Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 38 газет

14 мамыр 2024 ж.

№ 37 газет

11 мамыр 2024 ж.

№ 36 газет

07 мамыр 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » Партияластарымызды бірлесе еңбек етуге шақырамын

Партияластарымызды бірлесе еңбек етуге шақырамын

Партияның әрбір мүшесі съезді асыға күткені белгілі. Өйткені Партия Төрағасы Қ.Тоқаев еліміз үшін аса маңызды саяси-экономикалық өзгерістер мен партияны жаңғыру жоспарларын жариялады. Бұл алдағы уақытта атқарылатын істеріміздің негізі болмақ. Осы ретте жетекші партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Еркебұлан Жақыппен сұхбаттасқан едік.

– Еркебұлан Төлепбергенұлы, сұхбатымызды партияның қоғам өмірінде алатын орнынан бастасақ.

– Өзіңізге белгілі, саяси жүйеде рөлі мен маңызына сәйкес партиялардың іргелі орын алатыны халықаралық саясатта кеңінен мойындалған. Осыдан бірнеше ғасыр бұрын партиялар билікке келу және сайлауда жеңу үшін адамдардың бір мақсатқа бірігуінен пайда бола бастады. Содан бері партия мемлекеттік саясаттың негізгі ұйымдастырушы факторына айналды. Яғни, саяси партиялар азаматтық қоғам, мемлекет ішіндегі мүдделер мен топтардың, мүшелердің арасындағы маңызды көпір. Дегенмен, партиялар туралы да көзқарастар сан қырлы. Бір топтағылар партияны демократияның тетігі деп жақтаса, екіншілері биліктің халықты өзіне бағынышты етудің құралы деп те даттайды. Партиялардың үлкен құрылымға айналуы қоғамда пайда болған жаңа талаптарды уақтылы қанағаттандыра алмағандықтан көп сынға да ұшырауда. Сондықтан да партиялар қоғам талабына сәйкес жаңғыртылып отыруы заңдылық.

– Кешегі съез ел күткендей жаңалықтарға толы болды деп санайсыз ба? Ең маңызды жаңалықтармен бөліссеңіз.

– Әрине, кеше көптеген өзгерістер енгізілді. Мемлекет Басшысы әрі партия төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлының қатысуымен өткен Съездің тарихи мәні зор десек артық айтқандық емес. Съезге деген қоғамның қызығушылығы өте жоғары болды. Бүгінгідей қоғамның жүйелі өзгеруі жағдайында халық тағы қандай жаңашылдық болады деп күткені түсінікті. Бұл орайда, Президент айтып өткендей, Жаңа Қазақстан құру үрдісін әркім өзінен бастауы керек. Бұл ретте, партия тарапынан жасалған алғашқы қадам – ребрединг болды. Яғни, бұдан былай партияның жаңа атауы – «Аманат» болады. Бұл халқымыз үшін қастерлі ұғым. Бұл – бабалардың кешегі өсиетіне, халықтың бүгінгі сұранысына, ұрпақтың ертеңгі бағдарына деген адалдық. Десе де, бұл қадам – тек партия атауын өзгерту емес, бұл оның тұтас жұмыс жүйесін жаңарту. Яғни, партияны басқаруды орталықсыздандыру, жергілікті жерлердегі ұйымдардың рөлін күшейту, партия ішіндегі бюрократияны жою, сондай-ақ, ішкі кадрлық құрам сапасын арттыру міндеттері тұр. Ең бастысы – тарихи Съез Жаңа Қазақстан мүддесі үшін жұмыс істейтін қатары қалың партия жақтаушыларының рухын көтерді деп сенемін. Ал сайлаушылар үшін – қоғамның өзекті мәселелерін шешуде халықты билікпен жалғайтын алтын көпір болары анық.

– Енді жетекші партияны жаңғырту жұмыстарының маңызы жөнінде айтсаңыз.

