Тапсырмаларды орындауға тиянақтылық қажет
Қазақстан үшін сыбайлас жемқорлықты жеңу – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі. 2020 жылдың 1 қыркүйгінде Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, судьялардың, пара берушілердің және парақорлыққа делдал болғандардың сыбайлас жемқорлығы үшін жазаны қатайту тұрғысынан Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізу керектігін айтты.
«Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасағандарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату шарасы қолданылмайды. Жемқорлықпен ұсталғандардың мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуіне өмір бойы тыйым салатын қағида қатаң сақталуы керек» деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Қазақстандағы экономикалық модернизация және ауқымды әлеуметтік қайта құрулар жағдайында мемлекеттің заманауи әлеуметтік-экономикалық саясатымен тығыз байланысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұтас стратегияның қажеттілігі айқындала түсуде. Осыған байланысты 2014 жылғы 26 желтоқсанда Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған жаңа сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы бекітілді. Стратегияның мақсаты – мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыру, «нөлдік» төзімділік атмосферасын және сыбайлас жемқорлықтың кез-келген көрінісін қалыптастыру және Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету арқылы бүкіл қоғамды парақорлыққа қарсы қозғалысқа тарту болып табылады.
Біз елдің азаматы ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрудың барлық жолын жасауға міндеттіміз. Осы ретте аудандық қазынашылық басқармасы сыбайластыққа қарсы күреске ерекше назар аударады. Жемқорлық көріністерінің алдын алу және оны болдырмау бойынша шаралар қабылдануда. Мекеме қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру тұрақты негізде жүргізілуде.
Қызметкерлеріміздің моральдық-адамгершілік қасиеттерін жақсарту мақсатында профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде ұйымдастыруда. Сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша бейне материалдар көрсету, осыған қатысты құқық бұзушылықтар мен қылмыстар жасауға байланысты заңнаманың ережелерін түсіндіру секілді ауқымды істер атқарылуда. Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлық көріністеріне орын болмауы керек.
Айгүл Хабиева,
Сырдария аудандық қазынашылық басқармасының басшы орынбасары