адамдардың санасында оның кез келген түріне мүлдем төзбеушілік қағидасы тұруы тиіс. Сыбайластық сипатындағы құқық бұзушылықтың зардабы адамның өзіне ғана емес, ұрпағына да зардабын тигізетіні есте болсын.
А.ХАБИЕВА,
аудандық қазынашылық басқармасы басшысының
орынбасары