Негізі партия барлық реформаға ұйытқы болуға тиіс. Ол үшін өзгерістерді ең алдымен өзімізден бастауымыз керек. Сондықтан заман, қоғам, адам өзгеріп жатқанда партияның да өзгеруі, жаңаруы заңдылық. Бұл – уақыт талабы. Осыған орай саяси ұйымның атауын «Аманат» деп өзгерту ұсынылды. Бұл еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де айрықша мәні бар киелі ұғым. Ендеше ел аманатын бірге арқалап, бірге ақтайық! Бұл ретте біздің күш-жігеріміз, әлеуетіміз, мүмкіндігіміз жетеді деп сенемін! Партиямен бірге өзіміз де жаңғырып, жаңарып, жаңа заман талабына сай жұмыс жүйесін өзгертейік! Түйіндей айтқанда, партия атауының өзгеруіне келер болсақ, бұл халықтың, оның ішінде партия мүшелерінің ұсынысы негізінде жүзеге асқанын атап өткім келеді.

– Демек, депутаттарға да жаңа міндеттер мен талаптар жүктеледі. Бұл туралы Партия төрағасының ұстанымы қандай?

– ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халық қалаулыларына халықтың сенімді қарым-қатынасын қалыптастыру қажеттігі туралы айтты. Расында да халықтың Үкімет мүшелері мен әкімдерге деген сенім мәселесін көтеру керек. Барлық деңгейдегі партия депутаттарының рейтингтері, ең алдымен, дайындалған есептерге емес, нақты істерге, азаматтардың мәселелерін шешуге негізделуі тиіс. Бұл туралы бүгінгі жиында кеңінен айтылды. Енді депутат әріптестеріміздің жауапкершілік аясын кеңейту үшін фракция депутаттарының арасынан кураторларды бекіту қажеттігі туындайды. «Жақында Мәжіліс депутаттары өңірлерді аралап келді. Мен бұл жұмысты бақылап отырдым, олардың жұмысында жаңа стиль, жаңа мазмұн пайда бола бастады, бұл қазірдің өзінде көрініп тұр. Ресми отырыстар аз болды, сайлаушылармен тікелей байланыс көп болды. Депутаттар жергілікті жерлердегі азаматтардың нақты мәселелеріне ене бастады. Мұндай тәсілді барынша нығайтып, дамыту қажет» деді Партия Төрағасы.

Негізі «Аманат» атауы жақсы таңдалды. Осы туралы ойыңызды білсек.

– «Аманат» сөзі құндылықты көздің қарашығындай қорғап, аман сақтап, иесіне тапсыру дегенді білдіреді. Халқымыз «Аманат – молшылық әкеледі, қиянат – жоқшылық әкеледі» дейді. Сондықтан да «аманатқа қиянат жүрмейді» деп оған асыл қасиеттің бірі ретінде қараған. Билік пен халық арасындағы, адамдардың арасындағы бір-біріне деген сенімді арттырады. Аманатқа қиянат – иманға, өзінің сеніміне қиянат жасау деген де сөз. Аманат жоқ жерде айтылған сөзге де, берілген уәдеге салғырттық болуы ықтимал. Осы тұрғыдан келгенде партия өз атын үлкен жауапкершілікпен «Аманат» атандырып отыр. Ендігі жерде өз сенімін аманат етіп отырған халықтың үмітін ақтау сынынан сүрінбей өтуге жазсын!

– Партияластарыңызға басқа да айтарыңыз бар ма?

– Қай партияның болса да мақсаты бірігу, жасау, жеңіске жету. Бүгінде азаматтармен тікелей байланыс жасайтын мемлекеттік органдарының, соның ішінде әсіресе құқық қорғау құрылымдары жұмысына «қызмет көрсету моделін» кең көлемде енгізу шаралары қабылдануда. Халықпен кері байланыс орнату тетіктері қайта пысықталуда. Мәслихаттардың да жұмысын барынша ашық форматқа ауыстыру қолға алынуда. Бұлардың барлығы мемлекет жұмысын «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы «азаматтардың мәселесін шешу» санатымен кеңейте түсудің алғашқы қадамдары. Біздің партияның әрбір мүшесі осындай жаңалықтардан тыс қалмайда, елдің дамуына ерекше белсенділікпен атсалысады деп сенемін. Партияластарымызды бірлесе еңбек етуге шақырамын.

Сұхбаттасқан Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ

02 наурыз 2022 ж. 473 0